Жарнама
СаясатҚоғам

Ауылдан шыққан дипломат

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» жобасы ел өміріне жаңа серпіліс әкелген оқиға болды. Шынында да, туған елге, жерге, Отанға деген шынайы махаббат алдымен өзі туған ауылын сүюден, оның ардақтыларын қадірлеуден бастау алса керек. Өз туған ауылыңның өткенін білу, ол туралы әпсаналарды зерделеу, тарихи тұлғаларын, көрнекті қайраткерлерін мақтан тұту – әр перзенттің асыл парызы. Бұл мақаланы  жазуыма осыдан 15-20 жыл шамасында болған мына бір оқиға түрткі болды.

20181216082939

Жаз мезгілі еді. Түс ауған шақ. Үй маңында жүр едім. Ауыл қорымы біздің үйдің  қасында болатын. Бір кезде бейіт жақтан бейтаныс, орта бойлы, толықша келген, қалаша киінген әйел маған қарай жүрді. Жолықтық. Амандастық. Жөн сұрастық. Есімі – Мүслима. Қысқа әңгімелесуден ұққаным: олар бұрын осы ауылда тұрған. Әкесінің есімі – Исағали. Анасы – Күлмай. Қайрат және Марат деген екі інісі бар. Әкелері бұлардың жас кезінде дүние салған. Бұл соғыстан кейінгі ауыр жылдар болатын. Халықтың тұрмысы өте ауыр. Елді жоқшылық, кедейшілік қинаған кез-ді. Содан олар түрлі себептермен Гурьев қаласына көшіп кеткен.

Арада жылдар өтіп, заман түзелді. Қоғам өзгерді. Тұрмыс жақсарды. Мүслима қасына інісі Маратты ертіп,  әкелерінің басына белгі қоюға келген  екен. «Ауылдан кеткелі де көп жыл өтті, — деп сөзін сабақтады Мүслима. – Содан бері мұнда ат ізін салмаппыз. Бұл күнде бізді танитындар да қалмаған шығар. Өзіміздің есімізде де ешнәрсе қалмапты. Бір есте сақталғаны, осындағы Жаңбыр деген қарттың Сара есімді қызы болушы еді. Сол бар ма екен, білмейсіз бе?» Мұны естіген бойда Қуандық (Телекбаев, Сараның жұбайы) ағамен хабарласып, оларды кездестірдім. Кейін білгенім, олар келген шаруаларын бітірген соң қалаға қайтып кеткен екен.

Қайрат Исағали, Қайрат Исағалиев! Бұл есім маған бұған дейін таныс, әрі бейтаныс еді. Таныс дейтінім, ол кісі жайлы мен «Атырау» энциклопедиясы және «Құрманғазы» шежіре кітабында берілген қысқаша өмір деректерінен оқыған едім. Қ.Исағалиев  – Тәуелсіз Қазақ елінің алғашқы дипломаттарының бірі. Әлемнің 54 елінде түрлі дипломатиялық қызметте болған, арнайы «Нәзір Төреқұлов» медалінің иегері.

Бейтаныс дейтінім – ол кісі туралы өте аз білетінім. Мұны толықтыру үшін не істеуім керек? Ізденуім қажет! Туған жер жайлы, оның өткен-кеткені, тарихи тұлғалары, көрнекті қайраткерлері, ақын-жазушылары, өнер адамдары туралы жазылған мәліметтерді жинастырып, сақтап жүретін бала күннен әдетім бар еді. Содан өзімнің шағын мұрағатымды ақтардым. Қолыма осыдан он жыл бұрын облыстық «Атырау» газетінде жарық көрген журналист – жазушы Ө.Әлімгереевтің «Дипломат» атты мақаласы тиді. Онда мынадай деректерге кезіктім.

Қайрат 1956 жылы Сафон селосындағы орта мектепті үлгілі аяқтайды. Бірақ, «білім алсам, оқуымды жалғастырсам» деген зерделі жастың қолын жоқшылық байлайды. Алдында  ғана әкесі қайтыс болған. Анасы Утера (Бірлік) селосындағы наубайханада от жағушы болып жұмыс істейді. Жұмыс өте ауыр. Қамысты ауылдан 4-5 шақырым жердегі теңіз өресінен өзі шабады, дайындайды, жаяулап тасиды. Пештің отын өзі жағады, күлін шығарады. Сондағы алатын айлығы – 5 сом. Тігерге тұяқтан – қорадағы жалғыз ақ сиыр. Анасы ағайындармен ақылдасып көрсе, олар: «Балаңды  балықшылар қатарына бер, кәсіпке аралассын, тіршілік қамын ойласын, — дейді. Күлмай ана болса, оның қатарынан қалмай, оқу оқығанын қалап, сол ойға түйін түйеді.

Содан бір күні анасы баласын  шақырып алып: «Балам, мен советтегі Қазбек хатшыдан (біздіңше Қазден болуы мүмкін) 400 сом қарызға ақша сұрап алдым. Ертең күзде мал семірген кезде қайтарып беруіме келісті. Марқұм әкеңмен жақсы жолдас болып еді. Таныстығын көрсетті. Ал, жинал Гурьевке, мүмкін Алматыға да барарсың» — дегені.

Сөйтіп, отбасының тұрмыс жағдайы қинаса да, үкілі үміт жетегіне ерген бозбала құжаттарын тез жинастырып, Гурьевке жүріп кетеді. Мақсат – медициналық оқу орнына түсіп, оташы болу. Өйткені, ауылда әжесі, әкесі, ағаларының дүние салуын осы дәрігер мамандарының жетіспеушілігінен деп ойлайтын. Өкінішке орай, қалаған медицина институтынан қабылдау комиссиясы келмей қалған екен.  Одан әрі Қайрат шет тілін меңгерсем де «тақияма тар келмес» деген шешімге бел буып, француз тілі бөліміне құжат тапсырып, сынақтан ойдағыдай өтіп, Алматы шет тілдері институтының студенті болып шыға келеді.

1961 жылдың жазында  араға бес жыл салып Алатау баурайына арман қуып кеткен бозбала өзінің туған өлкесі – Атырауға жоғары білімді француз тілінің маманы болып оралды. Алғашқы еңбек жолын Құлсарыдағы Қамыскөл мектеп-интернатында бастады. Сол кездегі білікті мектеп басшысы С.Қарабалин жас, іскер, алғыр ұстазға зор құрметпен қарайды. Алғашқы жылдары мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан Қайрат кейін аудандық деңгейдегі шараларда көзге түсе бастайды.  Бірде мұғалімдердің аудандық тамыз мәслихатында сөз алған ол сол кездегі аудандық партия комитетінің І хатшысы  С.Мұқашовтың назарын өзіне аударады. Көп кешікпей көреген басшы Қ.Исағалиұлын аудандық комсомол комитетінің хатшылығына шақырады. Жігерлі жас бұл жұмыста да ерекше белсенділік, зор ұйымдастырушылық танытады. Ол Бүкілодақтық жастар сыйлығына ие болады. БЛКЖО -ның ХХ съезіне делегат болып қатысады.

Осы оқиғалар Қайраттың өмірін мүлде басқа арнаға бұрады. Көп кешікпей ол КСРО Қорғаныс министрлігі саласына қызметке ауысады. 1969 жылы Алжир ХДР-да әскери қызмет аудармашысы болып жұмыс жасайды.  Араға үш жыл салып, өз Отанына оралып, Қазақтың шет елдермен достық және мәдени байланыстар қоғамында, одан әрі бес жылдай Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде нұсқаушы, «Интурист» АҚҚ-ның Алматы бөлімшесінің бастығы қызметтерін атқарады.

Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде өткізуге мұрындық болды. Түркіменстан мен Моңғолияда елшілік қызметте жүрген кездерінде отандастарымыздың елге оралуына көп көмегін тигізді. Күлтегін ескерткіштерін Қазақстанға әкелу, Бейбарыс сұлтанды  елге танытуда да айтарлықтай еңбек етті. Жалпы Қ.Исағалиұлы ­– Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының дамуы мен қалыптасуына зор үлес қосқан ірі тұлға, бұл саладағы алғашқы көшбасшы. Сонау бала кездегі «оташы болсам» деген арманы оны ойда жоқта француз тілінің маманы деген деңгейге жеткізсе, ал, бұл сала  сан қатпарлы дипломатиялық қызметке жетеледі және оның биік шыңына көтерді.

Каспий теңізінің солтүстік батысында орналасқан, балықшылардың құт мекені атанған шағын Бірлік (бұрынғы Утера) ауылына Жаратқан ие сұлу, әсем, ғажап табиғатты аямай бере салған. Іргесіндегі мың бұралып ағып жатқан мөлдір сулы, жағасы жасыл желек, балығы тайдай тулаған, ну орманы сыңсыған Қиғаш өзенінің, өзі неге тұрады! Елімізде өте сирек кездесетін, сұлулықтың символы – тұңғиықгүл көрген жанды таң қалдырады. Әсіресе, көктем мезгіліндегі әсем сұлулық, көркем табиғат, жан жадыратар жылылық «Кел, мені тамашала!» деп жар салып тұрғандай!

Ал, осыншама табиғатқа бай өлкенің адамдары ше?! Есімін ел таныған, тау тұлғалы азаматтарымен де сұлу бұл өлке! Олар – Еңбек Ері, академик, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, 4 орденнің иегері Қасым Әбуұлы Асанов, академик, экономика ғылымының докторы, профессор Қаби Оқаев, академик, география ғылымының докторы, профессор Нариман Әмірғалиев. Сонау 70-ші жылдары өмір сүрген, оқушы кезінде-ақ ғажап дауысымен атақты Ғ.Құрманғалиевті тамсандырып, ақ  батасын алған Мәди Жарбасовты бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Егер тірі болғанда қазіргі қазақ ән өнерінің ортасынан ойып тұрып, орын алар еді. Ес білгеннен еңкейген шағына дейін балықшы болып еңбек еткен,  Мемлекеттік сыйлықтың иегері, марқұм Сатыбалды Распеков аға, кеше ғана арамыздан өткен кескіндемеші, график-суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі Ғалит Хабдоллаев та осы өлкенің тумасы. Бұлардан басқа да еңбектерімен еленген мемлекеттік деңгейдегі марапат иелері ондап емес-ау, жүздеп саналады.

Бізді ойландыратыны, бүгінгі жас ұрпақ осы есімдерді біледі ме екен? Жауап қайтару қиын. Кезінде әр ауылда бір мұражай болатын. Құрығанда жауынгерлік және еңбек даңқы бөлмелері бар-ды. Бұл мәдени орындар жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуде шексіз рөл атқарып еді-ау. Бүгінде соның бірі жоқ. «Өткенін білмейтін елдің болашағы бұлыңғыр» екенін ескерейік. Ертеңімізді өшірмейік, ұлыларымызды ұлықтайық! Болашағымыз жарқын да, кемел болсын десек – жас ұрпақ  тәрбиесін шындап қолға алайық. Әрбір ауыл орталығында «Тұлғалар галереясын» жасақтасақ қандай ғанибет!

Нариманбек ШОЛТЫРҰЛЫ.

Бірлік ауылы,

Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button