Жарнама
Саясат

АУЫЛДЫ ДАМЫТУҒА – АЙРЫҚША НАЗАР

 

Махамбет аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Сұлтанғалиеваның хабарлауынша, насихаттық топ сапарын Ақжайық ауылынан бастаған. Ауыл тұрғындарымен кездесу барысында насихаттық топ жетекшісі,  облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Қилымғали Қайненов Жолдауда басымдық берілген жеті бағытқа тоқталып өтті.  Оның пікірінше, Жолдаудағы  жаңалық – мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кедергісіз қоғам құру. «Аялы алақанға зәру мұндай жандар тұрмыстық қызмет көрсету, тағам өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында жұмыс істей алады. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар жәрдемақы ғана алып қоймайды, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады» деп Президент атап көрсеткеніндей, ендігі жерде жұмыс беруші кәсіпорындар, бизнес иелерінің мұндай азаматтарды еңбекке тартуы үшін түрлі квоталар ойластырылуы қажет» деп атап айтты. Қилымғали Қайненов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайролла Базарбаев ел болашағының аграрлық секторда екеніне тоқталды. «Фермерлерге ұзақ мерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз шығуға жағдай жасалатын болады. Ендігі жерде мемлекетіміз ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы тиіс» деген ол ауыл шаруашылығын дамытуда мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидиялар, түрлі жеңілдіктер көлеміне тоқталды. Одан әрі топ мүшесі, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов мемлекеттік жастар саясатының Атырау өңірінде жүзеге асырылуы туралы баяндады. «Ауыл жастары мемлекеттік бағдарламалар туралы көп біле бермейді. Сол үшін облыс орталығындағы «Дина» базарынан кеңес орталығы ашылды. Онда жастарға тегін кеңестер беріледі, әсіресе өз ісін бастаймын деушілерге бизнес саласында жасалып жатқан мүмкіндіктер мол» деген ол аудандарда жастар ресурстық орталығының ашылып жатқанын мәлімдеді.

Кірме жолдар, селоішілік жолдар салынып, биылдыққа бір жаңарып қалған ақжайықтықтар Жолдау жаңалықтарын жылы қабылдады. Осындай әңгіме желісі Есбол селолық округінде жалғасты. Жиын барысында сөз алған Есбол ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Айса Солтанов, «Мәңгілік Ел» сөзінің мағынасына терең үңілді. «Сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз армандап, осынау ұлы мұрат жолында күресіп өткен егемендікке біз қол жеткізіп отырмыз. Ендігі тарихты «Мәңгілік қазақ елі» жасауы керек» деді ол. Басқосу барысында, сондай-ақ, насихаттық топтың өзге де мүшелері сөз алып, мемлекеттік дамудың әр саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ,

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button