“Атырауда жыл басынан бері 6 мыңға жуық жас тұрақты жұмыспен қамтылды”
Тәуелсіз даму жолына түскен Қазақстан бүгінде әлемдік аренада өзінің орны бар елге айналды. Халқының бірлігі мен ынтымағы жарасқан мемлекет заман сынақтарынан сүрінбей, талай қиын-қыстау кезеңдерден өтті. Кең ауқымды, түбегейлі саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып, елдің іргесі бекіді, егемендігі нығайды. Сондай елді біріктірер жоба – «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы.
Аталған құжаттың орындалу барысын облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Қанат ӘЗМҰХАНОВТАН білген едік.
Ерікті болу – еріккендік емес
– Қазақ пен қайырымдылық – егіз ұғым. Көріп, оқып жүреміз, облыста қайырымдылық шаралары жиі ұйымдастырылып, әлеуметтік осал топ өкілдеріне тұрақты түрде көмектер көрсетіледі…
– Иә, айтуыңыз орынды. Қандай заман болмасын, маңайына шуақ сыйлайтын жандардың қатары сиремеген. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасыған бай болудың қажеті жоқ, Ең бастысы, мейірімді жүрегі мен таза ниеті болса жеткілікті. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйлауы мүмкін, ал, біреулер қиын сәтте қолұшын беріп, көмек жасайды. Біз сондай игі істердің басы-қасында болуға ұмтыламыз.
Өздеріңізге белгілі, «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында осы тақырып ерекше орын алады. Оның әр тармағын сапалы орындаудың маңызы зор. Өйткені, жол картасында әр қазақстандықтың мүддесі тоғысқан.
Байқағанымыздай, денсаулық сақтау жүйесінің сапасы, білімнің қолжетімділігі, цифрландыру, өңірлерді дамыту секілді маңызды мәселелер толық қамтылған. Қазақстан Республикасының 30 жылдығын мерекелеу аясында наурыз айында аймақта «30 игі іс» қайырымдылық марафоны бастау алды.
Жобаны қолдау мақсатында «Қайырымды істер марафоны», «Шын жүректен», «Жақсылық жаса», «Қайырымдылық керуені», «Мектепке жол», «Жақыныңа көмектес», «100 теңгемен 100 сауап», «Балаларға қуаныш сыйла», «Мейірімді күн», «Мейірім сыйла», «Жылулық сыйла», «Қамқор», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Жақсылық жасаудан жалықпа!» т.б. акциялар өтіп, жергілікті мекемелер мен кәсіпкерлер, этномәдени бірлестіктер, волонтерлер, жастар, студенттер, ерікті ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер белсенділік танытты.
Жыл басынан бері аталған марафон аясында 365 қайырымдылық іс-шара жүзеге асырылып, әлеуметтік жағынан осал 14594 адамға көмек көрсетілді. Оның ауқымындағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасады. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын көрерсің» дегендей, қайырлы істі қолға алған жерлестеріміз адамгершіліктің нағыз үлгісін көрсетіп келеді.
–Бүгінгі таңда әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізіншісі қазақстандық ерікті екен…
– Облыс әкімдігі жанынан құрылған волонтерлер штабы жұмыс жасайды. Олар «Біргеміз: Білім», «Біргеміз: Асыл Мұра», «Біргеміз: Саулық», «Біргеміз: Қамқор», «Біргеміз: Үміт», «Біргеміз: Таза Әлем», «Біргеміз: Сабақтастық» бағыттары бойынша белсенді қызмет атқаруда. Әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында түрлі волонтерлер штабы мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Осы жылы Атырау волонтерлер штабының бастамасымен аймақта «Шын жүректен», «Zhaqsylyq zhasa», «Өзгеге өмір сыйла», «Satti Day» т.б. акциялар ұйымдастырылды. «Менің атаулы ағашым», «Taza Picnik-3», «Таза мекен», «Таза көлдер, өзендер және бұлақтар», «Естелік саябағы», «Таза парктер» экологиялық акцияларына да жергілікті волонтерлер белсене қатысты.
Атырау қаласы мен аудандарда «Волонтерлер мектебі» жобасы аясында «Базалық реанимация. Медициналық жедел жәрдем қызметкерлері келгенге дейінгі алғашқы көмек», «Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру жұмыстарын ұйымдастыру және құқықбұзушылар мен қылмыстың алдын алу», «Төтенше жағдайдың алдын алу» тақырыптары бойынша 465 ерікті оқыту тренингінен өтті. Жоба соңында қатысушылар білімдерін айқындап, тест тапсыру арқылы сертификатталды. Жуырда жыл бойы қайырымдылық шараларына белсене атсалысқан еріктілерге волонтер сыйлығы салтанатты жағдайда табыс етілді.
Әдетте еріктілердің қызметін жастардың ісі деп қабылдаймыз. Бірақ, еріктілердің қатарында аға буын өкілдері аз емес.
Жастар жұмыссыздығы – өзекті мәселе
– «Nur Otan» партиясының 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында «Жасыл ел» жобасының шеңберінде 30 мың жас, оның ішінде 10 мың ауыл жасы жыл сайын жазғы мезгілде жұмысқа орналастырылатыны айтылған. Біздің аймақта осы жұмыс қалай ұйымдастырылып отыр?
– Жастар – ұлт келешегі. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақ қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да, жастардың қызығушылығын қоғам назарына бұру – дұрыс қадам. Осы орайда 2005 жылдан бастап Елбасының бастауымен елімізде «Жасыл ел» бағдарламасы жүзеге асуда. Оған республика жастары белсене атсалысып келеді.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жұмысын ұйымдастыру арқылы жаз мезгілінде 700-ден аса жас жұмысқа орналастырылды. Осы жылы еңбек жасағы жобасына 1 756 адам көгалдандыру және құрылыс бағыттары бойынша маусымдық жұмысқа тартылды. Оның ішінде Атырау қаласы мен аудандарға 1000 квота бөлінсе, 756-ы қалаға және аудандарға қарасты шалғай елді мекендегі жұмыссыз және NEET санатындағы жастарға бөлініп отыр. Облыстық бюджеттен 135 805 100 теңге қаржы қарастырылып, 1756 сарбазға 65 000 теңге еңбекақы және «Жасыл ел» логотипі бар арнайы киім жабдығы берілді. Еңбек жасағына Атырау облысының жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, жұмыссыздар, NEET санатындағы жастар жұмысқа тартылды. Бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елдімекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, олардың Отанға, жерге деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту.
– Құжатта ел ертеңі – жастар мәселесі де назардан тыс қалмаған шығар.
– Бұрын өндіріс пен мұнай бірінші кезекке қойылып, әлеуметтік сала қағажу қалған еді. Бұл күндері қаншама денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет нысандары бой көтеріп, спорт кешендері пайдалануға берілді. Мұның өзі жұмыссыз жандардың еңбекке араласуына мүмкіндік жасалды.
Өскелең ұрпақ – елдің болашағы, бәсекеге қабілеттіліктің маңызды факторы екені анық. Бірақ жұмыссыздық алдағы уақытта үлкен мәселеге айналуы ықтимал. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында 2025 жылға дейін жастар арасындағы жұмыссыздықты 2,2%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Жыл басынан бері жергілікті жұмыспен қамту орталықтарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша 8 377 жас хабарласты. Хабарласушылардың ішінен өткен жылғы қатысушыларды есептегенде 11 934 адамға әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілді. Оның 5 993-і тұрақты жұмыспен қамтылып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 1 753 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 117 адам орналастырылды.
Жастарды жұмыспен қамту – нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік дамыту бағдарламасының басым бағыты. Оның аясында алғашқы жұмыс орнына орналасуы үшін жастар тәжірибесі енгізілген. Жалақысы аз болса да, бұл маманның тәжірибе жинақтап, жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Облыста жастар тәжірибесіне 944 түлек және алғашқы жұмыс орны жобасына 49 жас жолданды. 48 адамға несие және 249-ына мемлекеттік гранттар берілді. Жұмыспен қамту мен жұмыссыздықты төмендетуде жастардың білім деңгейі маңызды. Сондықтан 558 адам қысқа мерзімді оқу курстарына және 401-і «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жіберілді.
– «Рухани жаңғыру» арқылы жастарға білім мен тәрбие беруде қандай жетістіктерге қол жетті деп ойлайсыз?
– Қазіргідей технология мен ғаламтордың заманында рухани құндылықтарға көбірек көңіл бөлу, жеке бас мәселесінен бастап, ұлт мүддесі мен жалпы адамзат тағдырын ойлау қажет. Оған қоса жастардың бойындағы өзгерістерге дайын болу, адамдармен тіл табыса білу, өзін-өзі жетілдіру, шығармашылық және сыни ойлау секілді қабілеттерін дамыту керек деп ойлаймын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қала, аудан орталықтары мен елді мекендерде 1000-ға жуық іс-шара жүзеге асты. Оған 400 мыңнан астам адам қатысты.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы ауқымында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми кітапханасына ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған 14 854 дана оқулық келді. Сонымен қатар, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ғылыми кітапханасының кітап қорында 92 атауымен 4126 дана оқулық бар.
«Туған жер» арнайы жобасы аясында есептік кезеңде Атырау аймағында жергілікті меценаттардың және іргелі кәсіпорын-мекемелердің қолдауымен ауылдық жерлерде 25 әлеуметтік нысан (2 бөбекжай-бақша, 1 спорт кешені, 1 медициналық кабинет, 15 тұрғын үй) пайдалануға берілді. Алты өзге жоба тұрақты түрде жүзеге асырылды. Атап айтқанда, кәсіпкер И.Ақдрашевтің қолдауымен Жылыой ауданының орталығында «Сүлеймен» заманауи үлгідегі спорт кешені ашылды. «Каспий құбыр консорциумы» АҚ-ның демеушілігімен Құрманғазы аудандық орталық ауруханасында компьютерлік томография кабинеті пайдалануға берілді. «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілігімен Атырау қаласының Водников шағынауданында 280 орындық балабақша және Ракуша ауылында 280 орындық бөбекжай-балабақша жұмысын бастады. Жергілікті меценат Ә.Жұбанов туған жері Махамбет ауылдық округінде жол құрылысын жүргізуде. Қызылқоғалық азамат Қ.Баймұратов әлеуметтік жағдайы төмен отбасына тұрғын үй алып берді.
Жалпы, еңбектеген баладан бастап еңкейген қартқа дейінгі жас ерекшеліктерін ескеретін арнайы жобалардың болғаны жөн. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі бағыттары ретінде көрсетілгендей бәсекеге қабілетті, санасы ашық, ұлттық бірегейлікті сақтаған, білім салтанат құрған елдің болашағы жарқын, келешегі кемел болады деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