Жарнама
Саясат

Аттан түспейтін ӘКІМ

*23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні

Қоғамда ер-азаматтармен терезесі тең дәрежеде еңбек етіп, өзінің ерік-жігері арқасында ортасына сыйлы атанып жүрген әйел затының саны артқан. Тіпті кейбір шаруаларды ұйымдастыруда ерлерді он орап алатын қыз-келіншектерді де көріп жүрміз.

Қалаға қарасты Алмалы ауылдық округі – Жайықтың самар бетіндегі орналасқан табиғаты ерекше, топырағы құнарлы мекен. Осы әкімшілік аумақты бес жылдан бері басқарып келе жатқан жергілікті тәжірибелі ұстаз Гүлшат Аухадиеваны осындай атпал азаматтардың қатарына қосуға болады.

Өрістен сиыры келмей қалса да «әкім қайда қарап отыр?» деп кергитіндердің әрекетін көріп отырып, әкімге артылған жүктің қаншалықты ауыр әрі қиын екенін біле беріңіз!..

Мұғалімдіктен – әкімдікке

Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс (бұрынғы Чкалов) ауылында дүниеге келген Гүлшат Төлегенқызының көріп келе жатқаны Жайықтың жағасы. Өйткені, онжылдық білімді де Жалғансайдағы орта мектептен тауысып, сол кездегі Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтынан «химия-биология пәні мұғалімі» мамандығын алып шығады. Сол жылдары тұрмыс құрып, отбасы жағдайына байланысты Орал қаласындағы №21 мектепте еңбек жолын бастаған ол Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының агрономия бөлімінде де дәріс оқыды.

Кейін Атыраудың дәмі тартып, Алмалы ауылындағы орта мектепке жұмысқа орналасты. Әуелі тәрбиеші, кейін лаборант, сосын тәлімгерлік қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде бастауыш кәсіподақ және партия ұйымдарына жетекшілік етіп, Алмалы ауылдық әйелдер кеңесінің төрағасы ретінде де өзінің ұйымдастырушылық қырын жақсы көрсете білді. Қызығы да, шыжығы да мол қоғамдық жұмыстармен қатар 20 жылдан астам уақыт биология пәнінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеген ізденімпаз ұстаз Гүлшаттың мектеп директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, мектеп директоры лауазымдарындағы қызметі де жақсы нәтижесімен танылды. Ал, мемлекеттік қызметке оны өмірдің өзі ширатып әкелгендей.

Гүлшат Төлегенқызы 2019 жылы жергілікті әкімдер сайлауында басым дауыспен білім саласынан келіп сайланса, былтыр екінші мерзімге қайта сайланды.

Істің беті бері қарап…

Қаланың құрамына төрт жыл бұрын қосылған ауылдық округтің жер көлемі – 7 мың гектардан астам. Округке қарасты Алмалы мен Береке ауылдарында 7 мыңға жуық адам тұрады.

Әрине, қиындықсыз жұмыс жоқ. Әсіресе әкім болып жұмыс істеу оңай шаруа емес. Күні-түні халықпен бірге жүргендіктен олардың жағдайын жасап, жергілікті жердің өсіп-өркендегенін қалайды. Оның үстіне қалаға қосылғалы шешімі күрделі мәселелер де біртіндеп оңғарылып келеді. Айталық, Береке ауылында «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 1200 орындық кең де сәулетті мектеп салынып жатыр. Ауыл ішіне 16,3 шақырым асфальт төселіп, 65 шақырымға су құбыры жүргізілді. Оған қоса 23,1 шақырымнан астам жерге көше жарығы мен электр желісі тартылды. Жуырда ол да ел игілігіне берілмек. Енді 21 шақырымдық жазғы су құбырын тарту мәселесі толықтай шешімін таппақшы.

60 жылға жуық уақыттан бері асфальт көрмеген Алмалыдағы көшелерге де тасжол төселгелі жатыр. 200 орындық мәдениет үйін салу үшін құжаттар дайындалуда.

Екі ауылда спорт кешенін салуға былтыр құжаттары әзірленіп, биыл жоба қолға алынбақ. Өйткені, спортқа құмар Береке, Алмалы ауылдарында тартысты сайыстардан жүлделі орын алып жүрген командалар бар. Былтыр  ойын алаңдары жаңартылды. Оған қоса екі ауылға да 25 орындық амбулатория салынбақшы. Өйткені, дәрігерлік мекеменің бұрынғы ғимараттары әбден ескірген.

Қазір округ аумағындағы «АНУ-1», «АНУ-2» саяжай аумақтарынан жекеменшік тұрғын үй салуға рұқсат алу үшін құжаттар жасақталу үстінде.

Ел сенімі – басты орында

–  Әкім болудың жауапкершілігі зор. Халықтың көңілін тауып, ауылдың өркендеуіне бірлесіп жұмыс атқаруымыз керек. Әйел адамға қиындау болғанмен, елдің сенімін ақтауға күш-жігерімді жұмсап келемін. Кейде тракторға, жүк көлігіне мінуге де тура келеді. Әсіресе биыл су тасқыны кезінде жауапкершілік бірнеше еселеп артты. Тәулік бойы кірпік ілмеген кездеріміз де болды. Округке қарасты екі ауыл мен сегіз саяжай соның арқасында тасқыннан аман қалды. Бұл – облыстық төтенше жағдай жөніндегі штабпен бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесі. Әлбетте ауыл тұрғындарының да көмегі көп. Әсіресе жастар алғашқы күннен-ақ қоғамдастық жиналысын шақырып, жұмысшы тобын құрды. Сол топпен әлі де бірлесіп жұмыс істеп келеміз. Әкімдік қызмет ер мен әйелге бөлінбейді, халықтың аманатын арқалаған соң білек сыбанып, жеңді түріп, жұмыс істеп келеміз. Өзім де осы ауылда тұрған соң елді мекеннің көркейіп, дамығанын қалаймын, — деді Г.Аухадиева.

Рас, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Халықтың қолдауы да Гүлшат Аухадиеваның жұмысына көп көмегін тигізіп тұрғаны анық. Кезінде өзі оқытқан шәкірттері мен жастар ауылдағы қандай шараға да жұмыла кірісіп, қолқабыс етіп отырады. Былтыр қыста жауған қарға ауыл азаматтары, әсіресе жастар мен кәсіпкерлер жұмылып, қала басшылығы бөлген техниканың күшімен екі күн тынымсыз еңбектің арқасында қоғамдық көлік қатынасы да жолға қойылған. Пандемия кезінде жағдайы төмен отбасыларға ауылдың жастары көп көмек көрсетті. Тіпті, ардагер ұстаздың құлағалы тұрған үйін бұзып, орнына асарлатып үй салып та берген. Ауыл басшысы осындай игілікті істе де азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді.

Қазір округтегі 28 кәсіпкерлік нысанның тізіміне азық-түлік дүкендері, қоғамдық тамақтану және тез тағам дайындайтын сауда орындары, шаштараз, дәріхана мен сән салондары кіреді. Мал бағып, егін егетіндер де бар. Дегенмен, мал басын көбейтуге кедергілер де жоқ емес. Оған бірден-бір себеп – жайылым мен шабындық алқаптардың тапшылығы. Бұл проблема Гүлшат Аухадиеваны да толғандырады. Сондай-ақ ол тұрғындардың арасында шағын кәсіпкерлікті көбейтіп, сол арқылы халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтығанын қолдайды. Бұрындары арнасынан аса таситын Жайық өзені де жылма-жыл тартылып бара жатқаны жасырын емес. Шындығына келгенде ол бір ауылдың емес, барша елдің ортақ мәселесі.

– Атырау–Орал тасжолының Махамбет ауданына қарасты сол жақ бөлігінен жер беру туралы облыстық дәрежеде мәселе көтерілді. Себебі, округтегі 38 шаруа қожалығының ішінде «Ынтымақ», «Мамаева», «Шархат» шаруа қожалықтары сүт бағытындағы сиыр өсіріп, мал бордақылап, асыл тұқымды қой-ешкі бағып отыр. Енді шаруашылықты одан әрі дамыту үшін жер керек. Қалалық кәсіпкерлік бөлімі арқылы ет-сүт өнімдерін сататын сауда орындары дайын, қалаға апарып сатып жатқандар да бар. Жылыжай шаруашылығымен айналысып жүрген ауылдастар қияр, көк жуа секілді өнімдерді өсіріп жатыр, — деді ауыл әкімі.

Топыраққа да көз тігеді

Қалаға жақын болғандықтан екі ауылға көшіп келушілер көп. Қоғамдық көлік те жарты сағат сайын жүріп жатыр, табиғаты да таза.

Түрлі мақсатта жер алу үшін қала және округ әкімдігіне жүгінуге болады. 2013 жылы ауылдық округ әкімдігінің ғимараты өртеніп кеткен соң құжаттар қайта ресімделген. 2004-2006 жыл аралығында үй салу үшін жер сұраған 130-ға жуық тұрғынның өтініші бар. Сол мақсатта қазір арнайы аумаққа инфрақұрылым тартылып, бастысы газ бен электр желісі жүргізіліп, енді су құбырын тарту қалған.

– Арнайы алынған «Беларусь – 920» шөмішті тракторы округтегі біраз тірлікті тындырып тұр. Мәдениет үйлерінде түрлі шаралар үнемі өтіп жатады, үйірмелердің жұмысы да жолға қойылған, ауыл әжелері жастарды қолөнерге баулиды. Іргедегі «Алмалы құс», «West Dala», «Каспий Құбыр Консорциумы», «АНУ» компаниялары да жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отыр. «Арнаулы автобаза» ЖШС-нде де жұмыс істейтіндер баршылық. Қоғамдық жұмысқа жыл сайын алынатын 15-20 адамнан бөлек мансап орталығына тіркелген 130-дай адам бар. Олар өз мамандықтарына сай жұмыс сұрайды. «West Dala» компаниясы жыл сайын ұсынатын вахталық әдіспен істейтін бос орындарды жұмыс сұрап жүрген азаматтарға ұсынамыз. Жол құрылысына қатысты маусымдық жұмыстарға да тұрғындар орналасты, — деді Гүлшат Төлегенқызы.

Бір қызығы, ауылдың топырағы құнарлы болғандықтан оның беткі қабатына көз тігетіндер де бар екен. Олардың жолын кесу үшін үнемі учаскелік инспекторлармен бірге бақылау жүргізіліп отыр. Әкімнің айтуынша, округке қарасты екі учаскелік полиция инспекторы тәулік бойы тиесілі аумақтағы құқық тәртібін тұрақты сақтауға жұмыстанып келеді.

Отыз жылдан астам еңбек өтілі бар әкім «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, келесі жылы «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» атанып мерейі өсті. Сірә, еселі еңбек пен тынымсыз жұмыстың бағасы осылай берілетін шығар. Түрлі салалық Құрмет грамотасы, Алғыс хаттардың есебі жоқ.

Ал, өзі оқытқан тәрбиелі де білімді оқушылардың республика көлемінде биология пәні бойынша жүлделі орындарға қол жеткізгені Гүлшат Аухадиеваның ең басты мақтанышы.

Әкесі Төлеген Аухадиев кеңшарда прораб, анасы бас есепші болып жұмыс істеді. Ол кезде білікті маманды әбден тұйыққа тірелген учаскенің жағдайын жақсартуға жұмсайтын, бұлар да сол дағдымен тер төкті. Сондай ұлағатты жандардың тәрбиесін көріп, үлгісін алып өскен ұрпақ та бүгінде үлкен шаңырақтың ұйытқысына айналған. 

Көп балалы шаңырақтың келіні, бұрынғы мұғалім, бүгінгі мемлекеттік қызметші Гүлшат Төлегенқызы бірнеше жыл жабдықтаушы болып еңбек еткен отағасы екеуі ұрпақтан өрбіген немерелерінің қуанышына кенеліп отырған бақытты жандар.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button