БӘСЕКЕЛЕСТІК АУЫЛДЫ ДАМЫТУДАН БАСТАЛАДЫ

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке енді. Ендігі жерде ғаламдық деңгейдегі интеграцияға жұтылып кетпеу үшін не істеу керек? Теңгенің еркін айналымға жіберілуі жағдайында отандық кәсіпкерлердің қадамы қандай болуы тиіс? Отандық экономиканы нендей бағытта дамытқан тиімді? Өңірлердің даму жағдайы қалай? Оларды нендей проблема толғандырады? Осы және өзге де мәселелер «Атырау» газетінің Қызылқоға өңірінде өткен көшпелі отырысында кеңінен талқыланды. Оған «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиев, тиісті бөлім басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.

 Өңірлер өзін қамти ала ма?

Төлеген Берішбай, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры:

– Әлемдік экономикада қалыптасқан бүгінгі ахуал өте күрделі. Еліміз сол ғаламдық экономиканың бір бөлшегі десек, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өтуі, доллар бағамының шарықтауы – жаңа экономикалық қадамдарды қажет етіп отыр. Ендігі міндет – еліміздің шағын және орта бизнес саласын дамыту, қолдау мәселесін реттеу.

Бәсекелестікті айтпаған күннің өзінде еліміз әлемдік нарық үдерістеріне төтеп бере ала ма? Шет елге тауар экспорттау мәселесін былай қойғанда, аудандық нарықты қалай қамтамасыз ете аламыз? Теңгенің еркін айналымға енуі кәсіпкерлердің жұмысына қалай әсер етеді?  Кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету бағытында нендей жұмыстар атқарылуда? Бұған дейін Құрманғазы, Жылыой, Мақат аудандарында өткізіліп, Қызылқоғада жалғасқан шараның басты мақсаты проблемалық мәселелер жөнінде тиісті орындарға ұсыныс беріп, оң шешім алынуына ықпал ету болып табылады.

Бекнұр Әжіғалиев, Қызыл-қоға ауданы әкімінің орынбасары:

– Кәсіпкерлік саласында Қызылқоғада даму  да, проблема да бар. Осыдан екі жыл бұрын аудандағы кәсіпкерлер саны 813 болса, олардың саны биыл 944-ке жетті. Ауданда негізінен ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Үш өндіріс орны бар.

Бүгінде өңірде мал басын көбейту, асыл тұқымды мал басын арттыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, тың идеяларды жүзеге асырам деуші кәсіпкерлерге қолдау көп. Мәселен, Қарабауда қолға алынған бөдене өсіру шаруашылығына грант берілді. Мал өнімдерін өңдеу цехы қолға алынды. Бірақ, жоба қаржыға байланысты тоқтап тұр. Бағаны тұрақтандыру бойынша, сақтық мақсатта мың тонналық қойма жұмыс істейді. Жергілікті жылыжай өнімдері халыққа қолжетімді бағамен сатылуда. Аудан құрамындағы он округтің алтауында наубайханалар үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Дегенмен, ұн өнімін көршілес Орал қаласынан тасымалдауда біраз проблемалар бар.

Исатай Балмағамбетов, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы:

–  Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке енудің маңызына тоқталсақ, алпауыт ұйымға кіретін елдердің үлесі әлемдік тауар айналымының 95 пайызын құрайды. Республикамыздың бүгінгі сауда-саттығының 90 пайызы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Енді біздің алдымызда экспортқа өнім шығару, өндіріс саласында бәсекелестікті дамыту, отандық өнімдердің әлемдік тауар стандарттарына сай болуын үйлестіру мәселелері тұр. Бастапқыда колхоз, совхоздар таратылып, «қажет жағдайда азық-түлікті шет елден сатып аламыз» деген түсінік болды. Бірақ, ғаламда қалыптасқан бүгінгі ахуал не нәрсе қат болса, сол дүниенің қымбатқа түсетінін көрсетіп отыр. Ендігі бағыт – өз өнімдерімізді нарыққа шығару.

 Бүгінгі жаңа экономикалық саясат жағдайында Қызылқоғаның міндеті дәстүрлі мал және егін шаруашылығын жаңа технологияларды енгізе отырып дамыту. Рас, Қызылқоға облыстан шалғай орналасқан аудан. Сол себепті, ауданға облыстың ішінен азық тасымалдаған күннің өзінде баға бәрібір қымбаттайды. Осы мәселелерді қалай реттеу керек? Өз мүмкіндіктеріңізді қаншалықты пайдалана алып отырсыздар? Халықты ең қажетті азықпен қамтамасыз етуде нендей мәселелер қолға алынуда? Қандай проблемалар бар? Осы мәселелер бойынша баршаңызды еркін пікір алаңына шақырамын. 

Су тапшылығы қолбайлау болып отыр

Айжан Ізімова, жеке кәсіпкер:

–  Қызылқоға ауданы ет-сүт өнімдерін өзі дайындап,  өзі пайдаланып отыр. Сол мақсатта жабық павильон аштық. Халық сол павильонға малын әкеліп сатады. Ет,  сүт өнімдерін де осы жерден табуға болады. Павильон жанында апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп тұрады. Халыққа бір күн орынақысыз сауда жасауға мүмкіндік беріледі.  Бастысы, агро, егін шаруашылығы өнімдері делдалсыз сатылады. Енді бізге су тапшылығы қиындық тудырып отыр. Көп азаматтар егін егіп, еңбек сіңіргенімен, межеленген өнімді ала алмай қалды. Сондықтан,  су мәселесін шешу қажет.

 Төлеген Берішбай:

– Ауданның құмақ жері картоп өсіруге жайлы. Су тапшылығы жағдайында тамшылатып суару әдісін пайдалану ыңғайлы. Сондықтан, сіздерге жаңа технологияны сәтті пайдалану қажет.

Қайырғали Базарбаев, Қызыл-қоға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Мәселен, «Жасқайрат» шаруа қожалығы биыл 34 га жерге тары екті. Судың ашып кетуі салдарынан күтілген өнімді ала алмай қалды. Екіншіден, ауылда мал шаруашылығымен негізінен орта буын ғана айналысады. Ол буын кеткен соң, ата кәсіппен айналысатын адам таба алмай да қалатын сияқтымыз. Әсіресе, шөп шабу, трактор айдау жағына жастар тарапынан бетбұрыс жоқ. Үшіншіден, бүгінде Үкімет асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бетбұрыс жасап отыр.  Бірақ, сол малды өткізу аудан халқы үшін үлкен проблемаға айналды. Оның үстіне, Үкімет тарапынан түйе, жылқы малын бағуға субсидия берілмейді. Өйткені, олар шығынды аса қажет етпейтін жануарлар санатында. Сондықтан, шаруалар сиыр, қой малын көбейтуге жұмыстануы қажет. Және де мал өнімдерін ұқсатып пайдалануға мүмкіндік беретін сервистік орталықтар құру мәселесі өткір тұр. Бұл орайда бізге Австралия сынды өркениетті елдер үлгі бола алады.

Исатай Балмағамбетов:

–  Кәсіпкерге мемлекеттің қолдауы осы жерде керек. Мал өнімдерін ұқсатып пайдалану үшін, шағын орындар, сервистік орталықтарды ашу маңызды. Себебі, малды қалаға апарып сату шаруаның еңбегін ақтамайды. Сол себепті, ауданда шағын ет комбинаттарын ашқан жөн.

Осы жерде мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламаларының тиімділігін кәсіпкерлердің қаншалықты сезініп отырғандығын, тағы нендей проблемалардың бар екендігін білсек…

Самиға Есқалиева, «Сұлтан» шаруа қожалығының жетекшісі:

– «Сыбаға» бағдарламасы бойынша, 2014 жылы несие алдым. Бүгінде жүздің үстінде сиыр, қой, жылқым бар. Шаруашылықта төрт адам жұмыс істейді. Жаз мезгілінде шөп шабуға қосымша адам алып отырамыз. Ендігі проблема – мал бағатын адамның жоқтығында болып тұр. Сондықтан, жастарды ынталандыру арқылы, проблеманы жою жолдарын қарастыруды ұсынамын. Екіншіден, мал өткізу өте қиын жағдайда жүріп жатыр. Барымызды ұқсата алмай қиналып отырмыз. 

Жастардың ата кәсіпке қызығушылығы төмен

Айжан Ізімова:

– Жастар ата кәсіпке бармайды дейміз. Бүгінде шарбағында малы жоқ үйлер көбейді. Мал көрмеген бала ауыл шаруашылығына қалай барады? Сондықтан, ауылдың әр үйінде мал болуы керек. Екіншіден,  мал бағуға қызығушылықтың төмендігі жалақының аздығымен байланысты. Бақташыға бүгінде бар-жоғы 30 мың теңге ғана беріледі. Сондықтан, жалақыны өсіру қажет. Үшіншіден, бүгінгі малшының баласы малдан шығып кетті. Ол өзінің малын танымайтын жағдайға жетті. Себебі, бала жастайынан шарбақтағы малға бармаған. Мәселенің мәнісі де, ауылдың қаладан басты айырмашылығы да осында. Біз баланы жасынан еңбекке тәрбиелеу арқылы ғана, агросектор саласының болашақ мамандарын дайындап шыға аламыз. Және де егін шаруашылығын ұйымдастыратын кез келді.

Қайырғали Базарбаев:

– Бізді бала кезден қой төлдетуге, шабындыққа баруға, егін жинауға баулып өсірді. Қазіргі балаларды мұндай еңбек отряды тұрмақ, сенбілікке де жинай алмайтын жағдайға жеттік. Балаларға жұмыс істетсең, «еңбекті қанау» деген желеумен елді шулататын болды. Сол себепті, балаларды жастайынан еңбекке баулу мәселесін қолға алу қажет. 

Исатай Балмағамбетов:

– Бала еңбегіне қатысты кей жағдайларды прокуратура заңдық тұрғыда қарап отыр. Ол дұрыс та болар. Дегенмен, біз мемлекеттің бүгінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруды мақсат етіп отырғандығын түсінуіміз керек. Өз басым баланы жастайынан еңбекке баулу туралы айтылған пікірлерге толық қосыламын. Біз бұл мәселеге қоғам болып атсалысуымыз қажет. 

Инфрақұрылымға қосымша қаражат бөлінсе…

Серік Ажайпов, жеке кәсіпкер:

– Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар өз деңгейінде жұмыс істеп жатыр. Өзім «Жұмыспен қамту – 2020» аясында үш миллион теңге көлемінде несие алдым. Ондағы мақсатым стамотологиялық орталық  ашу еді. Құрылыс жүргізілді. Бірақ, инфрақұрылымға қаражат жетпей жатыр. Мемлекеттен тағы қолдау керек. Осы орайда, кәсіпті бастауға берілетін үш миллион теңге көлемін ұлғайтуды ұсынамын.

Зинеш Сарбуфеева, Қызыл-қоға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

– Мемлекеттік бағдарламаларда инфрақұрылым мәселесіне қаражат қаралмаған. Сондықтан, қосымша тетіктерді енгізу қажет. Нысан құрылысын салуға рұқсат алу үшін де ісін жаңа бастаған кәсіпкер қыруар қаржысын шығындайды. Сол себепті кейде қаржысын мақсатты игермегені үшін кәсіпкерлерді сотқа сүйреп жататын да жағдайлар болады. Проблема кәсіпкердің құрылыс рұқсаты үшін кететін шығынын растай алмауында болып тұр. Өйткені, шағын несиеде ондай мәселе қаралмаған. Объектіні электр энергиясына, табиғи газға қосу мәселесі де қиындықтар туғызуда. Құрылысты кеңейту үшін рұқсатты жергілікті кәсіпкерлік бөлімдері арқылы жүргізу туралы ұсынысымыз да ескерусіз келеді. Шын мәнінде шалғай ауылдағы кәсіпкерге тілдей рұқсаттама үшін облыс орталығына барып-келудің өзі оңай шаруа емес.

Ауылдық кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден несие алуда қиналып отырғандары да жасырын емес. Өйткені, банктер аудан мүлкін кепілдікке алмайды. Алған күннің өзінде мүліктің негізгі құнын тым төмендетіп жібереді. Әзірге біздің кәсіпкерлерімізге ауыл шаруашылығын қолдау қоры ғана көмекке келуде. Бірақ, барлық кәсіпкердің тағдырын бір қорға тапсырып қоюға тағы болмайды.

Исатай Балмағамбетов:

– Құрылыс мақсатында рұқсат алу мәселесі кезек күттірмей шешілуі тиіс. Өйткені, мемлекет бизнесті дамытуда бюрократиялық кедергілерді мейілінше жою бағытын ұстанып отыр. Дәл қазіргі жағдайда отандық бизнесті ел игілігіне пайдалану әр деңгейдегі кәсіпкерлік бөлімдеріне тікелей байланысты. Бизнеске жан-жақты қолдау көрсете отырып, жергілікті өнімнің жергілікті халыққа жетуін қамтамасыз етуге тиіспіз. Әйтпесе, тасымалданған азық-түліктің, өзге де тауарлардың қымбатқа шығатынын уақыт көрсетіп отыр. 

Ауыл кәсіпкерін не алаңдатады?

Айша Сабырова, жеке кәсіп-кер:

– Менің кәсібім негізінен мұнай өнімдерін сатуға байланысты. Бүгінде Миялы мен Тасшағылда жанармай сату бекеттері жұмыс істеп тұр. Қазір әр үйде көлік бар болғандықтан, жанармай тасымалдау, тиісті мөлшерге қол жеткізу мәселесі өте күрделі жағдайда тұр. Мәселен, облыс әкімдігіне 50 тонна жанармайға сұраныс жіберсек, бізге оның 25 тоннасы ғана беріледі.

Өкініштісі, біз рұқсатты тікелей облыстан ала алмаймыз. Жанармай бөлу мәселесімен Энергетика министрлігі айналысады. Бүгінде АИ-92 маркасына сұраныс күшті. Кейде осы марканы халыққа жеткізе алмай қаламыз ба деп те қорқамыз. Енді біз жанармайды Атыраудан тікелей алуға мүмкіндік жасалса деп сұраймыз.

Махамбет Төлебаев, жеке кәсіпкер:

– Жеке дүкенім бар. Халыққа азық-түлік жеткізумен айналысамын. Кәсібімді кеңейту мақсатында мал шаруашылығымен  айналысу ойда бар. Сол мақсатта шағын несие алуға ұсыныс бердік. Жылқы малын өсірсем деймін. Менің ұсынысым – девальвация жағдайында кәсіп-керлерге мемлекеттік қолдау жағын күшейту керек.

Саламат Каримов, жеке кәсіпкер:

– Жеке наубайханам бар. Халықтың сұраныс деңгейі жоғары. Қазір ұнды көршілес Батыс Қазақстан облысынан тасымалдап отырмыз. Әсіресе, қыста тасымал  қиын. Астықты өзге округтардағы наубайханалармен бірлесіп тасуға мүмкіндік жоқ. Себебі, Мұқыр, Сағызға Оралдан ұн тасу тиімсіз. Менің нау-байханама айына екі тонна ұн қажет. Сондықтан, наубайханалар үшін ұн облыс орталығына жеткізіліп берсе деген тілегіміз бар.

Төлеген Берішбай:

– Бұл проблеманы билік орындарына жеткізетін боламыз. Аудандарда меніңше астықпен бірге, мал азығы, соның ішінде жем мәселесі өткір тұрған сияқты. Жылыой, Құрманғазы аудандары жемді Қостанай, Ақмола облыстарынан тасымалдап  отырғандарын айтты. Осы орайда, Қызылқоға жерінен қара бидай өсіруді неге қолға алмасқа?

Қайырғали Базарбаев:

– Айтуыңыз орынды. Бірақ, тұщы судың болмауы үлкен проблема тудырып отыр. Мәселен, «Жасқайрат» шаруа қожалығы бірнеше гектар жерге мақсарыны өсіріп көрді, бастапқыда сатты да. Бірақ, судың ашып кетуіне байланысты биыл өнім ала алмай қалды. Сондықтан, су мәселесін реттемей, жағдай түзеледі дегенге сену қиын.

Исатай Балмағамбетов:

– Мемлекеттің ұстанып отырған саясаты – ауылды гүлдендіру. Ауыл мен қала арасындағы айырмашылықты жою. Себебі, ауыл – елдің күретамыры, тұнып тұрған азық-түлік белдеуі. Шағын және орта бизнесті дамыту, әсіресе, Қызылқоға ауданына керек. Өйткені, малды өңірде өндіріс жоқ. Сондықтан, жергілікті билік кәсіпкерлікті дамытуға мейілінше жағдай жасауы керек. Біз қазір өз өнімімізді өндіріп, өзімізді қамтамасыз етуді басты мақсат ретінде ұстанып отырмыз. Кәсіпкерлердің сөзінен бар малды ұқсатып пайдалана алмай отырғандарын білдік. Сондықтан, бұйым дайындайтын шағын цехтарды, түрлі сервистік орталықтарды, шұжық цехын, яғни ұқсату кәсіпорындарын көбірек ашуға жұмыстану қажет. Сол мақсатта жұмысшы мамандар класын дайындап шығаруға назар аудару маңызды.

Сондай-ақ, кәсіпкерлер толғандырған проблемаларын «Атыраудың» «Бизнесмен» қосымшасына жолдай алады. Бүгінде «Бизнесмен» кәсіпкерлердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына арналған үлкен  алаңға айналды. Газет кәсіпкерлерге өз тарапынан қолдау көрсетуге қашан да дайын.

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суретті түсірген Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.

Қызылқоға ауданы.

 

Түйіп айтқанда

Осылайша шағын және орта бизнесті дамытудағы көптеген проблемалар талқыланған басқосу барысында жиынға қатысушылар төмендегідей ұсыныстарды ортаға салды:

– Арзан, әрі сапалы мал азығын дайындауға жол ашу үшін жоңышқа, қара бидай егуді қолға алу;

– Мал және егін шаруашылығын дамытуға қолбайлау болып отырған су мәселесін түпкілікті шешу;

– Ауылдық жерлердегі наубайханалар үшін облыс орталығынан астық тасымалдауға жағдай жасау;

– Мал шаруашылығының тиімділігін арттыру мақсатында жергілікті жерлерден бұйым дайындайтын шағын цех, түрлі сервистік орталықтар, шұжық цехы сынды ұқсату кәсіпорындарын көбірек ашу;

– Кәсіпкерлік саласындағы қағазбастылықты, бюрократиялық кедергілерді жою мақсатында құрылысқа рұқсат алу, нысанды электр энергиясына, табиғи газға қосу үшін қажетті техникалық шартты жергілікті аудандардан беруді қолға алу;

– Шағын бизнес субъектілері үшін табиғи газға алдын-ала төлемді алып тастау, ауылдық жердегі бизнеске инженерлік инфрақұрылым жүргізу мақсатында қаржы бөлуді «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында қарастыру;

– Ауыл шаруашылығы мамандарын ынталандыру, қажетті жұмысшылар класын дайындауға кешенді түрде назар аудару;

– Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру идеясын кеңінен насихаттай отырып, балаларды жастайынан еңбекке баулуды қолға алу;

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз