Атырауға Германияның Алматыдағы консулы келді
Атырау облысының әкімі Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулын қабылдады.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Марио-Инго Зоосты қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Тараптар екі ел арасындағы қарым-қатынасты арттыру мақсатында әлеуеті зор салаларда бірге жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.
— Бүгінгі таңда Атырау облысында неміс капиталының қатысуымен көлік-экспедициялық қызметтер, көтерме және бөлшек сауда, Мұнай және табиғи газ өндіру кезінде техникалық қолдау және т. б. салаларда 28 кәсіпорын тіркелген. Сонымен қатар, жыл басынан Атырау облысының Германиямен сыртқы сауда айналымы 23,1 миллион АҚШ долларын құрайды, деді Серік Шәпкенов.
Аймаққа жұмыс сапарымен бірінші рет келген Германияның Алматыдағы Бас консулы Марио-Инго Зоос екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі ұлғайтуға және кеңейтуге, бірлескен кәсіпорындар құруға дайын екенін айтты.
Кездесу соңында қос тарап бірлескен жобаларды жүзеге асырудың жаңа формаларын іздестіруге және экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.