Жарнама
Саясат

«Аудан әкімін өзіміз сайлаймыз!»

Биыл 5 қарашада республика бойынша аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайланады. Пилоттық режимде қолға алынған саяси дода елімізде 3 қала мен 42 ауданда өтеді. Ал, Атырау облысында Исатай және Қызылқоға аудандарының әкімдері алғаш рет халықтың тікелей таңдауымен сайланады. Мұндай талап-міндет – өркениетке, демократиялы қоғамға қол созған реформалардың жемісі.

Облыстық маңызы бар қалалар мен аудан әкімдерінің сайлауына дайындық жұмыстары, осы саяси науқанның ерекшеліктері мен маңызы туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен жұмыс сапары барысында газет тілшісі «жедел сұхбат» ұйымдастырған еді.

– Нұрлан Мәжитұлы, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау – Президенттің саяси реформаларының жемісі. Бұл өзгерістің мемлекет үшін тиімділігі неде?

– Мемлекет басшысы жуырда Қазақстан халқына Жолдауында 45 ауданда әкім сайлауын өткізу туралы атап көрсетті. Бүгінде Қазақстандағы осындай саяси реформалардың нәтижесінде сайлау жүйесі мүлдем өзгерді.

Өткенге зер салсақ, 2004 жылдан бастап Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар тек партия өкілдерінен құралған еді. Қазіргі жүйе бойынша Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталды. Мұндай қадам жергілікті жерде бәсекеге қабілетті саяси орта қалыптастыруға жол ашады. Халықтың ортасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқтажын көтеріп жүрген азаматтардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік береді.

Тағы бір ерекшелігі – сайлауалды уәдесін орындамаған депутаттарды кері шақырып, оның орнына басқа азаматты сайлау үшін қайтадан сайлау өткізіледі. Бұрынғыдай өздері ғана ішкі тәртіппен шешіп, депутаттық мандатын келесі азаматқа жалғай салуға жол жоқ. Мұндай тәртіп сайлау алдында үйіп-төгіп уәде беріп, мандатқа қол жеткізген соң халықтың мұң-мұқтажын ұмытып кететіндердің қатарын азайтады. Бұл талап үдесі аудан әкімдеріне де жүктеледі. Халық арасынан сайланған әкім ел-жұрттың жауапкершілігі мен сенімін арқалай жүріп, ауыл-аймақтың шын жанашыры ретінде қызмет етуі қажет.

– Қазір елдегі саяси науқанға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Бүгінде республикада саяси додаға қызу дайындық жүріп жатыр. Барлығы 10200-ден астам учаскелік сайлау комиссиясы жұмысын бастады. 350-ге жуық шетелдік байқаушы қызмет етеді. Олар 40-45 күн бойы сайлау процесін қатаң бақылайды. Бүгінде олармен жұмыс барысында біраз пікірлер талқыланып жатыр. Байқаушылардың қазірге дейін бізге ұсынған сұрақтары бойынша халықтың пікірі мен көзқарасын білу мақсатында арнайы сауалнамалар әзірленді.

Атыраудағы Сафи Өтебаев атындағы мұнай және газ университетінде студенттермен кездесіп, осындай сауалнамалардың бірін жүргіздік. Анонимді түрде толтырылған сауалнамада «Президенттің қазақ тілін жетік меңгеруі дұрыс па?, «Президенттікке үміткердің арнайы емтихандарға қатысуы міндетті ме?», «Жалпы сайлауды электронды форматқа көшіру қажет пе?» деген сауалдар қамтылды. Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау туралы да сұрақтар болды. «Түзеу мекемелерінде жазасын өтеп шыққандарды ауыл, аудан әкімдеріне сайлауға ұсынуға бола ма?» деген бағыттағы сауалдарды да талқыладық.

– Қалың бұқара арасында мұндай сауалнама жүргізудің қаншалықты маңызы бар?

– Саяси мәселелерді лауазымды тұлғалар тек кабинетте отырып шеше беруге болмайды. Бұл үрдіс жалғаса берсе, қоғамның наразылығы туатыны ақиқат. Сондықтан әртүрлі ортада саяси сұрақтарды талқылап, көптің көзқарасын біліп отырған абзал. Бұл өте қажет үрдіс. Мұндай тәсіл сайлауға азаматтардың белсенді қатысуын, доданың ашық және әділ түрде өтуіне ықпал  етеді. Бұл бізге шетелдік байқаушылардың ұсынысы негізінде енгізілді.

– Ал, сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне аумақтық сайлау комиссиялары жауапты ғой. Бұған дейінгі тәжірибелерде орын алған заңсыздықтар бар ма?

– Сайлауды жариялау, дайындау мен өткізу, ұйымдастыру және қорытындылау бойынша айрықша құзырет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларына тиесілі.

Орталық сайлау комиссиясының науқан шеңберіндегі құзыреті – әдістемелік және нормативтік тұрғыда қамтамасыз ету. Мұндай өкілеттіктерді бөлу «Сайлау туралы» Конституциялық заңда көзделген және 2021 жылдан бастап ауылдар, кенттер және ауылдық окургтер әкімдерін сайлау жөнінде өткізілетін науқандар барысында жүзеге асып келеді.

Сайлауда орын алған заңсыздықтар туралы өте орынды сауал қойдыңыз. Осы тұста мен мына бір жағдайды атап айтқым келіп тұр.

Жуырда Абай облысының бір ауылында ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Ауыл әкімін сайлауға 4 үміткер ұсынылып, біреуі белгілі себептерге байланысты өзінің кандидатурасын қайтып алды. Үш үміткердің ішінде біреуі дауыс санымен жеңіп, аз дауыс алған екеуі қарсылық білдіріп, аумақтық сайлау комиссиясына  шағым түсірген. Тексеру нәтижесінде бұл науқанның әділ өтпегені анықталады. Сайлау учаскесіне мүлдем тіркелмеген азаматтар келіп дауыс берген. Олар сол ауылдағы өндіріс орнының вахталық әдіспен қызмет ететін жұмысшылары болса керек. Бұл әлгі үміткерді (осы кәсіпорынның қызметкері) «қалайда ауыл әкімі етіп сайлау қажет» деген арам пиғылды ойды жүзеге асырудан туған әдіс болса керек. Қазір мұндай олқылыққа жол берген жауаптылар жауапқа тартылуда. Ал, жүйесіз ұйымдастырылған сайлауды қайтадан өткізу қолға алынып жатыр. Өкінішке қарай, осындай жағдайлардың қатаң түрде алдын алу маңызды.

Бүгінде республика бойынша белгіленген мерзімге сәйкес сайлау комиссиялары мүшелерінің 75 пайызының өкілеттіктері тоқтатылады. Бұл тізімді жергілікті мәслихаттың депутаттары қайтадан жаңартып, ауыстыруы қажет.

– Сайлаудағы дауыс берудің форматы қалай жүргізіледі? Жалпы, электронды нұсқаға көшу, қағазбастылықтан арылудың жолдары бар ма?

– Алдағы сайлау әдеттегідей қағаз бюллетень арқылы таңдаған кандидатты белгілеу арқылы жүргізіледі. Бұдан бірнеше жыл бұрынғы сайлауларда әр азамат қағазда таңдауын жасап, бюллетенді арнайы электронды аппаратқа салу әдісі қолданылды. Арнайы құрылғы түскен бюллетендерді автоматты түрде санап беретін. 2004 жылы бұл тәсіл сайлау учаскелерінің 10 пайызына енгізіліп, оның ішінде 7,8 пайызы ғана осы әдісті қолданды. Келесі сайлауда учаскелердің 15 пайызына осы құрылғы қойылғанымен, оны сайлаушылардың 5,2 пайызы ғана пайдаланған. Келесі сайлауларда бұл көрсеткіш тіптен төмендеп, 2,2 пайыз болды. Демек бұл тәсіл сайлаушылардың арасында сұраныс туғызбады. Бірақ осының өзіне 25 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Бүгінде осы технологияны қолданысқа қайта енгізудің әдіс-тәсілдері зерттеліп, сараптама жасалып жатыр.

Ал, қағазбастылыққа жол бермей, түбегейлі электронды дауыс беру тәртібі туралы айтсақ, бұл бұған дейінгі жиындарда қозғалған мәселе. Талдықорған қаласында өткен кездесулердің бірінде жергілікті ақсақалдар осы тәртіпті қолданысқа енгізу қажеттігін алға қойғаны сол-ақ еді, залда отырған жас студенттің бірі орнынан тұрып өзін таныстырып, атыраулық екенін айтты. Ол залда айтылған ұсынысқа келіспей, «электронды түрде дауыс беру – әділ сайлау өтті деген сөз емес. Өйткені, әлі де болса шалғай ауылдарда интернеттің жоқ екенін ескеру керек» дегенде, біздің сөзіміз сол жерде-ақ сап тиылды. Сондықтан, бұл сөздің де жаны бар.

Жоғары жылдамдықтағы интернет, киберқауіпсіздік мәселелері шешілмейінше, электронды дауыс беруге көшуге болмайды. Бұл әдісті енгізерде дауыс берудің нәтижелері мүлдем өзгермейтіндей жағдайдың болуын ескерген жөн. Оның үстіне елдің әр түкпірінде интернетке қолжетімділіктің, кибералаяқтардан қорғанудың жүйелі шешімін тапқаны дұрыс.

– Сұхбатыңызға бек рахмет!

Сұхбаттасқан

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button