БЕС ЖЫЛДЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ АЙМАҚ ДАМУЫН АЙҚЫНДАЙДЫ
Конференцияға облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, бағдарлама шеңберінде алда атқарылуға тиісті ауқымды істер тұрғандығын атап айтты.
— Өткен 2015 жыл еліміз үшін саяси оқиғаларға толы жыл болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаны іске асырудың «100 нақты қадамын» айқындап, мемлекетіміз жаңа даму белесіне көтерілді. Қазір облыстың әлеуметтік-экономикалық өркендеу қарқыны тұрақты. Ірі-ірі инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, мұнай-газ өндіру көлемін арттыру бағытындағы ауқымды жұ-мыстар атқарылуда. Құрылыс индустриясы мен өңдеу өнеркә-сібін, ауыл шаруашылығы, ин-фрақұрылым, әлеуметтік саланы дамытуға баса назар аударылуда.
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды уәделерін орындау барысына жүргізілген сараптама нәтижелері төрт жыл ішінде партияның «Қазақстан. 2017 мақсаттары. ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасы негізгі көрсеткіштер бойынша мерзімінен бұрын толықтай дерлік орындалғанын көрсетеді.
Ал, партияның сайлауалды бағдарламасы жаңа жаһандық өзгерістерге жауабы іспетті. Өйткені, жан-жақты талқыланып, сараланған құжатта алдағы бес жылға арналған басым бағыттар көрсетілген. Бүгінде біздің еліміз басқа да алпауыт мемлекеттер сияқты әлемдік дағдарыс ықпалын сезінуде. Және бұл экономикалық дағдарыс емес, бұл – девальвация жарысы, әлемдік геосаяси шиеленіс, жаһандық экстремизм мен бақылаусыз көші-қон ағымы. Бұл – біз үшін сындарлы кезең. Сондықтан, осы жағдайда «Нұр Отан» барша халықты бір мақсатқа жұмылдыра білетін партия болуы тиіс, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Аймақ басшысы, сондай-ақ, алдағы бес жылда индустриялық дамудың негізгі басымдығы анағұрлым перспективалық төрт бағытқа аударылатынын айтты. Олар, біріншіден, еліміздің тау-кен металлургия кешенін дамыту. Екіншіден, геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу, мұнай мен оның өнімдері нарығын ырықтандыру, тасымалдау бағытын әртараптандыру арқылы мұнай-газ секторының бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Үшін-шіден, экономиканың электр-энергетика секторын инвестициялар ағымымен қамтамасыз ету. Төртіншіден, аграрлық секторды Қазақстанның болашақ экономикалық өсуінің басты драйверіне айналдыру. Бақтықожа Салахатдинұлы аталған төрт бағыт негізіндегі экономиканың базалық салаларындағы шаралар шикізаттық емес секторды өркендетуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
Жиынға қатысқанпартияның саяси кеңес мүшелері, облыстық, аудандық бастауыш партия және үкіметтік емес ұйым өкілдері облыстық мәслихат депутаттығына ұсынылған 27 кандидатты лайықты деп танып, бірауыздан қолдады. Кандидаттар әр сайлау округіне белгіленген. Үміткерлер құрамында дәрігерлер, заңгерлер, кәсіпкер мен мұнайшы, ауылшаруашылық саласының маманы, кәсіподақ ұйымының өкілі де бар. Өңірдегі этномәдени бірлестіктің төрт өкіліне де сенім білдіріліп отыр. Сайлау додасында мәслихаттың бұрынғы депутаттары да бағын сынамақ.
Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы Исатай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақтолқын Ахметжанова «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» және «Ұлы дала елі» атты жаңа жобалар қолға алынатынын сөз етті. «Аудан экономикасының негізгі саласы болып саналатын мұнай өндірісінде бағаның құлдырауына қарамастан, өнім көрсеткіші төмендемеді. Аудан бойынша 1241,5 мың тонна мұнай, 34,1 млн. текше метр ілеспе газ алынды», — деді.
Конференция барысында Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі директоры Бақытгүл Хаменова Қазақстанның озық отыз елдің қатарына енуі үшін аймақты дамытудың рөлі зор екенін айтса, Индер ауданынан келген жас маман Қайырлы Гильманов облыс жастарын ел дамуына ерекше серпін беретін сайлауалды тұғырнаманы жүзеге асыруға шақырды.