Жарнама
Саясат

БЕРЕКЕЛІ ІС, БЕРІК ҚАДАМ

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ЖАҢА ЖОБАЛАРДАН – ҮЛКЕН НӘТИЖЕ

alogo1223333334Белгілі болғанындай, ауданда жылыжай кешені, мүйізді ірі қара малын бордақылау алаңы, керамзит шығаратын зауыт, «Айнадай» фосфат ионсыз экологиялық таза кір жуу ұнтағын өндіретін цех және де сүт өнімдерін дайындап, өңдейтін цех салынғалы жатыр.
Тағы бір жаңалық, аудан бойынша шағын кәсіпкерлікпен айналысушылар саны жылдан-жылға өсіп келеді. Олардың саны 1941-ге жетті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кәсіпкерлер саны 130 бірлікке көбейді. Алғашқы тоғыз айда дүкен, шаштараз, тойхана, дәмхана, сурет салоны, техникалық байқау орталығы, автокөлік, тегершік жөндеу шеберханалары және бірнеше сауда дүнгіршегі іске қосылды.
Бүгінде ауданда бір ғана «Құралай» корпорациясы арқылы төрт бірдей индустриялық-инновациялық бағытындағы жоба іске асырылып жатыр. Мәселен, «Мал бордақылау кешені» жобасының сметалық құны 22 млн. теңгені құрайды. Жобаның өндірістік қуаты тәулігіне 50 бас ірі қара малды бордақылауға және сойып сатуға, тәулігіне бір тонна шұжық өнімін шығаруға шақталған. «Жылыжай кешені» жобасының құны 60,0 млн. теңгеге бағаланып отыр. Бүгінде іске қосылған жобаның өндірістік қуаты 112 тонна егін өнімін өндіруге жетеді. Егін егу мерзімдері – көктем, күз айлары. Осы салада 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Сондай-ақ, ауданда Құрылыс өнімдерін шығаратын зауыт салынуда. Сметалық құны 120,0 млн. теңгеге бағаланған зауыттың өндірістік қуаты тәулігіне 14 тонна өнім өндіруге шақталған. Құрылыс жұмыстарына 18 адам тартылды, зауыт толықтай іске қосылған кезде қырық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Бұдан басқа «Балық өнімдерін өңдеу зауытының» құрылыс жұмыстары толық аяқталып отыр. Бұл салада 35 адам тұрақты жұмыспен, 50 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Инфрақұрылымын дамыту үшін бюджеттен 15,1 млн. теңге бөлінген.
Малды асылдандыру жұмысы мейлінше табысты жүріп жатыр. «Құрманғазы» өндірістік кооперативі мен «Рсай» шаруа қожалығына жоғары сыныпты асыл тұқымды малды күткені және мал басын толықтыратын төлді өсіргені үшін жергілікті бюджеттен 23 млн. 272 мың теңге көлеміндегі субсидия төленді.

КӘСІБІ БАРДЫҢ НӘСІБІ МОЛ

Жыл ішінде 671 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 206-сы тұрақты, 465-і уақытша. Ақылы қоғамдық жұмыспен 772 адам қамтылып, оған 62,0 млн. теңге бөлінді. Есепті мерзім ішінде кәсіби мамандықтарға оқытуға 62 жұмыссыз жіберілді. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында өткізілген жәрмеңкеде 83 адам жұмысқа орналасса, аталған бағдарламаның негізгі бағыты – несиелеу бойынша бірінші жартыжылдықта 40 адамға барлығы 91,0 млн. теңге несие берілді. Осы бағдарлама шеңберінде Кудряшов селосының тұрғыны 2,3 млн. теңге несие алып, сұранысқа сәйкесті ағаштан қайық жасау цехын ашып, халыққа қызмет көрсетуде.
Ал, Ганюшкин селосының тұрғыны пластикалық құрылыс материалдарын жасайтын цех ашып, ауданда жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына сұраныс алып, қанағаттандыруда. Ауыл шаруашылығын дамытуға 97 адамға 220,0 млн. теңге және басқа да қызмет көрсету жұмыстарына 29 адамға 69,0 млн. теңгенің несиесі берілді. Жұмыссыздық деңгейін азайту жолында да жұмыстар бар. Мәселен, қызметін енді бастап жатқан мұнай компаниялары «КТК-К» АҚ, «АлғаКаспийГаз» ЖШС, «АскерМұнайГаз» ЖШС-мен меморандумға қол қойылып, 28 адам түрлі жұмысқа алынды.
Әлеуметтік қамту аясында 19 мүгедек жанға «Ақ Жайық» шипажайына, бұдан бөлек, «Атырау» шипажайына 18 жолдама берілді. Мүгедек баланы үйден оқытып, тәрбиелеп отырған 65 отбасына ай сайын 4154 теңгеден әлеуметтік көмек төленіп келеді.
Өз заманында ауданның әлеуметтік, экономикалық дамуына зор үлесін қосқан ардагерлер де әркез сапта келеді. Осы бағытта ауданның жиырма ардагері жақында Астана қаласына саяхаттап келсе, көршілес Астрахан облысының Красный Яр, Володар аудандарына әр селолық округтен 15-20 ардагерді жергілікті демеуші компаниялар арқылы саяхатқа тұрақты шығарып отыру қолға алынды. Есепті кезеңде 1866 адамға 4 млн. теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Бұл шара толықтай демеушілердің күшімен атқарылды.

ТӨРТ АУЫЛҒА – ЖАҢА МЕКТЕП

Білім саласында да жаңалықтар жоқ емес. Аудан бойынша биыл «Алтын белгіге» 37 үміткердің ішінен он үші өз білімін дәлелдеп шықты. Бес үміткердің ішінен төрт шәкірт «Үздік аттестатты» иеленді. Аудан бойынша 89 түлек 100-ден жоғары ұпай жинады. Ол барлық мектеп бітірушілердің 18,4 пайызын құрайды. Бүгінде барлық мектептер интернет жүйесіне қосылған. Қазіргі уақытта есеп бойынша бес оқушыға бір компьютерден келеді.
Тағы бір жаңалық, үстіміздегі жылдың тамыз айынан бастап Ганюшкин селосынан балабақша құрылысы басталды. Сондай-ақ, Ақкөл селосына 290 орындық балабақша салу үшін жобалау-сметалық құжаттама жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келер жылы білім мекемелері бойынша Теңіз селосына 300 орындық, Жалғызапан, Қызылоба және Жасталап селоларына 80 орындық мектептер салынбақ. Және де «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы биылғы жылы бес маманға тұрғын үй алуға 23 млн. теңгенің несиесі беріліп, 41 маманға 5 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді.

ДӘРІГЕРЛЕР ӘЛІ ЖЕТІСПЕЙДІ

Аудан бойынша жоғары білімді үш дәрігер қызметке қабылданып, оның екеуі тұрғын үймен қамтылған. Есепті мезгілде екі дәрігерлік амбулатория орталық газ жүйесіне қосылды. Сүйіндік, Балқұдық, Сафон дәрігерлік амбулаториялары күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілген. Бес дәрігерлік емхананы орталық газ желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Орталық ауруханаға 6,5 млн.теңгенің қуаты 100 квт-тық генератор сатып алуға қаржы бөлінді.
Осы жерде бір айта кетерлігі, Ганюшкин селосынан фельдшерлік-акушерлік пунктінің ғимаратын салу жоспарланып жатыр. Бүгінде аталмыш нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсетудің ашықтығын ұйымдастыру мақсатында ауруханалар мен емханаларда электрондық ақпарат жинау жүйесі енгізілді. Бүгінде ана мен бала саулығын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айрықша назарда ұстап отырғаны белгілі. Осы орайда сәби өлімі ауданда өткен жылмен салыстырғанда 18,4 пайыздан 5,9 пайызға дейін түсті. Және де үстіміздегі жылдан бастап диспансерлік ауруларға тегін дәрі-дәрмектер бөлініп келеді. Бұған жергілікті бюджеттен 26 млн. теңге бөлініпті. Әлі де болса, бізде 16 дәрігер жетіспейді. Дәрігер мамандарды ауданға тарту мақсатында жергілікті бюджет арқылы 7,0 млн. теңгенің екі қызметтік тұрғын үйі сатылып алынды.

ОН БЕС ЕЛДІ МЕКЕНГЕ ГАЗ ЖЕТЕДІ

Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – ел егемендігін алғаннан бері жыр болып келе жатқан келелі мәселелердің бірі. Еліміздің барлық өңірлеріндегі, әсіресе, ауыл тұрғындарын зәрезап еткен бұл мәселені шешуде ауданда «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Құрылысы 2011 жылы басталған су жүйесі мен су тазарту қондырғысын реконструкциялау және құрылыс жұмыстары Шағырлы-Жасарал-Күйген, Шестой-Каспий, Афанасьев, Жыланды, ММС-Жаңа ауыл, Жамбыл, Амангелді, Ганюшкин елді мекендерінде жалғасуда. 2013 жылы Ганюшкин, Утера селоларындағы су жүйесінің құрылыс жұмыстары басталды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 44,0 млн. теңге бөлініп, оның 34,0 млн. теңгесі игерілді. Ауылдық округтердің екеуінде балалардың ойын алаңдарын қондыру жұмыстары, он бес округте көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Жоспарға сәйкес алдағы жылы газдендірілмеген елді мекендер бойынша, яғни, Көкарна, Қарақұл, Голбин, Ақтөбе, Племстанция, Сазды, Шағырлы, Жасарал, Күйген, Каспий, Өлеңді, Қанжыға, Али-Жұмасеит, Афанасьев, Затон шағын елді мекендерін газ желісіне қосу жұмысы жүргізіледі.
Мәдениет саласында да біраз жаңалықтар болғалы отыр. Бүгінде Сүйіндік, Балқұдық және Калининдегі мәдениет ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу үшін 157 млн. теңге көлемінде қаржы қаралды. Лабай, Ұштаған селолық клубтарының жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізу үшін 10,0 млн. теңге бөлінді. Келер жылы Дәшін селосында 400 орындық мәдениет үйін салу және орталық стадионды қайта жаңғыртудан өткізу жоспарда бар.
Ауданда бірнеше спорт залдарымен қатар, стадион және хоккей алаңы бар. Көп ұзамай ауыл балалары үшін бір спорт кешені мен екі ангар типті кешені және бес бірдей шағын футбол алаңы ашылатын болады. Күні бүгінде олардың барлығының құрылысы жүріп жатыр.

