Атырау қалалық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамы өзгерді

screenshot 15 1 Саясат

Бұл мәселе Атырау қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХІІІ сессиясы барысында талқыланып, бекітілді.

Бекітілген заңдылықтарға сәйкес, былтырғы 31 желтоқсан мен 2023 жылдың 14 қаңтарында жаңадан құрылған 25 округтік комиссияның 125 мүшесін, мерзімінен бұрын шығып қалған 29 учаскелік сайлау комиссиясының 39 мүшесінің және жаңадан құрылған 10 учаскелік сайлау комиссиясының 72 мүшесінің орнына сайланатын кандидаттар туралы ұсыныстарды қабылдау жөнінде хабарландыру берілген.

Бұл туралы атап өткен қалалық мәслихат аппаратының басшысы Злиха Таласбекова Атырау қалалық округтік және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдарын қалыптастыру үшін саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктерден келіп түскен ұсыныстар жиналып, кандидаттардың құқықтық жағдайы тексеруден өткізілгенін жеткізді. Нәтижесінде, Атырау қалалық округтік сайлау комиссиясының 125 мүшесіне 125 кандидат және 39 учаскелік сайлау комиссияларынан 111 мүшесіне 111 кандидат құжаттарын тапсырған. Нақтылап айтып өтсек, «AMANAT» партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы, «Қазақстан Халық партиясы» Атырау облыстық филиалы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Атырау облыстық филиалынан, яғни, 4 саяси партиядан 116, үкіметтік емес ұйымдардан 120 кандидаттың ұсынысы түсіп, құжаттары қабылданған. Осылайша, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден түскен ұсыныстар сайлау комиссияларынан сайлануға тиісті мүшелерінің санына тең келгендіктен, жаңадан жасақталған тізім депутаттар тарапынан қолдау тапты. Бұдан соң, қалалық мәслихаттың «Атырау қаласында тұратын аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Анар Жеңісова құжаттың жаңа мазмұнындағы өзгерістерді таныстырды. Соның бірі – тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде пайдалы алаңы бір адамға 15 шаршы метрден кем емес және 18 шаршы метрден артық емес мөлшерде, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден кем емес аудан нормасының қабылдануы. Және бір жаңалық шешімде қарастырылған заңдылықтарға сәйкес, терможаңғыртудан өткен баспана иелеріне қатысты 2 пайыздық жеңілдіктің алып тасталуы. Жалпы, тұрғын үй көмегін алушылар саны жыл сайын азайып барады. Мәселен, 2021 жылы 291 отбасы болса, былтыр 11 миллионнан астам теңгені құрайтын тұрғын үй көмегін 275 отбасы алыпты.

Бұл тұрмыс деңгейінің жақсарғанының көрінісі десеңіз, қателесесіз. Өйткені, спикер азғантай ақша үшін құжат жинауды тұрғындар қиынсынатындықтан көрсеткіштің төмендегенін атап өтті. Атап өтейік, тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Атырау қаласында тұрақты тұратын, меншік құқығындағы тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасылардың коммуналдық шығындарының белгілі бір бөлігін өтеу үшін беріледі. Оны тағайындау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиалы немесе «Электронды үкімет» веб порталы арқылы жүргізіледі.

Гүлжан ӘМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз