Атырауда ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындық пысықталды
Өңірде «ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу кезіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбы бойынша оқыту тренингі ұйымдастырылды.
Оған аумақтық сайлау коммиссияларының төрағалары мен хатшылары қатысты, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мақсат – сайлау заңнамасының негіздері және оны сайлау үдерісінде қолдану тәжірибесін, ұйымдастырушылардың кәсіби біліктілігі мен құзыретін арттыру. Семинар барысында ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың жоспары таныстырылып, сайлауға қатысты әрбір құзырлы органдардың атқаратын қызметтері пысықталды. Сондай-ақ, прокуратура өкілдері және психолог мамандармен «ҚР заңнамасы және сайлау жүйесі», «ҚР Президентінің сайлауын ұйымдастыру», «Сайлау науқаны кезеңінде әртүрлі конфликтік жағдайлардың алдын алу және одан шығу тәсілдері» тағы да басқа тақырыптарда дәрістер оқылды.
Жиын соңында қатысушылардың ой-пікірлері тыңдалып, сайлаушылар тізімін нақтылау мәселесі талқыланып, тиісті тапсырмалар жүктелді.