«БИЗНЕСТЕ БӘРІМІЗ ДЕ БІРДЕЙМІЗ»
Мемлекет басшысының тапсырмасымен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламалары жүзеге асып, мыңдаған бизнес иесінің ісін дамыта түсуге мұрындық болды. Бұдан басқа да кәсіпкерлікті қолдау бағытында көрсетілген көмек аз емес. Өткен жылы жарияланған мораторийдің арқасында бизнес өкілдері жұмысын алаңсыз өркендетті.
Ешуақыт нәсілге бөлінбей, барша жұртқа құшағын кеңінен жайған елімізде өзге ұлт өкілдері де кәсібінің нәсібін көріп келеді. Естеріңізде болса, осыдан бір-екі жыл бұрын Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының Әлеуметтік жауапкершілігіне арналған форум өткен болатын. Онда Ассамблея төрағасының орынбасары — Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың айтуынша, шетелдің ірі инновациялық жобаларын, технологияларын Қазақстанға алып келуде этно-мәдени орталықтарды әбден пайдалануға болады. Сондай-ақ, ол халықаралық деңгейдегі қарым-қатынастар үшін де этно-мәдени орталықтардың пайдасы көп екенін атап айтты. Білуімізше, шетелдің ірі инновациялық жобаларын, технологияларын елге енгізуде де, атыраулық этно-мәдени орталықтардың белгілі бір дәрежеде үлесі бар.
Мысалы, Махамбет ауданы Бейбарыс селолық округіндегі Виктория Ким бастаған шаруа қожалығы өз қаржысына тұрғызған жылыжайды іске қосып, алғашқы өнімін берді. Стратегиялық маңызы зор ел көлеміндегі экономикалық өрлеу бағдарламасына өзінше үлес қосып отырған нысандар да біздің аймақта аз емес. Инновациялық жобалармен қатар, жеке ісін Атыраудан ашып, кәсібінің жемісін көріп жүрген өзге ұлт өкілдері көбейіп келеді.
Мәселен, «Эртри» ЖШС-нің директоры Олег Тасуньян мұнайлы өлке нарығына 1992 жылы келді. Алғашында шағын кәсіпкерліктен бастаған ол бүгінде жеңіл өнеркәсіпті қолға алды. Арнаулы киім мен аяқ киімді «Эртри»-ден ғана алып келетін мекемелер Атырау мен Ақтау қалаларында аз емес. Нарықтағы жоғары бәсекелестікке қарамастан тұрақты тұтынушыларын тауып үлгерген серіктестік басшысы елімізде өзге ұлт өкілдеріне бизнесін дамытуға еш кедергі жоқ екендігін атап көрсетті. Оның үстіне, мемлекеттік бағдарламалармен жеңілдіктер ұсынуда да кәсіп иесінің ұлтын ешқашан бөле-жара қараған емес.
— Әрине, бүкіл әлем алға жылжып келеді. Біз де сол үрдістен қалмауға жұмыстанамыз. Мемлекет бізге көмек көрсетуден ешқашан қашқан емес. Әсіресе, отандық өндіріске ерекше назар аударылуда. Ең бастысы, біз бейбіт елде тыныштықта жанымыз қалайтын іспен айналысып, жемісін көріп жатырмыз. Ұлтым армян болса да, Атырауда өскендіктен өзімді осы аймақтың байырғы тұрғыны ретінде сезінемін. Менің ендігі арманым – Қазақстанда ұзақ әрі тыныштықта өмір сүру,-деді бізбен әңгімесінде Олег Григорьевич.
Ал, Валентин Ли «Лисервис» ЖШС-інің негізін осыдан он екі жыл бұрын қалады. XEROX көшірме аппараттарына техникалық қызмет көрсететін фирманың тізгіні бүгінде Вячеслав Тяньның қолында. Бір кездері шағын ғана дүкен ретінде ашылған жекеменшік нысан қазірде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік болды. Вячеслав Петрович әрқашан өзін өзге ұлт өкілі емес, осы елдің азаматы ретінде санап келгенін жасырмады. Өйткені, фирманы ашқан Валентин Ли Құрманғазы ауданында, ал, өзі Атырау қаласында туып, өскен.
— Бүгінгі күні В.Ли зейнет жасына жетуіне байланысты құрметті демалысқа шықты. Сол істі әрі қарай жалғастыру үшін жұмыс жасап жатырмыз. Рас, ірі кәсіпорынға айнала қоймағанымызбен тұрақты клиенттеріміз келіп тұрады. Қай уақытта да бізге өзге ұлт өкілі деп қараған емес. Бәріміз бірдей деңгейде мемлекеттік көмекті пайдаландық. Еліміздегі барлық мерекелерді дәстүрлі түрде ұжымымызбен атап өтеміз, – дейді В.Тянь.
Иә, тізбектей берсек, Атырау өңірінде өз бастамасын қолға алып, сол арқылы табысқа кенеліп отырған кәсіп иелері жетіп артылады. Бір ерекшелігі, басқа ұлт өкіліне бизнесін өркендетуге ешқандай шек қойылмаған. Тіпті, мемлекет басшысы бір сөзінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметіндегі салтанатты-қолданбалы қиғаштықтан бас тартуы қажет! Бүгінде бүкіл Қазақстан халқы жаңғырту, болашақтағы инновациялық индустрияландыру және технологиялық серпіліс идеясының айналасына топтасқан. Қазақстанның этно-мәдени орталықтары осы идеяға белсенді түрде атсалысуы қажет» деп қадап айтқан болатын. Демек, осы тұрғыда этно-мәдени бірлестіктер де бір кісідей атсалысып, экономиканы қарыштатуға өз үлесін қосқаны абзал.
Айбөпе САБЫРОВА.