Атыраулық жастар челлендж арқылы референдумға қолдау білдіруде
Атырау оқу орындарының студенттері Қазақстандағы конституциялық реформаларды қолдау мақсатында челлендж жобасын бастады, деп хабарлайды ATPress.kz.
Жас белсенділер әлеуметтік желілерде референдумды қолдау аясында челлендж акциясын бастады. Олар жарияланымдармен, видеолармен бөлісіп, атыраулықтарды республикалық референдумға қатысуға шақырады.
— Біз, Атырау жоғары медициналық колледжінің студенттері, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін жастар алдағы референдумға белсене қатысуға тиіс деп санаймыз. Баршаңызды Президентіміздің бастамасын қолдауға шақырамыз, — деді медициналық колледждің студенті Раушан Айтпаева.
Естеріңізге сала кетейік, референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтеді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай оқиға тек 1995 жылы болған. Қолданыстағы Конституция қабылданған кезден бергі өткен уақыт ішінде оған өзгерістер мен толықтырулар бес рет енгізілді. Бұл ретте бәрі тек Парламент арқылы шешілді.