БАҒДАРЛАМАЛАР ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛУДА?
Оның айтуынша, аталған бағдарламалар негізінен өндіріс орындарын ашуға, бизнеске мейлінше қолдау көрсетуге, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді екен. Дейтұрғанмен, өндіріс орындарын ашуда проблемалар кездесіп отыр. Барлық аудандардағы жобаларға ортақ проблема – жобалау-сметалық құжаттардың түрлі себептермен күні бүгінге дейін дайын болмауы немесе кәсіпорынның көзделген қуаттылық деңгейінен көріне алмауы. «Мәселен, Жылыой ауданындағы «Металл құю зауыты» арматура, бұрыштама, шеге секілді жылына 800 тонна металл өнімдерін шығарады деп күтілгенімен, күні бүгінге дейін тиісті қуаттылық деңгейінен шыға алмай отыр. Мұны қалай түсіндіресіздер?» деп сұрады облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Бейне-селектор барысында тікелей байланысқа шыққан Жылыой ауданының басшысы Максим Ізбасов зауыттың қуаттылық деңгейіне көтеріле алмай отырғанын металл жетіспеушілігімен түсіндірді. Бұл орайда облыс басшысы Атырауда мыңдаған тонна металдың далаға шашылып жатқанын орынды атап өтті. «Металдарды темір жол айналасынан да тауып алуға болады. Дат басып тұрған өзен бойындағы кемелерді кім алады? Бір ғана Атыраудың басында мың тонна металл бар. Солар жинақталса, әрі тазалық, әрі шикізат болар еді ғой» деді ол.
Қаржы министрлігінің әр жылдың соңына қарай Үкімет алдында игерілмеген қаражат туралы есеп беріп тұратыны белгілі. Бұл проблемадан Атырау да айналып өте алмай жүр. Ендеше, бюджеттен бөлінген қаржы неге игерілмейді? Басқасы басқа, субсидияға тиесілі қаражат неге «тұмсығы бұзылмаған күйі» мемлекет қазынасына кері қайтарылып жатыр? Бұл мәселеге түсінік берген облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Лариса Жұмағалиева субсидияның берілу-берілмеуі банктерге тікелей байланысты екендігін айтты. «Банк қоятын талаптар өте жоғары. Мәселен, кепілдікке салынатын жер қаладан аса қашық болмауы керек» деген ол сол себепті де қаржының игерілмей, бюджетке кері қайтарылатынын айтты.
Жиын барысында, сондай-ақ, барлық аудан басшылары үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асыруға ұсынылып отырған жобалар туралы баяндады. Белгілі болғанындай, жобалар негізінен ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған екен. Дейтұрғанмен, Жылыой ауданында жоспарланып отырған күн сәулесінен электр қуатын өндіру стансасының жөні бөлек. Аталған аудан әкімінің баяндауынша, жоба 2015 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Бұдан басқа, құны 14,8 млрд. теңгеге бағаланған қапталған тұрба шығаратын зауыт жобасы да бар. 75 пайызы Қазақстанға, 25 пайызы Германияға тиесілі бұл жоба жылына 140 тонна өнім шығара алады. 2016 жылы іске қосылатын жоба аясында негізінен отандық мамандар жұмыспен қамтылмақ.
Мақат ауданы күкіртті қапталған күйінде таситын вагон жасап шығаруды жоспарлап отыр. Ендігі мәселе, жобалар міндетті түрде жүзеге асырылып, көзделген қуат деңгейінен шыға алуы керек.
Өзге де өзекті проблемалар талқыға салынған жиын барысында облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов тиісті құрылымдарға, барлық аудан әкімдеріне бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды, қаржыны мақсатты игеруді міндеттеді.