АТЫРАУҒА КЕЛГЕН МӘЖІЛІСМЕН ӨЗІ ОҚЫҒАН МЕКТЕПКЕ БАРДЫ

img 20220517 wa0063 Саясат

Атырау өңірінде іссапармен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев Махамбет ауданындағы Береке ауылында болып, жергілікті тұрғындармен алда өтетін референдум барысын талқылады. 

Осындағы білім ошағына жиналған жұртшылық көпшіліктің көкейінде жүрген келелі мәселелерді Парламент мінберінен көтеріп жүрген депутатты қуанышпен қарсы алды. Өз кезегінде Серік Сәрсенұлы референдумның мән-маңызына кеңірек тоқталып өтті. 

«Ел тарихын жазуға әркім өз үлесін қоса алады деген сөз. Жалпы, бұндай үрдіс, яғни, Конституцияға өзгертулер мен түзетулер енгізу – әлемдік тәжірибе. Демократиялы елдің алдыңғы қатарында Швейцарияны айтуға болады. Мәселен, бұл елдің азаматтары әр тоқсан сайын аймақтық және ұлттық деңгейдегі түрлі мәселелер бойынша референдум ұйымдастырады. Олардың қатарында елдік маңызы бар, халық үшін пайдасын тигізер сан сауал қамтылады. Бұған қоса, жергілікті тұрғындар заңға, Конституцияға қатысты түзетулерге де тікелей араласа алады. Ол үшін 100 мың адамның қолын жинау қажет. Сондықтан әлемдік демократия үрдісі бойынша біздің елде жүзеге асатын осынау маңызды бастама – мемлекет пен қоғамның байланысын жақындата түсетін үлкен мүмкіндік. Еліміздің болашағы үшін тұтастай халыққа ортақ жауапкершілік жүктейді. Бәріміз бірлесіп ат салысуымыз қажет» деді мәжілісмен. 

Сонымен бірге, Конституцияның 6-шы баптағы «жер, оның қойнауы, өсімдік, тағы басқа қазба байлықтары мемлекеттің меншігінде» деген жері «халыққа тиесілі» деп өзгертілді. Қазақстан қазына, қазба байлығы жағынан дүние жүзіндегі ең бай деген он елдің қатарына кіреді. Қаншама, тіпті ондаған миллионнан асатын халықтар өз жерлері болмағандықтан, ұлт есебінде егеменді мемлекеттікке қол жеткізе алмай отыр. Біздің дербес ұлт есебінде тәуелсіз ел болуымыз – осы киелі Қазақ жерінің арқасы. Депутат осыны ескеру қажеттігін айтты.  

Осыдан кейін берекеліктер өздерін толғандырған проблемаларды алға тартты. Атап айтқанда, алдымен, мектептегі еден жуушылар мен жүргізушілердің жалақылары мардымсыз. Екіншіден, оқушыларды тасымалдау қауіпсіздігі өткір мәселеге айналған. Жалақысы төмен болған соң, жүргізушілер де тапшы. 

*** 

Бұдан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев кезінде өзі білім алған Ыбырай Алтынсарин атындағы №11 мектепке барып, ондағы ұжыммен кездесті.  

«Президент жетекші партиядан шықты. Президенттің туыстары ұлттық компания басшылығы мен өзге де жоғары лауазымдарға тағайындала алмайды деген талап өзге де министрлер мен ведомство басшыларына қатысты болуы мүмкін. Бұл Қазақстанды жайлаған жемқорлық пен сыбайластыққа қарсы бағытталған нақты қадам болуы керек. Үшіншіден, Конституцияда Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи роліне қатысты «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деп жазу ұсынылып отыр. Ал, Конституцияның 46-шы бабындағы «Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады» деген тармақ алынып тасталады. Төртіншіден, Президенттің өкілетін азайтып, Парламенттің «қолын ұзарту» сияқты саяси реформалар басты бағыт болмақ. Енді  заң қабылдау құқығы Мәжілісте болып, Сенаттың құзырында мақұлдау, не мақұлдамау ғана қалды. Мәжіліс заң қабылдар кезде Сенатпен ақылдасады. Егер Сенат заңды мақұлдамаса екі тарап бірігіп, талқылайды. Бұл жерде екі палатаның да құқығы тең екенін байқауға болады. Жалпы, Парламенттік республикалар демократияға жаңа жол бастаған елдер үшін анағұрлым қолайлы, өйткені Парламенттің ұжымдық мәні биліктің барлық функцияларын бір адамның қолына шоғырландыру мүмкіндігін қиындатады. Ықпалды Парламент – бұл әртүрлі саяси мүдделерді көздейтін партиялар мен  топтар арасында өзара түсіністік пен ымыраға келу орны» деп түсіндірді мәжілісмен.

Сондай-ақ, енді «Конституциялық кеңес» «Конституциялық сот» болып өзгереді. Осы уақытқа дейін азаматтар «кеңеске» тек сот арқылы жүгіне алған. Ал, ол өтініштің «тағдырын» судья шешіп келді. Енді халық нақты проблемасымен «Конституциялық сотқа» жүгіне алады. Бұдан бөлек, Конституцияда өлім жазасы мүлдем алынып тасталады. Қазақстанда қазіргі таңда өлім жазасына мораторий жарияланған. Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативті хаттама өлім жазасын алып тастауды көздейді. Бұл құжат 1989 жылы 15 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеяның 44/128 қарарымен қабылданған. Хаттаманы ратификациялаған мемлекеттер өлім жазасын алып тастау адамзаттың құндылықтары мен адам құқықтарының прогрессивті дамуын нығайтуға септігін тигізеді деп санайды.

Ұстаздардың бірқатары әйелдердің зейнет жасын төмендету жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Халық қалаулысы әр кездесуде көтерілген маңызды мәселелер мен байыпты бастамала міндетті түрде Парламент қабырғасына жететінін айтты.

img 20220517 wa0068
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз