АТЫРАУ – ДАМУДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЛЕГІНДЕ

Атырауда бірқатар кадрлық өзгерістер болды. Бұл туралы аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қатысуымен өткен облыстық актив жиналысында белгілі болды.
Өзге де тағайындаулар туралы мәлімдеген облыс әкімі ел Президентінің басты талаптарының бірі бүгінде инновациялық жобаларды нәтижелі жүзеге асыру екендігін атап айтты. «Бұдан басқа, өңірде тұрғын үй құрылысына қажетті материалдардың 90 пайызы сырттан әкелінеді. Осы кемшілікті түзету үшін құрылыс комбинаты салынуда» деген ол азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі екендігіне тоқталып, өткен жылдың тәжірибесін пайдалану керектігіне тоқталды.

Жиын барысында, сондай-ақ, жұмыспен қамту мәселесі де сөз болды. «Атырау жастары негізінен мұнай саласында жұмыс істейді. Жоба аяқталған соң көпшілігі жұмыссыз қалады. Сол себепті жастарды «Жол картасы – 2020» аясында жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері қаралуда. Осыған көңіл бөлу керек» деген облыс әкімі өңірдегі діни ахуалға да тоқталып өтті. «Жастар арасында дінге елітушілік көбейді. Біз еш уақытта дінге қарсы емеспіз. Бірақ, салтымызды, дінімізді бұзып, сырттан келген жат ағымдарға еріп кету дұрыс емес» деген ол бұл бағытта идеологиялық, құқықтық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Рас, бүгінде әлем Еуропаны есеңгіреткен қаржы дағдарысының қыспағында қалды. Дағдарыс біздің елімізді айналып өтеді деуге де болмайды. Бұл орайда облыс әкімі ел Үкіметінің дағдарысқа қарамастан «Қолжетімді баспана», «Жол картасы – 2020» бағдарламалары үшін қомақты қаржы бөліп отырғандығын атап өтіп, жиналғандарды нәтижелі жұмыс атқаруға шақырды. Сүйінші жаңалық сол – Атырау даму қарқыны бойынша республикалық деңгейде бірінші орынға шыққан. «Бірақ, қол жеткен жетістікке тоқмейілсуге болмайды. Жыл аяғына дейін қосатын жобалар сапалы атқарылуы керек» деп атап өтті облыс әкімі.
Жиын барысында, сондай-ақ, бүгінгінің негізгі мәселесі – ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Атырау облысына жұмыс сапары айтылды. Белгілі болғанындай, Президент сапар барысында өндіріс орындарында болады, облыс әкімі өңірдегі ахуал жөнінде есеп береді деп күтілуде. «Мемлекет басшысының шақыруымен елге Ұлыбритания Премьері Дэвид Кэмерон келе жатыр. Бұрын-соңды Ұлыбританияның үкімет басшысы қазақ жерінде болған емес. Қазақстан басшысымен бірге ол Қашаған жобасындағы дайындық жұмыстарының аяқталуына байланысты өтетін шараға қатысады» деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз