Жарнама
Саясат

БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІК БАСТАУЫ

Бүгінге дейін діни эстремизмнің алдын алып, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру күн тәртібінен түскен емес. Ел дамуының басты кілті саналатын бұл құндылықтарды сақтай отырып, алға жылжу Президенттің биылғы Жолдауынан да тыс қалмады. Әңгіме төңірегінде аталмыш басқарманың бөлім басшысы Нұрәлі Қайранбаев баяндап, ұлтаралық келісімді нығайтуда Атырау өңірінің үлесі мен бұл бағытта атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.

Өз кезегінде «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы директорының орынбасары Айбек Аташев сөз алып, тәу етер Тәуелсіздіктің құндылықтары туралы ойын тарқатты.

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, бүгінгі жас буын өкілдері тәуелсіз жаңа елде өсіп келеді. Дәлірек айтқанда, олар тоқсаныншы жылдардағы қақтығыстарды, күйреуді көрмеді. Сондықтан, олар өмір заңдылығы осылай болуы тиіс деп ойлайды. Ал, шындығында, бүгінгі күннің бізге оңайлықпен келмегені ақиқат. Бұл ретте өскелең ұрпаққа тұрақтылық пен келісім деген не? Оны көздің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа жеткізуде әр азамат иманды, өз елінің нағыз патриоты болуы керек. Осы әңгімені, дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Атырау облыстық филиалының басшысы Өтепберген Әлімгереев тарқатты.

— Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық хатшылығы өңірдегі 33 ұлт пен ұлыстардың басын біріктіретін 17 мәдени бірлестікпен жұмыс жасайды. Олардың тату-тәтті бірлігі мен ынтымағының арқасында тәуелсіздігіміз нығайып, экономикамыз бен саяси-әлеуметтік ахуалымыз артып келеді.

Сондай-ақ, пенде бойындағы имандылық иірімі саналатын дінді дәріптеу аймақтағы ұлттар мен ұлыстардың арасында үзілмей жалғасып келеді. Этномәдени бірлестікке қарасты адамдар діни сенімдері жағынан әрқалай. Алайда, оларды сен провославсың, болмаса католик, будда, ислам деп бөліп жатқан ешкім жоқ. Әркімнің өз сенімі, түсінігі арқасында ұстаным деңгейі бар.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, имандылық бағыттағы жұмыстарды арттыруда аймақта 52 мектепте  факультативтік сабақтар жүреді. «Мұның бәрі Елбасының сарабдал саясаты негізінде жүзеге асып жатқан жұмыстар. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да ел бірлігіне, тұрақтылыққа баса мән берді. Ендеше, мейлі кәрі, мейлі жас, қазақ немесе өзге ұлт өкілі болайық, ең бастысы – тұрақтылықты сақтап, бірліктен ажырамауға тиіспіз,-деді Ө.Әлімгереев.

Бұл пікірлерді қостаған ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Анарбек Нодияров жастарды толеранттылыққа тәрбиелеу жөніндегі ойын сабақтады.

«Толеранттылыққа тәрбиелеу ең бірінші отбасынан басталады. Отбасы – жас ұрпақты жеке тұлға ретінде қалыптастырудың қайнар бастауы. Бала үшін тәрбиелік орта. Сондықтан, отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс болып қалыптасуына баса мән берген жөн. «Отан отбасынан басталады» десек, ешкім ешқашан өзгенің тәуелсіздігіне қол сұқпауы керек. Ал, мұның бәрі отбасында қайнап жатқан тәрбиеден бастау алады» деген А.Нодиярұлы ұйғыр мен қазақ арасындағы достықты алға тартып, бұл бірлігімізге өзгелердің қызыға қарайтынын мақтанышпен жеткізді.

Жиынға қатысқан өзге де этномәдени бірлестік өкілдері  Тәуелсіздігімізді жария еткеннен бері Қазақстанның даму жолы, оны мекен еткен ұлттар достығының үлгісі болғанын айтып, бұл барша қазақстандықтардың еңбекқорлығы мен бірлігінің жемісі екенін жеткізді.

«Бүгінге дейін жеткен жетістігіміз аз емес. Тәубе дей отырып, ендігі уақытта бұл құндылықтарымызды сақтап, келешек ұрпаққа адал аманаттау – баршамыздың міндетіміз. Елбасының салып берген сара жолында әрі қарай бір кісідей жұмыла еңбек етуге тиіспіз» деді жиынды қорытындылаған сөзінде Н.Қайранбаев.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button