Басты басымдық – ұлттық мүдде
Президент II Еуразиялық экономикалық форумда Еуразиялық экономикалық одақтың алғаш құрылған кездегі келісімдердің негізінде жұмыс істеу керектігі туралы айтты. Одақтың мақсаты – одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық мүдделері тұрғысынан интеграциялық процеспен бірлесе дамуды көздейді. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың негізінде саяси бастамалар көтерілетін болса онда Қазақстан ол ұйымның ішінде бір күнде болмайтындығы бұрын да айтылғандығы белгілі. Сыртқы саясаттағы ұлттық мүддені қалыптастыратын векторда жұмыс істейтін Қазақстан Республикасы қазіргі Президенттің тұсында да осы бағытты мызғымастай ұстанып келе жатқандығын көрсетті. Мұны экономикалық форумның аясында да қайтадан барлығының есіне түсірді.
Қазір геосаяси, геоэкономикалық ахуал күрт өзгеріп, әртүрлі процестер жүріп жатыр. Қоғамдық деңгейде, аймақтық деңгейде қайтадан жаңа сұраныстарға, талаптарға жұмыс істеуге итермелеуде. Осы тұрғыда Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мүше мемлекеттердің ішінен қосымша саяси бастамаларды ұсыныс жасап жүрген мемлекеттерге қайтадан экономикалық мүдде ғана жинап отырғандығын еске салды. Сондықтан, бұл дұрыс бағыт.
Себебі, кезінде Еуропаның өзінде де кеден одағы қалыптасып, оның артынша Еуропалық экономикалық қауымдастық құрылған кезде де мақсаты – таза экономикалық мүдде қалыптастыру болатын. Экономикалық мүдде дегеніміз не – ортақ сол аймақтың ішінде нарықтық ережелерді жеңілдету, ортақ сауда-саттық қарым-қатынастарын барынша тиімді жасау, айталық шекарадан өту, белгілі бір ішкі бағаны тұрақтандыру үшін екі мемлекеттің арасында тауар айналымын біріккен компаниялар арқылы технологиялық бағытта, инфрақұрылымдық бағытта бірге дамуды жетілдіру болатын. Интеграцияның мақсаты да сол – ықпалдастыру.
Интеграциялық қауымдастыққа кіретін мемлекеттер басқа мемлекетке қарағанда екіжақты келісімдер немесе көпжақты келісімдерге қарағанда, анағұрлым тиімділігін көрсететін қауымдастық болып есептелуі керек еді. Бірақ, президент осы сөздері арқылы әлі де болса қауымдастықтың экономикалық мүмкіндіктерін немесе нәтижелері мен игілігін толық көріп отырған жоқпыз деп саяси амбицияға берілмеуге шақырды.
Басты басымдық – ұлттық мүдде. Еуразиялық экономикалық форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарында нағыз дипломат ретінде нақты саяси ұлттық ұстанымды көрсете білді. Егер де халықаралық қатынастарда кез келген қарсы тараптан жасалған әрекет мемлекеттің ұлттың мүддесінен 50 пайыздық межесінен асыратын болса, мұндай жерде халықаралық өзара қағидалар бұзылады деген теория тайға таңба басқандай анықталған.
Биылғы экономикалық форум аясында, түрлі саяси бастамаларды танытқан Ресей мен Белоруссия елдерінің қимылдары бір жақты ұстаныммен байқалды. Алайда, негізсіз саяси амбицияға орын берілмейтіндігін, Еуразиялық Экономикалық қауымдастығына кіретін мүше мемлекеттердің ортақ Жарғысы, теңдік, алалау мен қысым жасамау, ортақ мүмкіндіктерге ие болуға негізделген төрт қағиданы ел Президенті орынды әрі ресми деңгейде көтере білді.
Бұл жолы да Қазақстан бастаған қалған мүше елдер, бастапқы келісімнің негізінде өзара интеграциялық саясатын жүргізе беруге қайта уағдаласқандай болды. Керісінше, аймақтық интеграция бағытында Қытаймен, Үндістанмен, Иранмен, Орталық Азия елдерімен экономикалық, көлік-логистикалық байланыстарын тереңдете беру перспективаларына аса мән беруге шақырды. Бұл жағынан, ел президенттері халықаралық деңгейде жеке ұлттық көзқарастары мен ұсыныстарын аталған форумның шеңберінде ортаға салды. Саяси амбициядан гөрі, нақты экономикалық нәтижелер маңызды деген Қасым-Жомарт Кемелұлының пейілі аталған форумның қатысушыларының жетесіне жетті деп ойлаймыз.
Мақсат ЖАҚАУ,
саясаттанушы.
Арнайы «Atyraý» газеті үшін