ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ КЕЗЕҢ

Парламент палаталары бесінші шақырылымының үшінші сессиясы қызу жұмыс істеп келеді. Осы сессия аралығында бүкіл еліміз үшін маңызды бірнеше оқиға болды. Оның бәрі де еліміздің дамуына, халқымыздың әл-қуатының арта түсуіне өзіндік ықпалын тигізгені даусыз. Соның ішінде, әсіресе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылдың 11 қазанында Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып, онда сөйлеген сөздері халықтың көптен бергі көкейінде жүрген түйткілдерін тарқатты деп атауға болады. Онда Президент мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалмауына, қабылданған бағдарламалардың дұрыс орындалмауына баса назар аударып, тиісті ресми тұлғаларға, нақты басшыларға көптеген сын-ескертпелерін айтты.

Әрине, жұмыс барысында Үкіметтің жіберіп жатқан олқылықтары көп. Мәселен, «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде салынған көптеген нысандар асығыстықпен, сапасыз салынғаны, олардың ішінде, жобалық-сметалық құжаттарда көрсетілген кейбір бөліктерінің тіпті қарастырылмай қалатыны туралы халық БАҚ арқылы үнемі айтып жүретін. Сыбайлас жемқорлыққа жататын қылмысты істермен жүздеген адамның жауапқа тартылып жатқаны да жасырын сыр емес. Енді соның бәріне Елбасының өзі көңіл аударып, көптеген олқылықтарды атап берді.
Соның ішінде көптеген бағдарламалардың қабылданып, олардың орындалуына бюджеттен жеткілікті қаражат қарастырылғанымен игеру барысында олқылықтардың орын алатындығын қадап-қадап айтты. Игерілмеген қаражат көлемі де 150 млрд. теңгеге жеткенін айтып өтті. Көптеген бағдарламалар бойынша қуаты да, көлемі де бірдей, орналасқан мекені де жақын бірнеше нысанның құрылыстарына кеткен шығынның бір-бірінен жүздеген миллион теңгеге айырмашылықтары болатынын Президент қатты сынап, осылардың себебін анықтауды тапсырды. Сонымен қатар, мұндай сәйкессіздікке жергілікті басшылармен қатар, сала басшыларының да мән бермейтінін Елбасы өкінішпен атады. Тиісті басшыларды орындарынан да тұрғызып, осындайға не себепті жол берілетіні туралы түсініктер талап етті.
Өзінің сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы әлеуметтік сала ғана емес, экономиканың барлық салаларына тоқталып, ондағы кемістіктер туралы да нақты мысалдар айтты. Мәселен, кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын орындаудағы олқылықтар сын тезіне салынды. Соның ішінде, кәсіпкерлердің алған несиелерінің пайыздық өсімдерін субсидияландыру бойынша өте көп шағым түсетінін жеткізді. Еліміздегі 43 аудан мен облыстық маңызы бар қалаларда бұл жұмыстың мүлде жүргізілмейтіндігі белгілі болды. Кейбір жобалардың макроэкономикалық тұрғыдан алғанда мүлде тиімсіздігі көрініп тұр. Мәселен, Астанада электровоздар шығаратын, ал, Павлодарда жүк вагондары мен жартылай вагондар шығаратын зауыттардың ашылғанына қарамастан енді Қарағандыда осы бағыттағы тағы бір кәсіпорын салу жоспарланыпты. «Бір аймақта, бір-біріне жақын қалаларда бір саланың осынша кәсіпорындарын салудың қаншалықты тиімді болатынына Үкімет назар аудармаған» деді Елбасы.
Үлкен сындар ауыл шаруашылығы секторына да айтылды. 2016 жылғы мерзімде сыртқа ет шығаруды 60 мың тоннаға жеткіземіз деген меже қабылданып, оны орындау үшін салаға 120 млрд. теңге бөлінгеніне қарамастан үстіміздегі жылдың жеті айында Кеден одағынан сыртқа шығарылатын ет экспорты нөлге теңескен. Сыртқа ет шығармақ түгілі қазір Қазақстан оны Белоруссиядан импорттауда деп Президент тиісті бағдарламаның орындалмай жатқанын ескертті.
Осы және басқа да сындар Үкімет жұмысын ширатып, соңғы кездері Премьер-министр С.Ахметов көптеген салғырт басшыларға орынды ескертулер жасады. Кейбіреулері тіпті қызметтен шығарылды. Әрине, мұның бәрі ортақ жұмыстың тиімді боларына деген сенім тудырады. Депутаттар корпусы да өз тарапынан Елбасының сындарын қолдап, өздері білетін фактілерді БАҚ арқылы халыққа жеткізуде. Бұлар да Үкімет жұмысының олқылықтардан арылуына қосылып жатқан өзіндік үлес.
Мәжілістің осы сессиясының күндерінде болған үлкен форумның бірі – «Нұр Отан» партиясының XV съезі. Онда партияның «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты саяси Доктринасы қабылданды. Бұл құжат Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясын жүзеге асырудағы партияның орнын белгілеп, сонымен бірге, саяси ұйымның ХХІ ғасырдағы басты ұстанымдарын айқындап, құндылықтарын көрсетіп берді.
«Нұр Отан» партиясы – қоғамды ұйыстыратын және Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін негізгі саяси күш. Партия Доктринасы «Нұр Отанның» ХХІ ғасырдағы миссиясын және «Қазақстан-2050» стратегиясын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етудегі біздің алар орнымызды айқындайды» делінген онда.
Жаңа Доктринаның ең басты сипаты – оның идеологиялық құжат екендігі. Ол партияның идеялық-дүниетанымдық құндылықтарын анықтайды. Әрине, мұндай бағдарлар бұрынғы құжаттарда да болған, алайда, олар фрагментарлы түрде әртүрлі бағдарламалар мен тұжырымдарда айтылатын. Енді соның бәрі бір құжатқа топтастырылып отыр.
Партияның құндылықтары қатарында Доктрина ең алдымен, Адамның өзі және оның қадір-қасиеті мен құқы, амандық-саулығы мен мүдделерін атайды. «Әр азаматтың өмірге келген сәтінен бастап дені сау болуына, білім алуына, еңбек етуге, лайықты еңбекақы алуға, отбасын құруға, өзінің тұрғын үйін иеленуге, балаларының болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін әлеуметтік және басқа да игіліктер кепілі әрі басқалармен тең тұрғыда қол жеткізетін құқы болуы тиіс» делінген Доктринада. Маңызы аса зор осынау құжатты партия мүшелері съезден бұрын ұзақ талқылап, жүздеген толықтырулар мен өзгертулер енгізіп, форум барысында бірауыздан қабылдады.
Енді «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы да Доктринаны талқылауға және оның қабылдануына айрықша үлес қосты. Сонымен бірге, фракция елдің дамуы мен одан әрі өркендеуін заңдылық тұрғыдан қамтамасыз ететін ондаған заңнамалық құжаттардың өмірге келуіне өзінің лайықты үлесін қосып келеді.
Партия фракциясының жұмысындағы басты бағыт – Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген басымдықтарды іске асыруға жұмылдырылған.
Сонымен бірге, ол партия Төрағасының кезектен тыс XV съезде белгіленген міндеттерін жүзеге асыруды көздейді. Парламент Мәжілісі V шақырылымда барлығы 155 заң жобасын қарап, мақұлдаған соң оны Сенатқа жіберген болатын. Соның 138-іне Президент қол қойып, заң күшіне енді. Сол заң жобаларына енгізілген толықтырулар мен түзетулердің 90 пайызын «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері жасады. Мәселен, үстіміздегі жылдың 4 қазанындағы фракция отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына автокөліктер мен жылжымайтын мүліктерге қатысты өзгерістерді енгізу туралы шешім қабылдап, оны палатаның пленарлық отырысында мақұлдатуға қол жеткізді. Бұл өзгертулер Елбасының Жолдауындағы талаптарға сай келетін еді. Жалпы, V шақырылымның жұмысы барысында фракцияның 70 отырысы болды. Соның бәрінде пленарлық отырысқа шығарылатын мәселелер пысықталып, оның жұмысын келісімді сипатта жүргізуге қол жеткізілді.
Фракция жұмысының басымды бағыттарының бірі – заң жобасын әзірлеуге бастамашылық жасау. Осы бесінші шақырылым барысында фракция мүшелері 12 заң жобасын әзірлеуге бастамашы болып, оның бесеуі заң болып қабылданды. Соның ішінде, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп салаларын қолдауға және мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсартуға бағытталған заңдар болды. Жалпы, осы жылдың аяғына дейін фракция мүшелерінің бастамашылдығымен әзірленетін заң жобаларының санын 15-ке жеткізу көзделіп отыр.
Фракция өз жұмысын елдегі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық процестердің жұмыстарына жүйелі түрде мониторинг жасауды іске асырады. Осы мақсатпен фракция мүшелері Премьер-министрмен жоспарлы түрде кездесіп, партияның сайлауалды тұжырымдамасының орындалу барысымен танысып отырады. Сондай-ақ, фракция мүшелері сайлаушылармен жиі кездесіп, қоғамдық қабылдаулар жасайтын орындарға жиі барып, қатысып отырады. Мұндай қабылдаулар аймақтарға барғанда да жүргізіліп тұрады. Есепті мерзімді фракция мүшелері аймақтарға жеті рет шығып, еліміздің 2778 елді мекеннің 680 мың тұрғынымен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында сайлаушылардың 8706 арыз-шағымдары қабылданып, оның 4606 (53 пайызы) сол жерде шешілді. Халықтың осы арыз-шағымдарының негізінде фракция мүшелері нақты мәселелер бойынша Үкіметке және басқа да мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдайды. Үстіміздегі сессияда барлығы 338 депутаттық сауал жолдаған. Сонымен бірге, фракция мүшелері әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелерді қарастыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға 1,2 мыңнан артық хат жолдады. Ал, жасалған медиа-жоспарға сәйкес фракция мүшелері барлығы 980 рет газеттерге мақалалар жазып, ТВ мен радионың хабарларына қатысыпты.
Міне, өзім мүшесі болып табылатын «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының қысқаша айтқандағы атқарған жұмыстары осындай. Жалпы, Мәжілістің үшінші сессиясына аталмыш мерзімде, яғни, үстіміздегі жылдың 2 қыркүйегі мен 20 қараша аралығында 54 заң жобасы түсті. Бұлардан басқа палатаның қоржынында бұрынғы сессиядан қалған 29 заң жобасы бар еді. Соның 26-сы мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Ал, 10-на Мемлекет басшысы қол қойып, заң күшіне енді. Сол заңдардың біреуі «Конституциялық құрылыс және мемлекеттік басқарудың негіздері» тақырыптық блогына жатады. Қалған тоғызы «Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастары» блогын қамтыған. Осы кезеңде бір заң жобасы Мәжілістен қайтарып алынды. Ол депутаттардың бастамашылдығымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беруді ұйымдастыру бойынша толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы еді. Ал, бүгінгі күні Мәжілістің қоржынында ұзын саны 56 заң жобасы қарауды күтіп жатыр. Соның алтауы – депутаттардың бастамашылдығымен әзірленгендер.
Өзіміз Атырау облысынан сайланғандықтан осы өңірдің проблемаларын барынша мұқият қарап, олардың шешілуіне қолдан келген үлесімізді қосып жүреміз. Мәселен, басқа әріптестеріммен бірге «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» автожолының Мақат пен Доссор кенттері арасындағы 17 шақырымын жөндеу туралы мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдадық. Әзірге Үкіметтен бұл сауалға жауап келген жоқ, бірақ, мәселенің оң шешілетінінен үміттіміз.
Біздің Атырау облысының халқы үстіміздегі жылы 9,7 адамға көбейіп, 564,9 мың адамға жетті. Облысқа көшіп келгендер 363 болса, кеткендер 127 болып отыр. Халықтың өсіміне негізінен туудың артуы арқасында қол жеткізілуде.
Үстіміздегі жылы жұмыссыз ретінде тіркелгендердің саны 4581 адам болды, бұл – экономикалық белсенді адамдардың 1,5 пайызы. Ал, республика бойынша жұмыссыздардың үлес салмағы – 5,2 пайыз. Демек, біздің өңірде жұмыссыздардың үлесі көп төмен. Халықтың номинациялық еңбекақысы да біздің облыста қазан айында 194 587 теңгеге жетіп, республикалық орташа деңгейден (105 900 теңге) екі есеге жақын артық болып отыр. Оның үстіне бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 11,5 пайызға артық. Тұтыну бағаларының орташа өсімі өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 3,4 пайызға артқан. Ал, дәл осы мерзімдегі республикалық орташа көрсеткіштің өсімі 3,6 пайыз болды. Барлық тауарлар мен қызметтер бағасының өсуіне ақылы қызметтердің артуы (6,4%) әсер еткен. Ал, бұл көрсеткіш республика бойынша 7,1 пайыз. Демек, атыраулықтарда еңбекақы республикалық орташа көрсеткіштен екі есеге жуық артық болғанымен, тұтыну бағаларының өсімі республикалық деңгейден ауытқымаған.
Сонымен бірге, облыстық бюджеттің салықтары есебінен болған кірісі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10,5 пайызға артып, 105,3 млрд. теңгеге жеткен. Бюджеттің жалпы 117,6 млрд. шығыстарының ішінде денсаулық сақтау және әлеуметтік көмекке бөлінген қаражаттар биыл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда тиісінше 14,6 және 8,6 пайызға артқан. Бұлар да республикалық орташа көрсеткіштерден жоғары өсім. Бір сөзбен қорытар болсақ, Атырау облысының үстіміздегі жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қалыпты жағдайда деп айта аламыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз