Бізді қуантқан қадам
Елбасының жыл сайынғы Жолдауында тұтастай білім саласына, соның ішінде педагогтар мәртебесіне қатысты мәселелер де ұдайы қозғалады. Бұл жылы да дәстүрлі үрдіс өз жалғасын тапты.
Таяуда Жолдауды жүзеге асыру аясында кейбір облыстарда педагогтар мен дәрігерлерге және полицейлерге «7-20-25» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна төмендетілетіні туралы да мәлім болды. Бұл біздің өңірімізде де жүзеге асырылса, сала мамандары үшін үлкен көмек болары анық.
Сол секілді тұтастай ұлт болашағын қалыптастыратын педагогтар мәртебесі – өте маңызды фактор. Елбасы өз Жолдауында келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажеттігін атап өтті. Ол мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері үшін тиімді қадамдарды қарастыруға, жүктемелерді азайтып, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтыны айтылды. Шынында да, бұл жағдай бүгінде өзекті мәселенің бірі. Ендігі кезекте ондай кемшіліктерге жол берілмейтіндігі ұстаздардың көңілінен шығып отыр.
Президент тапсырмасына орай, ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі туралы», оқушы және мұғалім жүктемесін азайту мәселесіне қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Заңдарының жобаларын әзірлеуде. Арнайы құрылған жұмыс тобы министрлік, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары педагогтарын, мемлекеттік органдардың өкілдерін және ата-аналарды әзірленіп жатқан заң жобаларын талқылауға белсенді қатысуға шақырады. Бұл да өз кезегінде тиімді шешім шығаруға бағытталған нақты қадам екені сөзсіз.
Өз кезегінде Елбасының орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеу туралы пікірі жас ұрпақтың болашағын айқындауға жол ашады. Ол оқытудың жеке бағдарын жасауға, оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екенін атап өтті. Бұл ұстаздар қауымына үлкен міндеттер жүктейді. Оқу-ағарту саласының бүгінгі күн талаптарына толықтай сай болуы басты талаптың біріне айналды. Сондықтан осы бағытта біз нәтижелі жұмыс атқаруға күш салатынымыз анық.
Гүлшат ХАСАН,
И.Тайманов атындағы орта мектептің директоры,
Атырау қаласы.