Білімді жасқа жол ашық

Тәуелсіздік алған тура 30 жылдан кейін елімізде бұрын соңды болмаған өзгерістер орын алды. Бұрын «Ең алдымен экономика, содан кейін саясат» деген бағдарды бетке ұстап едік, енді ол қасаң қағида бұзылды.

Президенттің өзі бастамашы болып, Конституциялық реформа жасауға бел буды. Оны халық қолдап,  саяси жаңғыруға жол ашылды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы бекітілді. Президенттік және Парламенттік басқару ісінде де түбегейлі өзгерістер орын алған соң мемлекеттік қызмет жүйесіне де жаңа талаптар қойылды. Соған сай мемлекеттік қызметшілерге де жаңа жүйеге бейімделіп, жаңаша жұмыс жасауға тура келеді. Әрине, Әділетті де Жаңа Қазақстан құру үшін, Президент айтқандай, елімізге басқарушылардың жаңа буыны келуі керек. Соның ішінде жоғарғы және орта буындағы басшы мамандардың құрамын жаңарту аса маңызды.

«Меритократия – басты қағидатымыз. Әсіресе басқару ісіне аймақтардан шыққан мықты менеджерлерді тартуға баса мән береміз. Ел игілігі үшін еңбек еткісі келетін білімді, дарынды азаматтар әр аймақта бар. Оларға жол ашу – мемлекеттің міндеті» деген еді Қ.Тоқаев.

Меніңше, мемлекеттік қызметті реформалау үшін мәселені мықты мамандар жасақтаудан бастау қажет. Бұл ретте Президенттік кадрлық жастар резервін қалыптастыру жөніндегі саясатты көп болып қолдаған жөн. Бұған бұрынғыдай кім көрінген кіріп кетпеуі керек. Бір сөзбен айтқанда, мансап қуатын емес, ертеңгі еліміздің жолында асқақ арман қуатын білімді де, көзі ашық жастар тағайындалуы тиіс. Нағыз Әділетті де Жаңа Қазақстанды құратын солар болмақ.

Абылай Құрметұлы,

«Жастар Рухы» Жастар қанаты Атырау

 облыстық филиалы төрағасы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз