Жарнама
Саясат

БІРЛЕСКЕН ІС ҚАНА БЕРЕКЕЛІ

 

Еркінқала орта мектебінде өткен жиын барысында округ әкімі Ерғали Тапанұлы ең алдымен тоғыз айлық есеп беруде алға қойылған ұсыныстарды қайта қозғап, олардың бүгінгі күні қаншалықты орындалғаны жөнінде баяндады. Белгілі болғандай, бүгінгі күні тұрғындардың Сарыөзек учаскесіндегі шабындық жерді қалыпқа келтіру жөніндегі өтініші бойынша бірқатар жұмыстар жасалып, бұл биыл шешімін табады деп жоспарлануда.

Аталмыш округтегі басты мәселенің бірі — селодағы мәдениет үйін жөндеу мен спорт кешені жұмыстарын жүргізу. Жиын барысында бұл нысандардың сметалық құжаттары жасақталып жатқаны айтылды. Сондай-ақ, көптен бері шешімін таппай жүрген дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, ағымдағы жылы  іске қосылатыны ауыл халқы үшін қуанышты жай болды.

Еркінқала селолық округі, негізінен, балық өнеркәсібін дамытып отырған елді мекен. Мұндағы бекіре өсіру зауытында өткен жылы 3,5 миллион шабақ өсіріліп, 615 тонна балық алынған. Сөйтіп, мемлекеттік тапсырыс шеңберіндегі көрсеткіш асыра орындалды. Егін өнімін алуда да жақсы нәтижеге жетіп отыр.

Алайда, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде берілген тоғыз несиенің екеуі ауыл шаруашылығы саласына жұмсалған. Аймақ халқын жергілікті өніммен қамтуда бұл өте аздық ететіні анық. Осы жайды мәлімдеген қала  әкімі Серік Айдарбеков биыл инвестициялық жобалар саны бестен төмен болмауын тапсырды. Ол өз сөзінде «Тұрғындар арасында аталған мүмкіндіктерді пайдалану жөнінде  түсінік жұмыстарын кеңінен жүргізіп, көкөніс қоймалары мен өңдеу цехтарын ашу жұмыстарын қолға алу қажет» деп міндеттеді.

Округтегі тіркелген 19 қылмыстың үшеуі ашылмаған. Криминогендік жағдай алдыңғы жылмен салыстырғанда төмен. Дегенмен, учаскелік полицияның жұмысын жолға қойып, аталған мәселені қатаң  бақылауға алуды арттыру жөнінде тапсырма берілді.

Округтегі ескі демалыс паркі жұмысы сын көтермейді. Бұл жөнінде зейнеткер Қожабай Рахымбердиев «Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дейін саябақ қалыпқа келтірілсе» десе, тұрғын Жанар Амандықова көшелерде түнгі жарықтың жоқтығы мектептен қайтқан оқушылар үшін қиын екенін алға тартты.

Халықтың қалыпты жағдайда өмір сүруі үшін ең алдымен тұрғылықты жердің инфрақұрылымы толық жасалуы қажет. Еркінқала селолық округінде барлық елді мекенге газ, су, электр желілері тартылып, телефон байланысы түгелдей дерлік орнатылған. Ал, кейбір көшелерде тасжол төселмегені рас. Бұл мәселені шешу үшін қалған 20 көшені асфальттауға құжаттары дайындалып жатқаны белгілі болды.

Есеп беру шарасына қатысқан ауыл тұрғындарының көбі қалаға қатынайтын №52 қоғамдық көлігінің жұмысы туралы айтып,  жолақы жинаушылардың сөйлеу мәдениеті, одан қалса, мектеп оқушыларын аялдамадан алмай кетуі сияқты келеңсіз оқиғаның орын алып отырғанын баяндады. Аталған мәселелерді тыңдаған қала әкімі бұл мәселені анықтап, дер кезінде шарасын алу қажеттігін қатаң тапсырды.

Келесі есеп беру жиыны Жұмыскер кенттік округінің И.Тайманов орта мектебінде жалғасып, ауыл әкімі Қайрат Қабиев баяндама жасады. Мұнда да шешімін тапқан істермен қатар, алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарлары таныстырылды. Жиынға қатысқандар көкейдегі сауалдарын жолдап, ұсыныс, тілектерін де ортаға салды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button