Ауыл шаруашылығы мен мұнай өндірісі бір-бірімен байланысты

kz Саясат

Мемлекет басшысы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты бүгінгі халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығына қатысты проблемалар кезек күттірмейтінін ерекше қадап айтты.

«Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін  бір жерге жинақтайды» деді Президент. Мен бұл сөздерге толықтай қосыламын.

Екіншіден, Ресейге қатысты енгізілген санкциялар біздің елге де өз әсерін тигізбей қоймасы анық. Біз «Жаңа Қазақстан» құрайын деп жатырмыз.  Демек, өзімізбен бірге сөзімізді де, ісімізді де заман талабына сай өзгертуіміз керек. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар деп ойлаймын. Қазіргі уақыт жайбарақаттықты көтермейді. Қоғамның қай саласын да дер кезінде тығырықтан шығара білуіміз керек. Мәселен, қант тапшылығына байланысты туындаған проблеманы Қасым-Жомарт Кемелұлы ұятты жағдайға теңеді.

Бұл жағдай біздің өңірде де орын алды. Мұнайлы мекен атансақ та, «қара алтын» мен «көгілдір отын» бағасы бас бермей тұр. Әлде, отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерге көмірсутегі шикізатының қосымша табысынан субсидия төлеген дұрыс болар ма? Сол қаржылай көмек арқылы олар қажетті техникаларын алар еді. Сонда қантты да «алыстан арбаламай, жақыннан дорбалар» едік. Меніңше, бұл мәселені көп созғылауға болмайды.

Бірде Алматыға жолым түскенде, қант зауытында болып қайттым. Жұмыс жақсы жолға қойылған екен. Бірақ, құрылғылар әбден тозған. Көбісі кеңес дәуірінен қалған екен. Соның бәрін жаңартуға не кедергі? Ескіні жөндеуге жұмсалатын қаражатқа неге жаңасын алмасқа? Міне, осыны Үкімет шешуі тиіс қой. Егер бұлай жалғаса берсе, қант та қымбаттай береді. Ал, бүгінде әр үйдің дастарханынан табылатын тәттілердің бәрі содан жасалады емес пе?! Демек, бұған да шикізат ретінде қарау қажет.

Тап осы мәселе күнбағыс майына да қатысты. Оны өсіруге мемлекет көңіл бөліп, шаруаларға қолдау білдіруі керек деп санаймын. Техника, тұқым және жанар-жағармайға қатысты проблемалар шешілсе, ар жағын шаруалар өздері реттейді. Айталық, қазір әрбір адамның басына бәле болып жабысқан несиені бірде-бір пайызсыз ауыл кәсіпкерлеріне берсе, жағдай бәлкім оңалар ма еді?

Сондай-ақ, алда мал азығының тапшылығы да туындауы әбден мүмкін. Себебі, оның бағасы да аспандап барады. Бұл ретте, біреуде жер бар да, техника жоқ, ал, біреуде керісінше. Оларға мемлекет тарапынан тегін техника мен жанармай беруге болады ғой. Осы орайда, экономиканың барлық саласын кооперативтерге біріктірсе, бір көзден қаржыландыруға мүмкіндік туады. Сонда мұнай өндірісі мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары да өзара байланыста болып, бір-біріне қажет кезде қолұшын бере алады.

Владимир РОЗМЕТОВ, «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының жетекшісі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз