ӨНДІРІСТІ АУДАННЫҢ ӨРІСІ ҚАЙТСЕ КЕҢЕЙЕДІ?

Еліміздегі облыс, қала, аудан басшыларының атқарған жұмыстары жөнінде тікелей эфирде есеп беру үрдісі биыл жаңаша форматта жүріп жатыр. Бұл жолғы кезекте сейсенбі күні «Жайық-ақпарат» баспасөз клубында болған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуге Мақат ауданының әкімі Ерболат Омаров келді. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Саламат Сабырдың кіріспе сөзінен кейін мұнайлы ауданның тыныс-тіршілігі жөнінде сөйлеген әкім журналистердің көкейкесті сауалдарына жауап берді.

 

ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫС ЖҮЗЕГЕ АСЫП ЖАТЫР

axczczМақат ауданында экономиканың нақты секторы бойынша алғанда жыл басынан бергі өндіріс өнімінің көлемі 50 млрд. 223 млн. теңгені құраған. Аудандық бюджетке 2013 жылдың тоғыз айында 918 млн. 129 мың теңге салықтық түсім түскен, жоспар 110 пайызға артығымен орындалыпты. Темір жол бойымен тасымалдау көлемі аталған уақыт ішінде 11 млрд. 670 млн. 400 мың тонна. км. брутто құрады.

Аудан көлемінде жүзеге асқан үлкен жобаның бірі – тұрба компрессорлық №4 цех құрылысының аяқталуы.

Мақат ауданындағы соңғы жылдар көлемінде дамуы байқалған оң тенденцияның бірі – шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы. Қазіргі таңда1 мың 623 шағын бизнес субъектісі тіркелсе, оның 82-сі – шағын кәсіпорын, 8-і – шаруа қожалығы және мың жарымнан астамы жеке кәсіпкер болып табылады.

Аталған кәсіпкерлік құрылымдарда барлығы екі мыңға жуық адам жұмыс істеуде.  Бұл  өткен  жылғыдан 118,2  пайызға артық. Осылайша, бизнес нысандары жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, тұрғындарды жұмыспен қамтуға айтарлықтай сеп болып отыр десе артық емес. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес бойынша көрсетілген қызмет биыл 208 млн. 600 мың теңгені құраған. 

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша Мақат ауданында бір жоба іске асырылуда. Ол – Ескене стансасындағы құны 70 млн. долларды құрайтын «Вагондық сервис орталығының» құрылысы. Келесі жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарланған құрылысқа қазірде 45 адам тартылып  отыр, ал, жұмыс біткен соң қосымша алты жүздей адам жұмысқа алынады деп күтіліп отыр.

2013 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығын дамытуға Мақат ауданына 105 млн. теңге бөлінді. Осы бағдарлама бойынша несие алуға ниет білдірген 40 кәсіпкерге несие беріліп, олар қаражатын мал басын көбейтуге, наубайхана, кулинария, шаштараз, фотостудия, кір жуу цехын, жылыжай, кинотеатр ашу секілді тиімді мақсаттарға жұмсады.

Әлеуметтік салаға – айрықша назар

Ауданда денсаулық  саласы бойыншаүш аурухана, бір дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік пункт жұмыс жасайды. Жаңа емхана қазіргі заманауи техникалық құралдармен жабдықталған, дәрігерлердің жұмыс істеуіне толық мүмкіндік бар. Онда 42 дәрігер мен 209 орта медициналық қызметкер тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. 

Жас дәрігерлерге көмек көрсету мақсатында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында осы жылы екі дәрігерге 242 мың теңге көлемінде әлеуметтік көтермеақы беріліп, бір дәрігерге жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алып берілді.

Медицина саласындағы кадр жетіспеушілігі мәселесі – әлі өткір күйінде. Аудан бойынша медициналық қызмет көрсету үшін әлі де хирург, кардиолог, анестезиолог, терапевт, педиатр, акушер-гинеколог сияқты сегіз дәрігер қажет.

Мақат ауданында тоғыз мектеп пен тоғыз  балабақша  жұмыс  атқарады.  Биылғы оқу жылында 11 сыныпты 188 оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде бес оқушы «Алтын белгіге», бір оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. 

Жыл басынан бері білім беру саласына 10 жас маман жұмысқа орналастырылды. Ауданға келген тоғыз білім беру саласының маманына көмек көрсету мақсатында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 1 млн. 89 мың теңге көлемінде әлеуметтік көтермеақы төленіп, аталған бағдарлама аясында  үш  маманға  жеңілдетілген  несие  арқылы тұрғын үй алынып берілді.

Білім беру және тәрбие нысандарымен толықтай қамтуға аудан көлемінде жұмыс істейтін ірі компаниялар да үлес қосып келеді. Атап айтқанда, «НКОК» компаниясының әлеуметтік инвестициялық жобасы бойынша Мақат кентінде 160 орындық балабақша құрылысының жұмыстары аяқталып, 80 орындық жекеменшік балабақша пайдалануға берілді. Сондай-ақ, осы аталған жоба аясында Доссор поселкесінен 100 орындық шипажай-типтік балабақшасы салынуда.

Доссор поселкесінде 300 орындық Абай атындағы орта мектебінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Ал, Бәйгетөбе ауылдық округінде орналасқан 424 орындық  мектептің жартылай бос болуына  байланысты,  оны  мектеп-балабақша кешеніне айналдыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан басқа, аудандағы екі 1200 орындық мектепке күрделі жөндеу  жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, бастауыш сыныптағы оқушылар және аз қамтылған отбасы балалары ыстық тамақпен толықтай қамтылған.

Халықты әлеуметтік қорғау мақсатындаауданда 855 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркелсе, оның 662-сі қоғамдық жұмысқа жіберіліп, 282 адам әртүрлі мекемелерге тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Ауданның көптеген мекемелерінде 82 мүмкіндігі шектеулі адам әртүрлі мамандықпен тұрақты жұмыс жасайды. Мүгедектерді жұмыспен қамту мақсатында 2008 жылдан бастап «Аджип» компаниясының демеушілігімен ауданда «Мейірім» тігін цехы ашылып, жұмысын жасап келеді.

Жеке оңалту бағдарламасы бойынша тіркелген мүмкіндігі шектеулі жандар көмекші құралдармен толығымен қамтылған. Осыған қоса мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған екі психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті қызмет көрсетуде.  

Бүгінгі таңда аудан бойынша күнкөрісі төмен отбасыларды әлеуметтік қорғау мақсатында 18 жасқа дейінгі 1033 бала мемлекеттік жәрдемақы мен  әлеуметтік көмек алып отыр. Бұдан басқа, жергілікті басшылықтың сұранысымен биыл «НКОК» компаниясының демеушілігімен Мақат поселкесіндегі көп пәтерлік бірнеше тұрғын үйдің және «Нұрбөбек», №54 балабақшаларының алдына балалар ойын алаңдары орнатылды.

Күрделі жайлар  күрмеуі

Жасыратыны жоқ, мұнайлы өңірдегі су, жылу мәселесі қай кезден де түпкілікті шешімін күтіп, өткір қойылып келеді. Аудан бойынша барлығы 98 көп қабатты тұрғын үй бар, олардың ауыз су, кәріз су жүйелерінің тозығы жеткен. Осыған орай, Мақат және Доссор кенттерінің кәріз су жүйелерін күрделі жөндеуге және құрылысына облыстық бюджеттен 103 млн. 793 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде және осы жылдың соңында аталған жұмыстар аяқталады.

Сонымен қатар, мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде бюджеттен 410 млн. теңге қаражат бөлініп, Мақат кентінің 23 шақырым, Доссор кентінің  22 шақырым су құбырларының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.  

Мемлекеттік өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 23,5 млн. теңге бөлініп, оған Мақат, Доссор кенттерінің көшелері жарықтандырылып жатыр.  Сондай-ақ, алдағы жылы осы бағдарлама  аясында  Мақат пен  Доссор  кенттерінде балаларға арналған ойын алаңшаларын, демалыс саябақтарын  салу жоспарланды.

Мақат ауданын абаттандыру-көркейту және тазалық жұмыстары  жалғасуда. Демеушілік көмек арқылы Мақат кентінің ішінде 1000м2 асфальт төселсе, елді мекендерінің санитариясын қамтамасыз ету мақсатында19 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа қатты қоқыс тасымалдайтын арнайы техникалар, үш КамАЗ  автокөлігі сатып алынды.

Сонымен қатар, ауданда облыстық бюджеттен дәрігерлер үшін бір пәтерлік он тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Халықты жолаушылар көлігімен қамтамасыз ету үшін Мақат-Доссор аралығында маршрутты автобустар шығарылды, алдағы уақытта поселкеішілік маршруттар пайда болмақ.

Аудан жастары спорттық шараларға белсене қатысып, жарыстарға шығып, жүлделі орындарды иемденуде. Соның бірі – осы жылдың шілде айында Португалия мемлекетінде «Муай-тай» тайбокс спорт түрінен жастар арасында Еуропа чемпионаты өтіп, Қазақстан құрама командасынан жарысқа қатысқан мақаттық үш жасөспірім бір алтын, екі күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Ауданда тәртіп

сақшылары тапшы

Енді қоғамдық тәртіп саласыжөнінде. 2013 жылдың тоғыз айында 186 қылмыс тіркелсе, оның 15-і ауыр қылмыс болып табылады. Аудан бойынша қылмыстың ашылуы 16,1 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері 21 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан екі адам көз жұмып, сегізі әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Осы күнге дейін жолда  жүру  ережесін  бұзып, әкімшілік  жауапкершілікке  тартылған  жүргізушілер саны – 1266.

Тәртіп бұзушылықты болдырмау, алдын алу үшін көптеген жұмыстар қолға алынды. Әсіресе, мектеп оқушыларының арасындағы тәрбие жұмыстарына баса көңіл аударылып, олармен ішкі істер бөлімі ғана емес, прокуратура, әкімдіктің бөлім басшылары, мешіт имамдары және басқа да жауапты мекемелер  өкілдері  бірлесіп  іс-шаралар  атқаруда.

Соңғы дерекке сәйкес, аудандық ішкі істер бөліміндегі 93 штаттың 28-і бос күйінде тұр. Тәртіп сақшыларымен толықтай қамтылу тәртіптік ахуалға да айтарлықтай әсер еткен болар еді.

Жүйелі  істер  жалғаса  береді

Мақат ауданының әкімі Ерболат Омаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын одан әрі жақсарту мақсатында 2013 жылдың тоғыз айында жүргізілген жұмыстардың қорытындысымен таныстырғаннан кейін БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді.

Алғашқы сауал Доссор поселкесінен Мақатқа және Мақаттан шығар жолдардың нашарлығы жөнінде болды. Аудан басшысы «республикалық деңгейде маңызды болып табылатын Доссор-Мақат жолының15 шақырымын салу жөнінде жергілікті басшылық тарапынан ұсыныс беріліп отыр. Ол 2014 жылы жүзеге асырылады деген жоспар бар», – деп жауап қайтарды.

Сондай-ақ, жиналғандар жер жағдайы қатаң, құрғақ болып келетін аудандағы көгалдандыру жұмыстарының барысына қызығушылық білдірді.

– Бұл мақсатта сенбіліктер ұйымдастырылып, аудан көлемінде жұмыс атқаратын «НКОК», «Самек» сынды компаниялар табиғат қорғау іс-шараларына барынша үлес қосып келеді. Жалпы мекемелерге алты жүз түп ағаш егу жүктелген. Олар, сондай-ақ, жазғы суару жүйелерін қоршауға да атсалысты. Ауылдарды, ауылдардың сырт жағын көгалдандыру мәселесі қай тараптан да қолдау көріп отыр, – деді Ерболат Болатжанұлы.

Мақаттың коммуналдық мәселелері ұзақ жылдар бойына сынға ұшырап келгені жасырын емес. Аудан басшысы көп қабатты тұрғын үйлердің бұдан екі жыл бұрын дербес жылыту жүйесіне көшкенін, алдағы қыстан ешбір қиындықсыз шығады деп күтіліп отырғанын мәлімдегенмен, проблемалық жертөлелердің барын да жасырған жоқ. Барлығы 98 көп қабатты тұрғын үйдің жетпіс шақтысы тозған деп есептеледі. Олардың көпшілігінің жертөлелерінің санитарлық жағдайы сын көтермейді.

– Бұл жерде коммуналдық ақыларын уақтылы төлемейтін тұрғындардың да кінәсі барын жоққа шығармаймыз. Дегенмен, біз оларды демеушілер есебінен қолға алуды қарастырып отырмыз. Қазірдің өзінде екі үйдің жертөлесі тазартылды, қалғандары келесі айда қолға алынады, – деді Е.Омаров.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамыту бағытында қолға алатын істер аз емес. Қазірде ресми тіркелген сегіз шаруа қожалығының үшеуі ғана жұмыс істейді деуге болады. Саланың алға басуы жергілікті жердегі климаттың ерекшеліктеріне тікелей байланысты болып тұр. Осындай қиындықтардың салдарынан, аудан көлемінде мал өсіру қиын. Оларға мал азығын Қызылқоға ауданынан және көршілес облыстардан тасымалдап отырмыз. Әрине, атқарылып жатқан істер бар. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама аясында екі жылыжай ашу жоспарланған.

Айтқандай, биылғы жылдың соңына дейін ауданда қоғамдық монша ашу мәселесі де шешілмек. Бұрын жасап тұрған монша кейін сенімді басқаруға беріліп, кәсіпкер ұқсата алмағаннан кейін қайтадан кері қайтарылған. Қазір оны ашуға қызығушылық білдіріп отырған іскер жандар бар. Ал, ашылатын монша 180 орындық болады деп жоспарлануда.

Ескене және Байшонас ауылдарының көшірілуі мал басының төмендеуіне және ауданның жалпы статистикалық көрсеткіштеріне әсер еткені рас. Ерболат Болатжанұлының айтуынша, қазір Ескене стансасында екі жүзге тарта адам тұрып жатыр. Олар – түгелдей дерлік темір жол саласында жұмыс істейтіндер. Ал, көшіп кеткен үйлердің орнын тегістеу, рекультивизациялау жұмыстары қарастырылған.

Сұрақтардың бірі Мақат кентінің әкімі Жанболат Жүнісовке байланысты қойылды. Аудан әкімі рейтинг бойынша ең жас әкімдердің қатарынан табылатын басшының жұмысы оң бағаланып отырғанын жеткізді.

Аудан әкімі залдан қойылған барлық сауалдарға жауап қайтарып, ауданның экономикалық-әлеуметтік өркендеуін көздейтін шаралардың жалғасын таба беретініне сендірді.

Құралай Қуатова.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз