Жарнама
Саясат

БІРЛІК ҚАЙДА БОЛСА, ЕРЛІК СОНДА

Бұл жолғы Жолдаудың басты міндеттері – инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру болды. Соның ішінде, Жолдаудың атына сай көліктік-логистикалық инфрақұрылым саласын дамытуға ұлттық маңызға ие ерекше басымдық беріліп отыр. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек деп нықталды. Біріншіден, негізгі автожолдар жобасы жүзеге асырылмақ, оның ішінде өңіріміз үшін ең басты жаңалық Атырау-Астрахан жолы. Айта кету керек, республика бойынша жол құрылыстары арқылы жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылмақ. Бұл дегеніміз, әлі де күн тәртібінен түспеген, дағдарыс салдарынан көптеген елдерде белең алып жатқан жұмыссыздық кеселінің жолын кесуге сеп болмақ. Жастарымыз еңбекпен қамтылып, екі қолға күрек табылады.

Толғағы жеткен өзекті проблемалардың бірі  тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мен көпшіліктің талқылауына түскен жаңа тұрғын үй бағдарламасы еді. Жаңа Жолдауда бұл түйіннің аз да болса шешілуіне ерекше назар қойылып, су, жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғыртып, тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін бюджетте қарастырылған қаржыға жыл сайын 100 млрд. теңге бағытталмақ. Ал, жалға берілетін тұрғын үй құрылысы қайта қаралып, баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 180 млрд. теңге сомасында ұлғайтылмақ.

Қай Жолдауын алмайық, Елбасы елдің ертеңгі тірегі – жастардың сапалы білім алып, олардың барлық жағдайын жасауды басты міндет деп шегелейді. Бұл жолы да әлеуметтік инфрақұрылым саласы шет қалған жоқ. Үш ауысымда оқытатын және апатты мектептер, балабақша тапшылығы проблемаларын шешу бағытына қыруар қаражат бөлініп, индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ғылымның экономика саласына мамандар дайындайтын 10 жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы жаңартылмақ. Яғни, жастарға барлық мүмкіншіліктер көрсетілуде, тек сапалы білім алып, еліміздің болашағының өркендеуіне үлестерін қосуы міндет.

Бизнесті қолдау бағытында елімізде бұрын-соңды болмаған қадам жасалды. Кәсіпкерлікті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеу, 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 50 пайызына дейін ұлғайту бойынша жұмыстар жалғаспақ. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа өзгерістерімен күшіне енетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте де бизнеске қолдау көрсету бағытында, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін айыппұл мөлшері 50 пайызға азайтылмақ. Әділет органында да заңды тұлғаларды тіркеу саласының электронды жүйеге көшуі, кәсіпкерлерге оңтайлы жағдай жасап, олардың уақыты мен материалдық шығынын азайтып, қағазбастылықтан арылтып, жемқорлық әрекеттерге жол бермеуіне септігін тигізуде.

 «Қазақстан-2050» стратегиясының 2015 жылға жоспарланған экономикалық жаңа бағдарламасының уақытынан бұрын таныстырылуы тегін емес деп ойлаймын. Бүгінгі күні бәрімізге де белгілі жаһандық жағдайлар, геосаяси дағдарыстар әлемдік экономиканың дамуына кері әсерін тигізіп, кедергі тудыруда. Бұл саяси үдерістер елімізді айналып өтпесі анық, керісінше, ықпалын тигізуде. Болашақта осындай жаһандық сынақтардың болатынын болжай білген Елбасының тапсырмасымен экономиканы  қолайсыз сыртқы факторлардан сақтап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақтандырады деген есеппен жинақталған Ұлттық қор резервін пайдаланатын кез жеткен сыңайлы. Міне, қаржылық қиын уақытты еңсеруге Қор резервінен 2015-2017 ж.ж. дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 млрд. доллар бөлінбек.

Экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдары 500 млрд. теңгеден екі несие үлесі бойынша 1 трлн. теңге бөлу туралы шешім қабылданса, басталған жобаларды аяқтау үшін Ұлттық қордан 500 млрд. теңге көлеміндегі шарттармен берілетін несие үлесін, яғни екінші транш қаржысын шағын және орта бизнесті, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 млрд. теңге бөлінеді. Бұл тамақ, химия өнеркәсібін, машина жасаудағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақ.

Міне, бұл алдағы іске асырылуы тиіс, әрі басты міндетті жұмыстар ақылдың ісі мен білектің күшімен орындалмақ. Еңсеретін асулар ел бірлігі мен этносаралық татулық, келісім арқылы алынбақ.

Сондай-ақ, 2015 жыл ұлттық тарихи құндылықтарымызды ұлықтайтын, бүгінгі биіктерімізді бағалайтын мерейлі жыл болмақ. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы — келер жылдың айшықты даталары. Тарихымызға үңілсек, қазіргі Қазақ елінің біртұтас ел болып қалыптасып, жеңістері мен жетістіктері «Бірлік қайда болса, ерлік сонда, еркіндік қайда болса, елдік сонда» деген даналық сөзді берік ұстанған ел бірлігі мен ұлтаралық татулығымен келді. Сондықтан да, 2015 жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланбақ. Ендеше, «Мәңгілік ел» ұранын ту еткен еліміздің тұғыры мәңгілік орнасын деп тіледік!

Сағынбай ТҰРҒАРИН,

Атырау облысы Әділет

департаментінің басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button