ТАРИФ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА ТҰР

Орталық Коммуникациялар Қызметі брифингіне ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасарлары Асылбек Дүйсебаев пен Аманжол Алпысбаев қатысып, тариф саясатына байланысты көптеген жайларды ортаға салды. Белгілі болғандай, қазіргі таңда коммуналдық қызмет көрсету желілерін жаңартып, соның арқасында төлемақыларды азайтуға қол жеткізуді жоспарлап отырған агенттік монополистерді еркіне жібермей, барынша тежеп ұстауда. Атап айтсақ, былтыр тарифті көтеруді сұраған 1073 өтінімді қараған ТМРА оның 406-сына қарсылық білдіріпті. Бұдан басқа, 29-ның тарифін төмендетіп, 478-нің тарифін бекіткен. 

 

Ал, биыл келіп түскен елуден астам өтінімнің ішінде жиырмасы «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерді сумен қамту бойынша келіп түскен. Жалпы, еліміздегі су арналарының желілерін жаңарту және қайта құрылымдау үшін суға тариф қалыптастырудың жаңа тетіктерін енгізудің кешенді жоспары қолға алынуда. Қазіргі таңда бұл жұмыстар Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Жамбыл облыстарында жүргізілуде. 

Кешенді шаралар әбден пайдаланылып, тозығы жеткен ескі желілердің үлесін 2020 жылға дейін 15 пайызға төмендетуді, энергия үнемдеу технологияларын енгізудің есебінен шикізат, материалдар мен отын шығындарын үнемдеуді, шығыстарды қысқартып,  қызмет сапасын жақсартуды көздейді. Асылбек Дүйсебаев «егер осы аталған индикаторларға қол жеткізбесе, монополистерден тұтынушылардың ақшасын қайтарып беруін талап ететінін» де жасырған жоқ.

Құралай ОРАЗ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз