
Бітімгерлік миссия нәтижесінде тұрақтылыққа жол ашылды
Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісім – бүкіл өңір үшін тарихи оқиға. Бұл құжат тек қана екі елдің арасындағы жиі қайталанатын әскери жанжалдарға нүкте қоюмен шектелмейді, сонымен бірге Кавказ аймағында тұрақтылық пен өзара сенімнің жаңа кезеңін бастауға негіз қалайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келісімді тарихи жетістік деп атауы – орынды әрі уақтылы баға. Шынында да, мұндай келісімге келу оңай болған жоқ. АҚШ Президенті Дональд Трамптың бітімгерлік рөлі ерекше атап өтуге тұрарлық. Оның саяси ықпалы мен келіссөз жүргізу қабілеті тараптарды диалогқа келуге итермеледі.
Сонымен қатар, Қазақстанның бұл үдерістегі жанама, бірақ маңызды дипломатиялық үлесін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Алматы қаласының келіссөз алаңы ретінде ұсынылуы — еліміздің бейбіт бастамаларға ашықтығын және бейтарап әрі сенімді делдал бола алатынын көрсетті.
Алматыдағы келіссөздер – бұл Орталық Азия мемлекетінің халықаралық деңгейдегі бітімгерлік әлеуетінің көрінісі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері әрдайым бейбітшілік, диалог және дипломатиялық шешімдерді қолдау ұстанымынан айныған емес. Бұл жолы да сол дәстүр жалғасын тапты.
Алда осы келісімді іс жүзінде тиімді іске асыру үшін тараптар мен араағайын күштердің үйлесімді жұмысы қажет. Қазақстан бұл үдерісте ұзақ мерзімді тұрақтылық пен экономикалық ынтымақтастықтың платформасына айналуы мүмкін.
Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА,
қоғам қайраткері