Жарнама
Саясат

БАСТЫ МАҚСАТ – МӘҢГІЛІК ЕЛ

Мен сонау 1999 жылы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Атырау облыстық филиалының алғашқы төрағасы болған едім. Ол кезде партия осылай аталатын. «Ауыл» социалистік-демократиялық партиясы облыстық филиалының басшысы болған аз уақытты есепке алмағанда содан бері «Нұр Отанмен» бірге келемін. Бүгінде өңірдегі кәсіптік-техникалық оқу орындарын біріктіретін «Нұр Отан» партиясының «Жалын» бастауыш ұйымының төрағасымын, облыстық филиал жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының мүшесімін.

Мұның бәрін неге айтып отырмын? Өйткені, Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда еліміздегі басты саяси күш ретінде «Нұр Отан» партиясына үлкен жауапкершілік жүктелген. Мемлекет басшысы әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында халықтың әл-ауқатының түсіп кетпеуін көздеп, Ұлттық қордан қомақты қаражат алуға тапсырма берді. Сол миллиардтаған қаржының бәрі экономиканы сауықтыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, тұрғындардың тұрмысын түзеуге арналған. Ендеше, бір теңгесі де шашау шықпай, нақты бағыттарға жұмсалуы тиіс.

Елбасы Жолдауында оқу орындары мен өндіріс ошақтарының тығыз байланыста болуы керектігі үнемі айтылып келеді. Бұл теория мен тәжірибені ұштастыруға, сайып келгенде, дипломды мамандардың кәсіпорынды жатырқамай, бірден іске кірісіп кетуіне септігін тигізеді. Осы орайда өңірдегі 70-тен аса отандық және шетелдік компаниялармен байланыс орнаттық. Ауыл шаруашылығы құрылымдарымен қарым-қатынасымыз жақсы. Солардың бәріне де студенттерді өндірістік тәжірибеге жіберіп, алған білімдерін нақты істерде көрсетуіне мүмкіндік туғызып отырмыз. Тіпті Ресейдің Астрахан қаласындағы Теңіз және өзен транспорты Каспий институты базасында біздің «Кеме жүргізушісі» мамандығы бойынша оқып жатқан студенттеріміз тәжірибеден өтіп, халықаралық сертификаттарға ие болады. Бұл – бұрынғы адмирал Ушаков атындағы Теңіз академиясы. Демек, материалдық-техникалық базасы мықты, беделі биік оқу орындарының бірі. Міне, сонымен де берік байланыс орнаттық.

Қазір біздеауыл шаруашылығы, құрылыс, теңіз, т.б. сала бойынша екі мыңнан аса студент дәріс алуда. Елбасы талабына сай оларға жан-жақты білім беруге барлық жағдай жасалған. Төрт мәрте Президенттік «Алтын сапа» сайысына қатысып, арнайы жүлдеге ие болдық. Білім берудің ИСО 9001-2009 сапа менеджменті оқу-тәрбие процесіне толық енгізілді. Атап айтарлығы, колледждер арасында республикада алғашқылардың бірінің қатарында Институционалдық аккредитация куәлігіне ие болдық. Сөйтіп, халықаралық дәрежеде білімді, кәсіби білікті мамандар дайындау мүмкіндігін алдық.

Елбасы жас мамандардың терең тәлім алуына, сол білімін ел кәдесіне жаратуына ерекше мән беріп отыр. Осы орайда кадрлар дайындаудың дуальдық жүйесін енгізу бағытында біраз игі қадамдар жасалды. «Жұмыспен қамту-2020», «Дипломмен – ауылға», «Жол картасы» бағдарламалары бойынша түлектеріміздің тұрақты қызметпен қамтылуын қадағалаймыз. Өйткені, олардың әрқайсысы – еліміздің ертеңі.

Мемлекет басшысының Жолдауында оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту жайы айтылды. Бұл ретте де облыстық әкімдіктің қолдауымен біраз іс тындырылды. Колледждің 2007-2017 жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасы бар. Соған сәйкес кешенді шаралар кезегімен жүзеге асырылуда. Бас оқу корпусы толық жөндеуден өтті. Колледждің өз қаражаты есебінен №2 оқу корпусы тұрғызылды. Озық технологиямен жабдықталған №3 «ТОРА» мамандығына арналған оқу кабинеттері мен шеберхана пайдалануға берілді. Спорт кешені, акт және конференцзалдары, т.б. нысандар қатарға қосылды.

Қазір 200 шамалы компьютер жұмыс жасап тұр, 24 кабинет интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген. Арнайы пән зертханалары жабдықталды. Су көлігін пайдалану мамандығына өңірімізде теңдесі жоқ заманауи тренажер алынды.

Елбасы республикадағы барлық оқу орындарының әлемдік талаптарға сай болуын жүктеді. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына сәйкес 2011-2020 жылдары білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында оқу-тәрбие жүйесінде e-learning электронды оқытудың пилоттық жобасы іске қосылды. Оған дайындық барысында 30 моноблок, 20 компьютер, 17 ноутбук, үш интерактивті проектор алынды. Қазір солардың бәрі сымсыз интернет желісіне қосылып, студенттердің игілігіне айналды.

Мемлекет басшысы елімізді әлемнің ең дамыған отыздығына бастап келеді. Алдымызда асқаралы міндеттер тұр. Ендеше, біздің мамандарымыз да Елбасы көздеген мақсаттарды бірлесіп жүзеге асыруға даяр болуы шарт. Сондықтан, терең тәлім өз алдына, келешекте Отанын шексіз сүйетін, халқының дәстүрін қадірлейтін, мәдениеті жоғары, адамгершілігі биік жастар қажет.

Елбасының «Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осы ұлы құндылығы» деген сөзінің тәрбиелік төркіні тым тереңде жатыр. Мемлекет басшысы «Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау деген сөз» деуі бұл мағынаның мәні мен маңызын одан әрі аша түседі. Ендеше, Жолдауда айтылған әрбір сөзді өзіміз жете түсініп қана қоймай, өзгелерге де ұғындыруымыз керек. Сөйтіп, Елбасы төңірегіне тығыз топтасып, алға қойған міндеттерді бірлесіп жүзеге асыруға жұмылуымыз қажет.

Болат ҚОЖИЕВ,

Атырау аграрлы-техникалық колледжінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button