АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ АЙТЫЛҒАН ПРЕЗИДЕНТ СЫНЫ ЕСКЕРІЛЕТІН БОЛАДЫ
Президент: «Шұжық өнімдерінің экспорты да 2013 жылы нөлдік деңгейге түсіп, кәсіпорындардың жүктемесі 28 пайыз ғана болған. Осындай жағдай сүт, қант және майға қатысты да байқалады. Мемлекеттің қолдауына сүйеніп отырған агроөнеркәсіп кешеніндегі көптеген жобалардан тиісінше қайтарым жоқ. «ҚазАгроҚаржы» былтыр 66 жобаны, ал биыл, қаржыландыру көлемі ұлғайса да, небәрі 16 жобаны іске асырған», — деп атап өтті Елбасы. Бүгін Президент тапсырмасы және Президент сыны қалай ескеріліп жатыр? ОКҚ баспасөз мәжілісі кезінде «ҚазАгро» басшысы Дулат Айтжанов айтып өтті. Д.Айтжанов: «69 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің (АШТӨ) қатысуымен мал шаруашылығы кластері құрылды, олардың саны әлі де өсе беретін болады. Кластердің басты мақсаты-АШТӨ мен мал өнімдерін қайта өңдеушілердің күш-жігерін сыртқы нарыққа шығаруға және ішкі нарықты толтыруға жететіндей сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім көлемін ұлғайту. Қазақтандық етті Ресей Федерациясына шығаруға арналған трейдингтік компания құрылды, оның негізгі міндеті: мал өнімдерін өткізу барысында экспорттық бағыттар мен логистиканы анықтау; дайын өнімді экспортқа шығарып, мал өнімдерін бірыңғай «KazMeet» брендімен экспорттаудың маркетингтік саясатын қалыптастыру. Ресейлік бизнесмендер біздің етке үлкен қызығушылық танытуда, осыған байланысты біз қазір Ресейдің аумағында сауда-логистикалық инфрақұрылым салу жөніндегі мәселені қарастырудамыз. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылуда», — деді ол.