ӘЛЕМ АНАЛАРМЕН БАҚЫТТЫ!

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ МЕРЕКЕЛІК ҚАБЫЛДАУЫ

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында мерейлі мереке иелерінің бір тобы Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің салтанатты қабылдауында болды. Қабылдауға қатысушылардың қатарында аймақтың әлеуметтік -экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятының, өңір халқының әлеуетінің өсіп- өркендеуіне өлшеусіз үлестерін қосқан алдыңғы толқын өкілдері мен бүгінде әр салада еселі еңбек етіп, бизнесте абыройлы да адал қызметімен, елеулі табыстарымен елінің құрметіне бөленіп жүрген қыз-келіншектер болды.

Қабылдауға келген қадірменді қонақтарды облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы мерекелерімен құттықтап, жылы лебізге толы сөздерін арнады. Әйел-аналардың отбасындағы, қоғамдағы, зайырлы-құқықтық мемлекетті қалыптастырудағы, егемен елдің ертеңі-жас ұрпақты тәрбиелеудегі бірлігі мен ынтымағын сақтап, берекесін келтіруде алатын орны мен атқаратын рөліне айрықша тоқталды.
Осылайша, облыс басшысының игі тілек, ізгі ниетімен өрілген салтанатты қабылдаудың соңында нәзік жандарға қалыптасқан дәстүр бойынша лайықты құрмет көрсетіліп, сыйлықтар ұсынылды. Өз кезегінде салтанатты шараның шырайына айналған асыл жандар да бұған шынайы ризашылықтарын білдірді, естелік суретке түсті.

ОТБАСЫ КҮНІ ДЕ АТАЛЫП ӨТЕДІ

Дүниеде тіршіліктің қайнар көзі, мейірімнің кәусар бұлағы – әйел-анаға қандай құрмет көрсетілсе де, артық етпейді. Көктемнің ең шырайлы мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Махамбет атындағы қазақ драма театрында ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов нәзікжандыларды мерекелерімен құттықтады.
– Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында да әйелдерге, ұрпақ тәрбиесіне, отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан ұсынылып, өткен жылғыдай «Анаға тағзым» күнін және «Мерейлі отбасы» байқауын ұйымдастыру негізінде биылдан бастап қыркүйек айының екінші жексенбісінде «Қазақстандағы отбасы күні» аталып өтпек.
Әйелдер отбасында ғана емес, саясат, бизнес, білім, денсаулық, спорт салаларында да табысты еңбек етуде. Облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің 54 пайызын құрайтын қыз-келіншектердің 46-сы – басшылық қызметте, 11-і – саяси қызметкер.
Сонымен қатар, білім беру саласында қызмет ететін ұстаздардың 87 пайызы, денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің 90 пайызы – әйелдер, – деп облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы қоғамның, елдің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан әйелдерді көктемнің шұғылалы күнінде төл мерекелерімен құттықтап, мықты денсаулық, жемісті еңбек, шынайы әйел бақытын тіледі.
Салтанатты шара барысында облыс әкімі еселі еңбегімен көрініп жүрген бірқатар еңбек үздіктеріне Алғыс хат тапсырды.
Аяулы арулардың құрметіне арналған шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған жұртшылықтың көңілін бір серпілтіп тастады.

Дәулетқали АРУЕВ, Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз