Жарнама
Саясат

Ауыл шаруашылығы ақсап тұр…

Бұл мәселені Президент «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты бүгінгі Жолдауында ашық айтты.

«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» деді Қ.Кемелұлы .

Президент ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше екпін қойып отыр. Неге? Себебі, бүгінде бірі қымбаттап, екіншісі тапшы болған азық-түліктің түгеліне жуығын сол ауылшаруашылық өнімдері құрайды.

Менің ойымша, бұл сала толықтай мемлекет құзырына өтуі керек. Сонда оны қадағалау да, реттеу де бір жүйеге келер еді. Мәселен, денсаулық сақтау мен білім беру тікелей мемлекет бақылауында болғандықтан жақсы жолға қойылған. Ұстаздарымыз заман талабына сай білім алып, жоғары жалақы алуы үшін барлық жағдай жасалған. Дәрігерлерге тиісті талаптар қойылып, еңбекақысы да көбейіп отыр. Қажетті құрал-жадықпен де қамтылған. Сол секілді ауыл шаруашылығына да осындай жағдай жасалуы қажет.

Қалай болғанда да, бұл – экономиканың үшінші маңызды саласы, әрі мемлекетіміз ұстанған үшінші негізгі бағыт. Сондықтан оның жеке қолда болуы тиімсіз. Тапшылық, дағдарыс дегендер осындайдан туындайды. Қарапайым мысал, егер біреудің меншігіндегі секер тауысылып қалса, одан тек иесі ғана емес, барша халық жапа шегеді. Осыдан келіп дүкен сөрелерінен маңызды азық-түлік жоғалып кетеді немесе қымбаттап шыға келеді. Тіпті, кейбір «ақылды» саудагерлер бағаны көтеру үшін тауарды қолдан азайтып жібереді. Соған жұрт балаша алданып қалады.

Екінші мәселе, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер мемлекеттен тиісті бақылау болмаған соң, жайбарақаттыққа салынған. Егер көңілі қаласа, 20 гектарға егін егеді, ал, қаламаса, жартысынан ғана өнім алуы мүмкін. Яғни, тұрақтылық жоқ. Міне, секердің тапшылығы да осыдан туындап отыр. Өз кезегінде мемлекет те шаруалардың су, жайылым, техникаға қатысты мәселелерін шешуге асыққан жоқ қой. Өйткені, шаруашылық жекенің қолында болғандықтан, «не істесең де өзің білге» салды.

Кейде кешегі кеңес дәуірін жамандап жатамыз ғой. Ал, сол кезде шаруалар мемлекет бекіткен жоспарды асыра орындап, қойылған міндетті мінсіз атқаратын. Ауыл шаруашылығында еңбек етудің өзі үлкен дәреже болатын. Жұмыс орындары да көп еді. Ал, қазір ше? Ауылға барып ешкім тер төккісі келмейді. Шаруашылыққа қажет шикізат, құрал-сайманның бәрі дайын күйде шетелден қымбатқа сатып алынады. Өзіміз ештеңе өндірмейміз. Сондықтан осы мәселелерді шешуді мемлекет жедел өз мойнына алуы тиіс. Ал, бұл үшін ауыл шаруашылығы жеке меншіктен шығарылуы керек деп ойлаймын.

Айман МУСАЕВА,

экономика ғылымдарының кандидаты, тәуелсіз сарапшы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button