Жарнама
Саясат

Билік пен бұқараның арасындағы диалог

Қазір облыстағы 752 үкіметтік емес ұйымның 624-і Атырау қаласында, 128-і аудандарда тіркелген. Олардың арасында өз ісіне жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс жасап жатқаны – 190 құрылым. Бұл туралы жұма күні «Әлеуметтік серіктестік құралдары – өңірдің қарқынды дамуының негізі» тақырыбында өткен Атырау облысының ХІ Азаматтық форумында айтылды.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақас, Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиеваның қатысуымен өткен шарада әлеуметтік әріптестіктің ролі, құралдары және әріптестікті қолдау мен нығайтудағы мүмкіндіктер туралы жан-жақты талқыланды.

Форумда сөз алған облыс әкімі азаматтық форум – қоғам мен мемлекет диалогын дамытудың негізгі алаңы екенін атап өтіп, оның маңызына тоқталды.

– Үкімет пен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы бірлескен қызметтің арқасында ғана бізде демократия орнығады және біздің дамуымыз алға жылжиды. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үнемі айтып жүр. Өткен жылы елде Ата заңға өзгеріс енгізілер алдында да ол шешімді халықтың қабылдайтынын айтты. Бүкілхалықтық референдумда жұртшылық таңдауын жасап, биылғы Жолдауында атом электр станциясына қатысты да өз ойын ашық білдірді. Бұл қоғам мүшелерінің саяси өмір мен ел дамуы жолында қабылданып жатқан шешімдерге етене араласуы керектігін білдірсе, менің түсінігімше осындай шешімдерді қабылдар кезде мемлекет, яғни әкімдік үкіметтік емес ұйымдар айтқан ой-пікір мен ұсыныстарды ескеруі керек. Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық бастамашылдықты дамытуы үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау қажет. Атырау облысында да бюджеттен нақты қаржы бөлініп, іс жүзінде қоғамның барлық маңызды саласы қамтылып отыр. Осындай бірлескен жұмыстың арқасында облыстағы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған көптеген жобалар жүзеге асып келеді. Бұл жолғы басқосу үкіметтік емес секторға тың серпін беріп, азаматтық қоғамның одан әрі дамуына жол ашуға тиіс, — деді Серік Жамбылұлы.

Форумға арнайы келген республика Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақастың айтуынша, елімізде ҮЕҰ саны 23 мыңнан асады екен. Оларды қолдап, мүддесін көздеу мақсатында Президент тапсырмасы негізінде министрлік тарапынан «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң жобалары әзірленіп, Парламенттің талқылауына ұсынылған. Егер ол қабылданса, өңірлердегі қоғамдық бірлестіктер өзінің ұйымын тіркеу үшін бұрынғыдай міндетті түрде 10 құрылтайшы жинап әуреге түспейді, үшеуінің өзі жеткілікті.

ku

– Мемлекет тарапынан ҮЕҰ-дарды қолдау бойынша жүйелі және тұрақты жұмыс жүріп жатыр. Біріншіден, қаржылық қолдау, яғни қайтарымсыз гранттар беру. Екіншіден, әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс беру мүмкіндігі. Сондай-ақ, әлеуметтік кәсіпкерлік. Яғни, жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен өз кәсібін ашып, қоғамдағы әртүрлі бағыттағы мәселелерді тарқататын, қолдау білдіретін жекелеген ҮЕҰ-ға мүмкіндік ашу, — деді Перизат Құрманқызы.

Енді жыл сайын өңірлік, республикалық деңгейде форум өтіп қана қоймай, белгілі деңгейдегі міндет-мақсаттарға жол ашылады. Тарата айтқанда, өңірлік форумдарда айтылған ұсыныс-пікірлер Қазақстанның Азаматтық Альянсына, өзекті мәселелер министрліктерге жолданып, солардың негізінде арнайы жол картасы әзірленеді. Ал ондағы міндеттерді жүзеге асыру құзыреті мемлекеттік органдарға жүктеледі. Сонымен қатар, азаматтық ортаға жастарды көбірек тартқан жөн.

– Біз әр өңірде өзге облыстардан өкілдерімізді қатыстыра отырып, Азаматтық форум өткізуді, онда 20 маңызды мәселені терең талқылап, ұсыныстар жинақтауды жөн деп шештік. Биыл Талдықорған қаласында өткен алғашқы форумда елдің 19 облысынан ішкі саясат басқармалары мен ҮЕҰ-дың өкілдері жиналды. 1956 жылы 21 жастағы Жұмекен Нәжімеденов қазіргі Мемлекеттік Гимнді өмірге әкелсе, одан екі-ақ жас үлкен композитор Шәмші Қалдыаяқов оған ән жазды. Қазіргі жастарға да осындай белсенділік керек. Сіздер елдің, азаматтық ортаның дамуына үлес қосуларыңыз қажет, — деді Азаматтық Альянстың президенті Бану Нұрғазиева.

Өңірдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып, белсенді жұмыс атқарып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері басқосуда облыс әкімінің және Қазақстанның Азаматтық Альянсы президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Форум өңірде үкіметтік емес ұйымдардың қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде әріптестік қатынасын жетілдіруі мақсатында өтіп, оған қатысушылар панельдік сессияларда спикерлердің тақырыбы бойынша ұсыныс-пікір қалдыру үшін экранға QR код қойылды.

Шара аясында бірнеше үкіметтік емес ұйымның жұмысын таныстыруы мақсатында жобалар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Өз жұмысын алғаш көрсеткен Атыраудағы «Aru project» қорының жетекшісі Сұлубике Қарымова – қаладағы қыз-келіншектердің рухани дамуына өзіндік үлесін қосып жүргендердің бірі. Ол өзінің қоғамдық қоры арқылы әйелдердің рухани, эмоционалды, физикалық және интеллектуалды дамуына ықпал етіп отырғанын айтты. Қыз-келіншектермен жұмыс жүргізу барысында оларға арнап тігін, аспаздық, басқа да шеберлік сабақтарын өткізеді екен.

Көпшіліктің назарын аударған жобаның бірі – «Ecologica» деп аталатын қоғамдық қордың жетекшісі Татьяна Тегайдің жұмысы. Экология және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған оның «Жасыл мектеп» жобасы «Теңізшевройл» компаниясы тарапынан қолдау тапқан.

– Көпшілік экологияны сауықтыру деп ауаны, қоршаған отаны тазартуды ойлайды. Шынында, ол жас ұрпақтың айналаны таза ұстауынан қалыптасады. Мәселен, біз пластикалық бөтелкелер мен оның қақпағын жинап тапсырып, одан тапқан азын-аулақ табысты қайырымдылыққа жұмсаймыз, — деді ол.

Жәрмеңкеде «Shyraq education» жеке қоры, «Сенім тірегі», «Atyrau nomads», «Жаныңдамын», «Жарқыра», өзге де қоғамдық қорлардың жұмыстары таныстырылды.

Панелдік сессияда әлеуметтік әріптестікті қолдау мен нығайтудағы мүмкіндіктер және әлеуметтік әріптестік құралдары туралы айтылып, тақырып төңірегінде спикерлер ой-пікірімен бөлісті. Әлеуметтік әріптестік жүйесін қалыптасыру, құралдарын анықтау «Фандрайзинг» туралы да түсінік берілді. Фандрайзинг – қаржыландырудың қосымша көздері. Сала өкілдерінің түсіндіруінше, бұл әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асыру немесе белгілі бір қоғамдық ұйымды қолдау үшін үшінші тараптың ресурстарын тарту дегенді білдіреді.

Бүгінгі күні ұлттық компаниялар мен ірі инвесторлар өз қызметінде белгілі бір әлеуметтік міндеттемелерді орындап жүр. Әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып,  қайырымдылықпен айналысады, әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған азаматтарға нақты қолдау да көрсетеді. Солардың бірі – «Теңізшевройл» ЖШС үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға ықпал етеді. Өзінің әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында бірнеше бағыттағы азаматтық қоғамды қалыптастыруға бағытталған барлығы 21 жобаны қаржыландырып отыр. Компанияның мүдделі тараптармен байланыс жөніндегі менеджері Ботагөз Құлшаеваның айтуынша, биыл азаматтық қоғамды дамыту бағытында 4 жоба қолдау тапқан.

– «Қоғамдық кеңістіктер» бес жылда тек Жылыой ауданы тұрғындарының емес, атыраулықтардың да сүйікті жобасына айналды. Осы кезеңде 150 кіші жоба жүзеге асты. Олардың қатарында балалар ойын және спорт алаңдары, жасыл алаңдар, сахналар, көшелерді жарықтандыру секілді жобалар бар. Тек биылдың өзінде 70-тен астам шағын жоба жүзеге аспақ, — деді ол.

Форум соңында жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Qoldaý» бағдарламасының жеңімпаздары марапатталды. Биыл қаржылай қолдау көлемі өсіп, яғни конкурста ұтқан жергілікті 6 ҮЕҰ-ның әрқайсысы 1 800 000 теңгеден сыйақыға ие болды.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Суреттерді түсірген Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button