Аудан әкімдерін сайлау жергілікті басқару жүйесін нығайтады
Аудан әкімдерін сайлау – ел тарихындағы стратегиялық мәні айрықша саяси науқан. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ел дамуы үшін қолға алынуы қажет басым бағыттардың бірі. Мемлекет басшысы тарапынан көтерілген бастаманы биылғы 5 қарашада республикада ең алғаш рет іске асыру үшін 45 аудан және облыстық маңызы бар қалада қанатқақты режимде сайлау өтеді. Тұрғындардың мүддесін көтеруге бағытталған сайлау саяси реформаларға тың серпін береді, әрі халықтың ел басқару ісі мен шешім қабылдау үдерісіне белсенді түрде араласуына жол аша түседі.
Әкімдер – биліктің әр елді мекендегі тікелей өкілі. Қалың бұқара олардың қызметіне қарап, бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысын бағалайды. Сондықтан әділетті қоғам талаптарына жан-жақты сай болу үшін бұл сайлау бәсекесі жүйелі ұйымдастырылуы шарт.
Біз саяси дода қарсаңында жергілікті жердегі жұмысты ұйымдастыру барысы туралы Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумовпен сұхбаттасқан едік.
Жаңа Қазақстан құрудағы тың бағыт
– Азамат Мақсотұлы, жалпы ауыл әкімдерін сайлау – демократиялық қадам. Бұл Жаңа Қазақстан құруда қолға алған тың бағыттардың да бірі. Биылғы сайлаудың бұрынғыдан ерекшеліктері қандай?
– Өздеріңіз білесіздер, ел Президенті өз Жолдауларында қала және аудан әкімдерінің сайлауын ұйымдастыру жөнінде бастама көтеріп келеді. Бұл мәселе Президенттің Жарлығымен бекітілген 2021-2025 жылдарға дейінгі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасында да қамтылған. Сондықтан, қала және аудан әкімдерінің сайлау технологиясын енгізу, яғни жергілікті халық арқылы тікелей сайлау – уақыт талабы, демократиялық дамудың көріністері деп түсінеміз. Сонымен қатар мұны билікті орталықсыздандыру, яғни децентрализация мәселесі ретінде қарастырамыз.
Әрине, халықтың жергілікті мәселелерін шешу, өздерінің мемлекеттік және өзін-өзі басқару процесіне қатысуында әкімдерді сайлау маңызды роль атқармақ. Біріншіден, бұл – әкімдердің сайлаушылар алдындағы өз міндеттемелерін, сайлау алдындағы бағдарламаларын орындаудағы жауапкершілігі, екіншіден, сайлаушылардың кандидаттарды таңдау мүмкіндігі. Негізінен, еліміз жергілікті жерде ауыл әкімдерін тікелей сайлауды 2021 жылғы 25 шілдеден бастап жүзеге асырып келеді. Сондықтан, бұл мәселеде басқару саласының да, сайлау комиссияларының да тәжірибелері бар. Биылғы сайлауды алдымен пилоттық негізде өткізіп, егер жоба өзін-өзі толық ақтаса, оны тұрақты түрде енгізу жоспарланып отыр.
Республика «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 113-1 бабына сәйкес аудан әкімдерінің сайлауын тағайындауға пилоттық өңірлердің тізбесін және сайлауды өткізу күнін белгілеу туралы жергілікті мәслихаттың шешімі негіз болды. Өкілеттікке сай, Атырау облыстық мәслихаты 2023 жылғы 8 қыркүйектегі сессиясының шешімімен пилоттық режимде сайлау өткізу үшін Исатай және Қызылқоға аудандарының тізбесін бекітті. Ал, сайлау күнін 5 қарашаға белгіледі.
– Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауға дайындық жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Тәртібі мен ережесі, сайлау заңнамасының жаңа енгізілімдері жөнінде оқырмандарды толығырақ құлағдар етсек…
– Әкімдер сайлауын тиісті аумақтық сайлау комиссиясы жергілікті мәслихаттың шешімімен белгіленген сайлауды өткізетін күнге дейін кемінде 50 күн бұрын тағайындайды. Сәйкесінше, Атырау облысында Исатай және Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссияларының 2023 жылғы 15 қыркүйектегі қаулыларымен 5 қарашаға аудан әкімдерінің сайлауы тағайындалды. Сайлау округтері құрылып, сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарлары бекітілді.
Сайлау туралы хабарламалар жергілікті «Нарын таңы», «Қызылқоға» газеттеріне жарияланды және сайлау комиссияларының atyrau.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған. Сайлау комиссияларының мүшелерін аудан әкімдерінің сайлауын өткізу және ұйымдастыру мәселелері бойынша оқыту семинарлары өтіп жатыр.
Исатай ауданында 15, Қызылқоға ауданында 19 сайлау учаскесі бар. Сәйкесінше, осыншама учаскелік сайлау комиссиясы жұмысын бастады. Қазір сайлаушылардың тізімдерін нақтылау, сайлау учаскелерінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аумақтық сайлау комиссиялары кандидаттардың құжаттарын қабылдауды жүзеге асырады және олардың заңда көзделген талаптарға сәйкестігін анықтауда уәкілетті органдармен тиісті жұмыстар жасайды.
Жалпы алғанда, бұл саяси дода – жергілікті сайлау, сондықтан, сайлауды ұйымдастыру мен өткізу жұмыстары аудандық аумақтық сайлау комиссияларының құзыретіне жатады.
Сайлау заңнамасының жаңа енгізілімдерін сұрадыңыз ғой. Бұл – өте орынды сауал. Біріншіден, бұл пилоттық режимде өтіп жатыр. Екіншіден, сайлау жүйесінің процедуралары ауылдық округ әкімдерін сайлау жүйесіне ұқсас. Бір ерекшелігі, тек аудандық масштабта өтеді.
Айтпақшы, бұл сайлау кезінде кандидаттардың сайлау қорын ашуы заңда көзделмеген. Сондықтан, кандидаттар тек мемлекеттік қаржыландыру шығыстарын пайдаланады. Егер ауыл әкімдеріне жоғары білім қажет етілмесе, аудан әкімдеріне ол міндетті түрде талап етіледі, себебі ол саяси мемлекеттік қызмет болып есептеледі.
Жауапкершілік жүгі жоғары
– Облыста сайлауға қатысатын кандидаттарды ұсыну құқығы қалай реттеледі?
– Күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну кезеңі сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні, яғни 16 қыркүйекте басталды. Сайлауға отыз күн қалғанда, яғни 5 қазанда, жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.
Егер ұсыну мерзімі аяқталған күнге екіден аз кандидат ұсынылса, онда тиісті аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін үш күннен аспайтын мерзімге ұзартады.
Кандидаттар негізі екі жолмен ұсынылады. Біріншіден, өз мүшелері арасынан белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар арқылы ұсынылады. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екіншісі, дауыс беруге құқығы бар тиісті сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1% қолдауымен өзін-өзі ұсыну жолымен жүзеге асырылады. Бұл ретте жоғары тұрған әкім ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталған күнге бір кандидат ұсынылған жағдайда, тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы.
– Кандидаттарға қойылатын жалпы талап қандай?
– Талаптарға сәйкес кандидат ретінде тіркелген 25 жастан асқан республика азаматын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындары жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы төрт жыл мерзімге сайлайды. Конституцияға сәйкес, сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.
Конституциялық заңға сәйкес белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам, заңда белгіленген тәртіппен сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсі бар адам кандидат болып тіркеле алмайды.
Жоғарыда айтқанымдай, аудан әкімі – мемлекеттік саяси қызметші. Сондықтан, кандидаттарға Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы №485 Жарлығымен бекітілген жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарымен белгіленген жұмыс өтілі мен қызмет түрі, білімі бойынша қосымша талаптар қойылады.
Конституциялық заңның 113-2 бабына сәйкес мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкестігін тексеру үшін әкімдікке кандидат тиісті аумақтық сайлау комиссиясына тізбесі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 21 маусымдағы №102 бұйрығымен және Орталық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 22 маусымдағы №4/407 қаулысымен белгіленген құжаттарды ұсынуы қажет.
– Тұрғындардың кандидаттарды тіркеу туралы ақпаратты да білгені жөн ғой…
– Кандидаттарды тіркеу сайлау комиссиясы барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күніне 25 күн қалғанда, яғни 10 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де аяқталады. Тіркеу кандидаттардың заңда белгіленген талаптарға сәйкестігі анықталған жағдайда жүзеге асады.
– Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде жаңашылдықтар бар ма?
– Кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен, яғни сайлау күніне 25 күн қалғанда басталады және сайлау күніне дейінгі күннің жергілікті уақыты бойынша нөл сағатта аяқталады. 10 қазанда сағат 18.00-ден – 4 қараша сағат 00.00-ге дейін.
Үгіт жүргізу негізінен төрт бағытта жүзеге асады. Олар – кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сайлаушылармен кездесуі арқылы, үгіт-баспа материалдарын тарату арқылы. Соңғысы – жаңашылдық деуге болады, онлайн платформалар арқылы үгіт жүргізу, яғни, әлеуметтік желіні жүргізушілердің онлайн платформалар арқылы үгітті жүргізуге қатысуы.
Онлайн платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары, өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуы керек. Жалпы, сайлау алдындағы үгітті өткізу «Сайлау туралы» Конституциялық заңмен реттелген.
– Сонымен, дауыс беру күні 5 қарашаға белгіленді дедіңіз. Ал дауыс беру нәтижелерін қалай білеміз?
– Дауыс беру 5 қараша күні жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi. Оның қорытындысын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы үш күн ішінде жариялауы тиіс. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың көп дауысын жинаған кандидат сайланған әкім болып саналады. Дауыс беру нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
– Әрбір сайлау – ел болашағын айқындайтын маңызды саяси науқан. Азаматтар сайлауға қатысу арқылы Отанға деген жауапкершілікті сезінуге дағдыланады. Жалпы, өткен жылдармен салыстырғанда азаматтардың осы науқанға қатысу белсенділігі қандай?
– Азаматтардың дауыс беру белсенділігі туралы айтқанда бұл әр сайлауда әртүрлі болып тұр. Мәселен, президенттік сайлау мен республикалық референдумда сайлаушылар белсенділігі жоғары болды. Парламенттік және жергілікті мәслихаттар, ауыл әкімдерінің сайлауында сайлаушылар белсенділігі ортадан жоғарыны көрсетті.
Бұл жерде сайлау науқанына түсіп жатқан кандидаттардың, саяси партиялардың танымалдылығы мен белсенділігі, сайлау бағдарламаларының тартылымдылығы маңызға ие. Сонымен қатар ауа райының қолайсыздығы да әсер етеді.
Енді бұл сайлау алғаш рет өткізіліп отырған жергілікті сайлаудың бірі болмақ, сондықтан аудан тұрғындары өздерінің азаматтық белсенділіктерін арттырып, сайлау учаскелеріне көбірек келеді деген сенімдемін.
– Сұхбатыңызға бек рахмет! Саяси науқанның сәтті өтуіне тілектеспіз.
Сұхбаттасқан
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА