ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫҢ ТҰҒЫРЛЫ БАҒДАРЫ

Ағымдағы жылғы Жолдауында Елбасымыз егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың игілігін көздейтін шынайы іс-жоспарға құрылған тарихи құжатта әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жоспарын ұсынғаны белгілі. Жеті басым бағыт – жалпақ елдің есінде, он жаңашыл идея - өңірлер үшін байыпты бағдар. Тұғырлы бағдарламаларға тамшы да болса үлес қосу – отандық өндірістің өркендеуіне батыл бет бұру. Бұл ретте облыстың жетекші өнеркәсіп аймағы - Жылыой ауданы өсу мен өркендеудің жаңа бір ілгерілеушілік сатысына қадам басып отыр. Бұған ауданның биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша жеткен жемісті һәм табысты қадамдары дәлел болмақ.
Біз осы тұрғыда ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар ДЮСУПОВАМЕН ой бөліскен едік.


ЖАҢА ЖОБАЛАР – ИГІЛІККЕ БАСТАДЫ

Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында аудан экономикасы оң серпін, тың үрдіс алуымен ерекшеленді.Үйлесімін тапқан индустрияландыру бағдарламасы, одан туындаған үдемелі іс-шаралар игі жетістіктерге бастады. Өңір ауқымындағы барлық өнім өндіруші кәсіпорындар бойынша аталмыш кезеңде 2 трлн. 311 млрд. 573 млн. теңгенің өнімі өндірілді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір басым нәтиже. Осы кезеңде 14,3 млн. тонна мұнай және 7,1 млрд. текше метр газ өндірілді. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 232 млрд.334 млн. теңге болып, өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 151,4 пайыз құрады. Ал, құрылыс жұмыстарының көлемі 25 млрд. 969 млн. теңге құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 180,2 пайызға жетті. Аудан бойынша жыл басынан бері 23511 шаршы метр 157 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Экономиканың оң өсімін қамтамасыз ететін шарттардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың оң нәтиже беруі болса керек. Ауданда үстіміздегі жылы бюджеттік инвестициялық жобалар 572,1 млн. теңге құрады. Олардың орындалуы оң нәтиже беруде. Мәселен, Құлсары қаласында жеті шақырым автокөлік жолы және алты шағын ауданның электрмен қамту нысандары қайта жаңғыртылып, бөлінген қаржы толықтай игерілді.
Сонымен қатар, Құлсары-Шоқпартоғай, Құлсары-Қосшағыл және Құлсары-Ақкиізтоғай кіреберіс автокөлік жолдарын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамадан өткізілсе, Тұрғызба селосының кіреберісіне дейінгі тас жолды күрделі жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы толықтай аяқталады деп күтілуде.
«Мұнайшылар» ықшамауданында үш қатарлы 60 пәтерлік бес тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталып, бірінші шілдеге 150 млн. теңгесі игерілді.
Айта кетейік, Құлсары қаласында ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана, 280 орындық балабақша және 300 орындық жаңа мектеп құрылысы тамыз айында аяқталады деп күтілуде.

КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН ҰТАДЫ

Иә, Елбасымыз өзінің Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы деп атап өткен болатын. Ауданда кәсіпкерлік саланы дамытуға баса көңіл бөлінуде. 2014 жылдың алты айында аудан бойынша 6711 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер тіркелген, оның ішінде 5969 белсенді субъектілер, онда 10316 адам жұмыс жасау үстінде. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жергілікті бюджетке 1,7 млн. теңге салық түсті. Өткен жылмен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлер саны 7,2 пайызға, белсенді кәсіпкерлер саны 7,6 пайызға, жұмыс жасайтын адам саны 8,3 пайызға және салық түсімі 6,3 пайызға өсіп отыр.
«Атырау шағын несиелеу орталығы» қоғамдық қоры арқылы 12 пайызбен 67,7 млн. теңге шағын несие беріліп, 352 кәсіпкер өз жұмыстарын нәтижелі жалғастыруға мүмкіндік алды. Несие беру өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 30,1 пайызға өсті.
Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, яғни несиелердің пайыздық ставкасын субсидиялауға 2014 жылға 47,0 млн. теңге қаралып, бірінші шілдеге 14,1 млн. теңгесі игерілді.
Сонымен қатар, шағын несие беруге 2014 жылы 112,8 млн. теңге қаралып, ол қаржы нәтижелі игерілуде. Мәселен, өз ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру үшін жаңадан құрылған алты несие серіктестігіне, барлығы 45 адамға 126,0 млн. теңге несие берілді.
Кәсібі бардың – нәсібі бар. Мұны жаңашыл жас буын жақсы түсінеді. Жаңа өндірістер ашу үшін гранттар беруге биыл 10,0 млн. теңге қаралса, ол қаржы бірінші шілдеге дейін толықтай игерілді.
Әрине, бизнес жолына түскендердің біліктілігін арттыру өте-мөте маңызды. Өткен кезеңде 1,4 млн. теңгеге кәсіпкерлік негіздеріне 110 адам оқытылды.

ҚҰЛСАРЫДА ҚҰС КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Елбасының биылғы халыққа Жолдауында «Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру маңызды» дегенін шаруаны күйттегендер ұмыта қоймаған болар. Инновацияның жаңалық енгізу деген мағына беретінін ескерсек, шаруашылық құрылымдарының малды асылдандыруды жақсартуға бетбұрыс жасап жатқанын түсінуге болады. Бұл бағытта, әсіресе, «Жаңа таң» серіктестігі мен «Достан Ата» шаруа қожалығының еңбектері ерен. Мақсатты қолға алған жұмыстың жемісі де мол ғой. «Жаңа таң» серіктестігінде 456 бас асыл тұқымды түйе, 9033 бас асыл тұқымды қаракүл қойы болса, «Достан Ата» шаруа қожалығында 5236 бас асыл тұқымды еділбай қойы бар. Сонымен қатар, «Ащысай» шаруа қожалығы да ғылыми-зерттеу институтының кеңесімен асыл тұқымды аталық малдарды әкеліп, малды асылдандыру жұмыстарын бастап кетті.
Мал басы жылдан-жылға өсім алып келеді. Ауданда 19404 бас мүйізді ірі қара, 84738 бас қой-ешкі, 8274 бас жылқы, 9145 бас түйе өсіріліп отыр. Өсімдегі құстардың саны – 125838, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп деген сөз.
Осы кезеңде аудан бойынша тірілей салмақпен есептегенде 2038 тонна ет, 2899 тонна сүт, 6488 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өндіру 100,9 пайыз, сүт өндіру 101 пайыз құраса, жұмыртқа екі еседен астам орындалып отыр.

«ЖҰМЫС ІЗДЕСЕҢ, БІЗГЕ КЕЛ…»

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі бағыттардың аясында тұрғындарды жұмыспен қамту, мүгедектерді оңалту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі әлеуметтік бағдарламалар жүйелі жүзеге асу үстінде.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыс іздеуші ретінде 792 адам тіркеліп, оның 496-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, 28 мекеменің қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 335 адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды. Бұл шараға «Хиллсон Дивижн», «Сенімді құрылыс», «ЮСС Супорт Сервисез», «Сапсан», «Каспий проджекс» мекемелері өз үлестерін қосты.
Жылдың өткен уақытында аудан бойынша 948 жаңа жұмыс орны ашылды, оның ішінде 804-і тұрақты жұмыс.
Мүгедектер мен бас бостандығынан айыру орындарынан босағандар да қызмет іздейтіндердің қатарында, бұл ретте 18 мүгедек, жазасын өтеп оралған 11 азамат тұрақты жұмыс тапқан.
Орайы келгенде, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына 15 адам, жастар тәжірибесіне 92 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 11 адам жіберілді.
Сонымен қатар, ауылдық елді мекендердегі бизнесті дамыту бағытында да 15 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Бұл бағытта 34,5 млн. теңге қаралып, селодағы басым бағыттар бойынша 12 адамға несие берілді.

ТҮЙІН:
Міне, аудандағы жарты жылда жеткен жетістіктер осындай сипатта көрініс тапты. Өңірде атқарылып жатқан жұмыстар өрісті әрі ауқымды екенін әлгінде айттық. Ағымдағы жылы, әсіресе, аграрлық секторды, мал шаруашылығын, әлеуметтік саланы, соның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет және құрылыс салаларын дамыту бойынша бірқатар Мемлекеттік бағдарламаларға баса көңіл бөлініп, баянды жүзеге асырылу үстінде.
Ал, бюджетке түсім, кіріс, пайда ше? 2014 жылдың бірінші шілдесіне аудандық бюджеттің кірістер бөлігі 2907,4 млн. теңге көлемінде жоспарланып, ал қоржынға нақты 3273,2 млн. теңге түсіп, жоспар 112,5 пайызға орындалып отыр.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз