БАҚЫТТЫ БОЛАШАҚҚА БАҒДАР
Жолдаудағы мені қуантқан ең басты жағдай – мектепке дейінгі мекемелер санын көбейту, мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін үш жыл бойы қосымша қаржы бағыттау, сонымен бірге, мектептерді жөндеу мен жаңалауға да тиісті қаражат бөлінетіні айтылып, облыс әкімдері бұл жұмыспен барынша айналысуы тиісті делінген.
Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының барлығында да балалар – біздің елдің бүгіні мен болашағы, біздің мемлекеттің басты байлығы мен тірегі екенін нақтылай келіп, балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтуға байланысты проблемаларды түбегейлі шешуге бағытталған «Балапан» бағдарламасының орындалысын өз қолына алып, бақылауда ұстауда.
Президент бастамасымен жүзеге асып отырған бұл бағдарлама облыста, соның ішінде, Атырау қаласында жүйелі жүзеге асырылуда. Жыл өткен сайын мектепке дейінгі ұйымдар саны өсіп, олардың материалдық-техникалық жағдайы адам танығысыз өзгеріп келеді. Балабақшалардың компьютерлік сыныптармен, интерактивтік тақталармен, ғаламтор желісімен, Монтессори кабинеттерімен қамтылуы оқытудың жаңа технологияларын кеңінен енгізуге жол ашады. Бұл өз кезегінде мектепке дейінгі ұйымдардың көрсететін қызмет сапасының өсуіне ықпалын тигізуде.
«Балапан» бағдарламасы балаларды балабақшамен қамту мәселелерін шешудің тиімді жолы ретінде меншік формаларына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік білім беру тапсырысын қарастырады. Өткен оқу жылында Атырау қаласының өзінде жекеменшік 11 балабақшада 405 бала тәрбиеленсе, бүгінгі күні жекеменшік балабақшалар желісі 23-ке өсіп, 1204 бала балабақшамен қамтылды. Ата-аналардың балабақшаға деген сұранысын қанағаттандыруға зор мүмкіндіктер туып отыр.
Мемлекеттік бағдарлама мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытуға басымдық берген. Бүгінде Атырау қаласында ашылған жекеменшік балабақшалар өз қуатына сәйкес балаларды қамти алмай отыр. Ал, мемлекеттік балабақшаларға сұраныс көп. Сондықтан, жекеменшік балабақшалар мемлекеттік балабақшалар сияқты мемлекеттік тапсырыс алса, балаларды көптеп қамтуға мүмкіндік болар еді.
Білім беру жүйесінде жаңа технологияны қолдану арқылы келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, шығармашыл болуына жағдай жасау әрбір педагогтың міндеті болып табылады десек, осы міндеттерді шешуде №9 «Әлия» балабақшасының ұжымы да өзінің елеулі үлесін қосуда.
Мектеп жасына дейінгі балалардың логикалық ойлау қабілетін, экологиялық тәрбиесін инновациялық «Тәй-тәй», «Монтессори» технологияларының көмегімен дамыту, балаларды адамгершілік, отансүйгіштік қасиетке, көркем әдебиет, тіл дамыту, сахналық қойылымдар арқылы тәрбиелеу міндеттері біздің балабақшада жүйелі іске асырылып келеді.
Ел Президенті жарқын болашақты қамтамасыз етудің мақсат-міндеттерін саралап, жіктеп, қалай жүзеге асыру қажеттігін көрсетіп берді. Ал, біздің мақсат – Мәңгілік Ел болудың жолында жұдырықтай бірігіп, әркім өз саласы бойынша адал еңбек етуі тиіс. Сондықтан, бұл Жолдау біздің еліміздің жаңаша өркендеуіне жол ашатынына сенімім зор.
Дина Айтқожина,
№9 «Әлия» балабақшасының меңгерушісі,
Атырау қаласы.