Басты мәселе – баспана
Ұлт Көшбасшысы халыққа кезекті Жолдауында жас отбасыларға жеңілдікпен үй беру жайына жан-жақты тоқталды. Өйткені, баспанамен қамту – күн тәртібінен түспейтін басты мәселе. Бұл ретте, әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау тапсырылды.
«Халыққа сапалы әлеуметтік қызмет көрсету ісі тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздегі кез келген елді мекенде жайлы әрі қауіпсіз өмір сүру сипатындағы мол мүмкіндіктермен үйлесімді түрде толыға түсуге тиіс. Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы» деді Президент. Енді тұрғын үй ипотекасын қолжетімді ету үшін мемлекет тарапынан барлық шаралар алынатын болады. Сонда жастарға тек ел үшін ерінбей еңбек ету ғана жүктеледі. Басқасына олар алаңдамайды.
Бірақ, жасалып жатқан жұмыстарды да жоққа шығаруға болмайды. Мәселен, «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары – соның айғағы. Елбасы атап көрсеткендей, тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттырады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайтуға да зор мән беріліп отыр.
Сайып келгенде, мұның бәрі де 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек. Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауда осыны ерекше атап айтты. Сөйтіп, бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді.
Серік ҚАДЫРОВ,
«Жастар ресурстық орталығының» басшысы.