Жарнама
Саясат

БІЗ ЕНДІ «НҰР ОТАННАН» КӨМЕК КҮТЕМІЗ!»

 Басқа аймақты білмедім, нақ біздің Атырауда қаны тамып тұрған мәселенің бірегейі — баспана. Қоғамдық қабылдауға келген оннан астам адамның бәрі де осы мәселеге бас ауыртып отыр. Айталық, Гүлбаршын есімді жас келіншектің қолында 2007 жылы туған аурулы қызы бар. Өзі халықтың әлеуметтік жағынан қорғалатын табысы аз қамтылған тобының тізіміне тіркелген. Қазіргі кезек саны — 1744. Өмірде не болмайды? Орталарындағы сәбилері аурулы болған соң ері бұлардан кетіп қалыпты. Енді тек мемлекет қамқорлығына сенім артқан Г.Таңатарова: «Кезегім қашан жетеді, ең болмаса жатақханадан бір бөлме берілсе ғой!» — деп армандайды. Осындай ойын жолдасы өмірден өтіп, екі бірдей баламен жесір қалған келіншек Зәмзәгүл Бектұрғанова да жеткізді. Оның қазіргі кезегі үш мыңнан асып жығылады екен.

«Бәрі де өз кезегімен болады. Кезектен тыс пәтерлі боламын демеңіздер! Күтіңіздер!» деген жауапты көп балалы ана Айжан Дощанова, 68 жастағы Жаңылсын Сағындықова, Сара Бағытқалиқызы, Лиза Саламатовалар естіді.Ал,ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға мемлекет тарапынан айтарлықтай жеңілдік бар. Осындай жастар — Кенжебек Рахманов пен Диана Көшекбаева пәтер кезегінде бірі — жеті, екіншісі сегіз жылдан бері тұрып келеді екен. Қазір кезектері едәуір жақындап қалған. Жыл соңына қарай олар өздерінің баспаналы болатындарын естіп, қуанып тарқасты.

Жолдасы өмірден озған, «Алтын алқа» иегері Забира Зейнеденова бюджет саласы қызметкері ретінде тұрғын үйге мұқтаж отбасы болып, 2010 жылдың соңында ғана тіркеліпті. Бүгінгі кезек саны — 4174. Әрине, мұның жуық арада келер түрі жоқ. Сондықтан, «Нұр Отан» партиясы кеңесшісі Мақсат Ислат Забираның жұмыссыз жүрген ұлын қызметке орналастыруды өз қолдарына алатынын айтты.

Қабылдауға келген Әсел Сүйеуова да осыдан төрт жылдай бұрын бюджеттік сала қызметкері ретінде пәтер алушылар кезегіне тіркеліпті. Әселге Марта Нәсіпқызы: «Орталарыңда екі сәбилерің бар екен әрі жастарың да сәйкес келеді. Сол себепті «Жас отбасы» бағдарламасын пайдаланыңыздар» деген кеңес берді.

Ботагөз Құмарғалиева 2012 жылдың қарашасында қала әкіміне арыз жазып, өзін пәтер алушылар кезегіне қоюын сұраған. Осы арызына қала әкімінің орынбасарынан жауап хат та алған. Осы жолы ол сол арызына нақты жауап алуға келіпті. Тұрғын үй секторы меңгерушісінің міндетін атқарушы М.Нұрғалиева оның пәтер кезегіне тұрушылардың ешбір санатына жатпайтынын айта келіп, «мүмкін бюджет саласына жұмысқа орналасарсыз, сонда кезекке тұра аласыз» деген жауабын берді.

Ал, өзін «полиция қызметкері Мереке Қартбаевтың зайыбымын» деп таныстырған жас келіншек 2012 жылдың 6 тамызында қолдарына пәтер кілті берілгенін, бірақ, содан бері екі жылдай уақыт өтсе де, ешқандай жаңалық жоқтығын айтты. Бұл отбасы пәтер кезегіне 2010 жылдың басында тұрыпты, қазіргі кезек саны -1938. Өкінішке орай, кезінде пәтер кілтін қолдарына ұстап, үйге кіре алмай қалған адам аз емес боп шықты. Дегенмен, ол кісілердің бәрі де бүгін-ертең емес, тек кезегі келгенде ғана алатын болды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button