
Билік бұқарадан ажырамауы тиіс
Президенттің өзі атап өткеніндей, бүгінде елімізде жергілікті билік түбегейлі дерлік жаңғыртылды. Бұған дәлел боларлық дерек келтірсек, сайлау жүйесі енгізілген үш жылдан астам мезгіл ішінде республикадағы ауылдық округ әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Бір ерекшелігі, осы сайланып қойылған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар екен. Аймақтардағы атқарушы билікке жаңа да жаңаша ойлап, жұмысты жаңа арнада жүргізуге қабілетті адамдар келіп жатыр. Мұның өзі түпкі нәтижесінде әкімдердің халықпен етене араласып, биліктің бұқарадан ажырамауына жол ашып отыр.
Тағы бір жағымды жаңалық – осы уақыт ішінде пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі бұл қызметке сайлану жолымен тағайындалды. Ал енді биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады.
Сонымен қатар түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы да өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді, жаңашатлеп әкелді. Мәселен, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен дауысқа түсіп, сайланып отыр.
Ең бастысы, бұқара мен билікті бір біріне жақындата түсуге мүмкіндік әрі кепілдік берер билік жүйесіндегі мұндай ауқымды өзгерістер жалғаса беретініне сеніміміз мол, үмітіміз зор.
Қайыржан МӘЖИЕВ, Махамбет аудандық мәслихатының төрағасы