• Сұраққа – жауап
Ошағаннан да өнім жасалады

Адамның аяғына жабысып, мал құйрығында кәдімгідей «тістесіп» жүретін ошағанды құрманғазылықтар енді кәдеге жаратқалы отыр. Келер жылы ол түйіршіктелген мал азығына айналмақ. Бұл жөнінде брифинг барысында журналистер сауалдарына жауап берген Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатов мәлімдеді.
Бізді, «Атырау» газеті журналистерін негізінен, қызықтырғаны – Азғыр полигоны және ондағы әлеуметтік, экологиялық жағдай, инфрақұрылым жайы болды. Мәселен, «Парламент Сенаты депутаттары тарапынан Азғырды көршілес елді мекендерге көшіру жайы соңғы кезде жиі қозғалып жүр. Осы мәселе қаншалықты шешілуі мүмкін? Және ондағы халыққа экологиялық апатты аймақта отырғаны үшін қандайма бір әлеуметтік төлемдер қарастырылған ба?» деген сауалымызға аудан басшысы бүгінде зардап шеккен азаматтар есебінің алынып жатқандығын жеткізді. «Бұл мақсатқа 27 млн. 674 мың теңге көлемінде қаражат қаралып отыр. Кімге қанша төленетіндігі мәслихат шешімінен соң анықталады. Бұдан басқа төрағасы Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары вице-министрі Бектас Мұхамеджанов болып табылатын Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылды. Бұл мәселелердің барлығы қазір талқылану үстінде» деп жауап берді ол.
«Ақ Жайық» газетінің журналисі Мұрат Сұлтанғалиев құқық қорғау органдары жұмысының нәтижесі мен ошаған шөптің көбеюімен күрес мәселесінің қалай шешіліп жатқандығын сұрады. Білгеніміздей, тиісті мамандардың тапшылығы ішкі істер бөлімінде айтарлықтай мәселе туғызып отырған көрінеді. «Ұрлық көбейді. Соның ішінде барымташылар азаймай тұр» деген аудан әкімі бейнебақылау камераларының орнатылғандығын, жиырма бір учаске полицейіне сұраныс жіберілгендігін айтты. «Ал, ошағанның жайы өте күрделі болып тұр. Онымен өртеп күресу мүмкін емес» деген Амангелді Барақатов бүгінде аталмыш тікенек шөптен мал азығын дайындау мәселесінің қаралып жатқандығын жеткізді.
Айтуынша, Кеден Одағына мүше Белоруссия мемлекетінде бұл тәжірибе іске асырылып жатқан көрінеді. «Ошағанның екі түрі болады екен. Біреуі улы, екінші түрі – мал азығына жарайтын түрі. Зерттеулер Құрманғазы жеріндегі ошағанның мал азығына жарамды екендігін көрсетті. Сондықтан, ошағанды түйіршіктелген азық түрінде дайындауды инновациялық жоба ретінде ұсынғалы отырмыз» дейді ол.
Балқұдық, Сүйіндік ауылдарының аудан орталықтарымен байланысының қиындығы, Қоянды топтық су құбырының құрылысы жайын сұраған облыстық телеарна журналисі Назарбек Қосшиевтің сауалына аудан басшысы бүгінде шекарадағы проблемалардың жоғарыда айтылған Үкімет тарапынан құрылған комиссияға мәселе етіп қойылғандығын жеткізді. «Қарабайлы жаяу өткел бар. Халық соны пайдаланып келеді. Әрине, заман талабына сай өткел орнату ойда бар. Бірақ, бұл ұзақ уақытты қажет ететін және екі мемлекет арасында шешілуі тиіс мәселе» деді аудан басшысы.
«Ал, Қоянды топтық су құбырының құрылысы 2004 жылы басталды. Жыр болған құбыр кезең-кезеңімен жұмыс істеп келеді. Бүгінде құбырды қарайтын елді мекен қаралмаған. Егіндіқұдық, Батырбек елді мекендеріне 209 млн. теңге бөлінді. Мердігер компания қаржы уақтылы бөлінбегендіктен, құрылыс келер жылы аяқталып, сәуір–мамыр кезінде жоба іске қосылады» деп атап өтті Амангелді Кеңесұлы. Алайда, құбырды іске қосатын мекеме әлі белгіленбепті. Бүгінде «ҚазСуШар» мекемесіне хат жіберіліпті.
Брифинг барысында облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Алтыншаш Құрмашева аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік төлемдерден басқа қандай көмектің көрсетіліп отырғандығын және балықшылардың лимитін не себепті уақтылы ала алмайтындығын, оны ұзарту мүмкіндігінің бар-жоғын сұрады. Бұл орайда брифинг өткізуші Амангелді Кеңесұлы аз қамтылған отбасыларға демеушілер арқылы есепті мерзімде 4 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілгендігін айтты. «Біреулер үйіне газ немесе су қоса алмай жатады. Сондай отбасыларға мейлінше көмек көрсетіледі. Балаларының жылдық оқу ақысын төлей алмай жатса, КТК компаниясы немесе кәсіпкерлер арқылы қолдау болады» деп мәлімдеді ол. Ал, балық аулау лимитін жергілікті әкімдіктің белгілемейтіндігін, балықшылардың тендер бағытында жұмыс істейтіндігін жеткізді.
Азғыр бір ауданның не облыстың ғана емес, тұтас мемлекетіміздің үлкен проблемасына айналып отыр. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газетінің өкілі Жолдасбек Шөпеғұл «Азғырға газ тарту мәселесі қашан шешіледі? Жоба басталды ма?» деп сұрады. «Рас, газ, жол халықтың үлкен сұранысына айналған мәселе болып отыр, — деді бұл орайда Амангелді Барақатов. – Бұл бүгін не ертең шешіле қоятын мәселе емес. Біздің есептеуімізше, бір ғана газ тарту ісіне 28 млрд. 300 млн. теңге қажет болады екен. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл аз сома емес. Ал, бүгінгі таңда халықты күз, қыс мезгілдерінде газбен қамту жайы тіптен қиындап отыр. Осыған орай, облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының тікелей араласуымен екі мекемеге арнайы тапсырма берілді. Бүгінде Сүйіндікте екі мекеме жұмыс істейді. Халық осында балондарды газбен толықтырып отырады» деді ол. Бұл жайт, әрине, азғырлықтардың барлық мәселесінің шешілгендігін көрсетпейді. Десек те, газ балонын толықтыру үшін сонау Азғырдан Атырауға арқалана жеткеннен гөрі, Сүйіндікке келу едәуір жеңілдік. Аудан басшысының айтуынша, жол салудың өзі 34 млрд. теңге қаражатты қажет етеді екен. «Мәселе өте күрделі. Қаржы да, қаражат та қомақты. Бүгінде Үкіметке сұраныс жіберілді. Бұл орайда бізді үлкен жұмыстар күтіп тұр» деп мәлімдеді Амангелді Кеңесұлы.
«Қазақстан – Атырау» өңірлік телеарнасында жарты сағат бойына тікелей эфирде жалғасқан брифингті облыс әкімі жанындағы баспасөз қызметінің жетекшісі Саламат Сабыр қорытындылап, келесі аптада Қызылқоға ауданының әкімі Мақсот Мұқановтың журналистер сауалдарына жауап беретіндігін жеткізді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button