Бас жоспар – басты құжат ол елді мекеннің дамуы үшін керек

   Аймақ құрамына екі қала мен 165 үлкенді-кішілі елді мекен кіреді. Ал, оның ілгері дамуы үшін әрқайсысының бас жоспары болуы шарт. Өйткені, ол – сол өңірдің одан әрі өркендеуіне қатысты кешенді жоспарлауды ай-қындайтын және аумақтағы іргелі істерді ұтымды ұйымдастыратын негізгі құжат. Міне, осы орайда облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Төлеп Орынбасаровқа бірнеше сауал жолдаған едік.

– Алдымен, аймақтағы елді мекендер бас жоспармен қаншалықты қамтамасыз етілді?

– Мен бұл қызметке 2012 жылғы 1 қарашада тағайындалғанда облыстағы 167 елді мекеннің тек төртеуінде ғана бас жоспар бар екен. Яғни, Атырау қаласы, Индербор, Мақат пен Доссор кенттері осындай құжатпен қамтамасыз етіліпті. Сөйтіп, 2013-2015 жылдары 85 елді мекеннің бас жоспары жасақталды. Турасын айту керек, бұл – оңай шаруа емес. Топо-графиялық түсірілімдер мен қажетті жобаларды біріктіре отырып, жан-жақты саралап, нақты құжатты өмірге әкелу керек. Себебі, кейін жалғасар құрылыс соған байланысты. Міне, сондықтан, қысқа мерзімде Құлсары қаласының, Аққыстау, Ганюшкино, Махамбет пен Миялы елді мекендерінің бас жоспарлары дайындалды. Әсіресе, Жылыой ауданы орталығының құжаты даярлануы мұнда құрылыс жұмыстарының қарқын алуына оң әсер етті.

– Шағын елді мекендер шет қалған жоқ па?

– Олардың да құжаттары жасақталды. Мәселен, 2013-2014 жылдары Атырау қаласының қолданыстағы бас жоспары жаңғыртылды. Соған сәйкес Жұмыскер, Балықшы, Геолог, Бірлік, Томарлы, Ақсай секілді барлығы 16 шағын елді мекен облыс орталығының құрамына енді. Алдыңғы жылы Қызылқоға, Жылыой, Махамбет және Құрманғазы аудандарындағы барлығы 12 елді мекеннің құжаты қабылданды. Былтыр 45 ауылдың жеңілдетілген бас жоспарын әзірлеу жұмыстары жүзеге асырылды. Оның ішінде аймақтағы Балқұдық, Сүйіндік, Еркінқала, Жарсуат, Тайсойған, Мұқыр, Қосшағыл, тағы басқа шағын елді мекендер бар. Биыл 54 ауылдың осындай құжаттарын даярлауға қажетті қаражат бөлінді. Соған сәйкес ашық конкурс ұйымдастырылып, мердігер мекемелер анықталды. Бүгінде жобалау жұмыстары басталып та кетті. Жалпы, биыл 139 елді мекен қала құрылысы құжаттарымен толық қамтамасыз етілмек.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз