БЕРЕКЕ БАСЫ – БІРЛІКТЕ
Бірлік болмаған жерде реформалардың сәтті жүзеге асуы екіталай. Сондықтан, Елбасы қазақстандықтарды әрдайым ауызбіршілікке үндеп келеді. Міне, соның нәтижесінде көпұлтты Қазақстан өзінің даму жолында бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңыздылығын әлемге үлгі етіп отыр.
Құрылғанына жиырма жылдан астам уақыт өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі миссиясы – көпұлтты елімізде ұлтаралық, этносаралық түсіністік орнатып, тұрақтылықты сақтау. Бұл міндет пен жауапкершілікті сезінген құрылым санаулы жылдың ішінде түрлі ұлттарды бір мақсатқа ұйыстырып, келісімнің киелі бесігіне айнала білді. Уақыт өткен сайын бүкіл қазақстандықтар оның жұмысын одан әрі ұғына түсіп, ортақ мақсатты жүзеге асыру жолында еңбек етуде.
Елбасы мақаласында біртұтас ұлт құрудағы маңызды екі негіздің бірі Мәңгілік ел идеясы екендігін айтады. Аталған ұлттық идея – Қазақстан халқын біріктіріп қана қоймай, елді басты мұратына жетелейді. Себебі, Мәңгілік ел идеясында халқымыздың өткенімен қатар, қоғам дамуының бүгіні, ертеңгі болашағы көрініс табады.
Мәңгілік ел идеясын жүзеге асыратын және оны одан әрі дамытатын жастар екені белгілі. Олар осы ұлы арманды орындау үшін өз Отанын сүйетін ұлтжанды, патриот болуы қажет. Патриотизм – біздің қазақстандық жастар үшін этностарды бөлшектейтін, жіктейтін, бір-біріне қарсы қоятын емес, керісінше, біріктіретін күш ретінде мойындалып, қалыптасуы керек. Ел мәртебесі, оның асқақтығы мен биіктігі, тұтастығы мен мызғымастығына әділеттілік, өзара ынтымақтастық пен сыйластық негізінде қол жеткізілуі тиіс. Сондықтан, бүгінгі қазақстандық жастарды осы аталған позитивті бағытта тәрбиелеудің маңызы зор.
Жаннат АСАБАЕВА, Атырау инженерлік-гуманитарлық институты ҚХА кафедрасының доценті, Қазақстан халқы Ассамблеясының ардагері