АТҚАРЫЛАР ІСТІҢ АЙҚЫН БАҒДАРЫ
Сапалы жолдың қашан да сенімді, әрі қозғалысқа, қала берді адам өміріне қауіпсіз екендігі, соған кепілдік беретіні сөзсіз. Осы орайда, Елбасының тапсырмасымен қабылданған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының жолшылардың жұмысына да тың серпін, жаңаша бағыт-бағдар бергені анық. 2015-2019 жылдарға арналған бұл бағдарлама аясында ел көлемінде жалпы құны 2,4 трлн. теңгені құрайтын 11 инновациялық жобаны іске асыру межеленген. Нәтижесінде, тұтастай алғандағы ұзындығы жеті мың шақырымды құрайтын автокөлік жолы қайта жаңғыртылады. Жобалар бойынша жоспарланған жұмыстарды атқаруға 200 мыңдай адам тартылады. Қазіргі уақытта «Орталық-Батыс» жобасына енген магистралды жолдың «Ақтөбе-Атырау» және «Атырау-Астрахан» учаскелерін күрделі жөндеуден өткізуге халықаралық қаржы институттарынан қарыз алудың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2016 жылы басталып, 2019 жылы аяқталады деп күтілуде.
Айта кетуіміз керек, автомобиль жолдарын жаңғырту шараларын жүзеге асыру барысында жол бойында қауіпсіздіктің сақталуына аса мән беріліп, айрықша назар аударылады. Соған қарамастан, автотрассаларда бақытсыздық оқиғалары мен келеңсіз жайлардың жиі орын алып, қайталанып жататынын да жасырудың жөні жоқ. Сол себептен де, соңғы кездері автожолдарды жобалауға қатысты қолданыстағы құрылыстық нормалар мен ережелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Атап айтқанда, үш және төрт жолақты жолдар құрылысын жүргізу, облыс орталығына кірме жолдарды бірінші, халықаралық маңыздылықтағы жолдарды екінші санатқа көшіре отырып, бір белдікке түсетін салмақты (жүктемені) 13 тоннаға дейін ұлғайту көзделген. Жол белгілері мен жол бойындағы тосқауыл қоршауларды қазіргі заманғы жарық шашатын материалдармен жарақтандыру, электрондық таблода көрсетіліп тұратын интеллектуалдық қауіпсіздік жүйесін қолдану ойластырылған.
Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: — Жол, шын мәнінде, өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар тас жолмен, темір жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Ол облыстардың бір-бірімен сауда-саттық, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен нарықтық қатынастардың, өркендеп өрлеудің жаңа арналарын ашуға мол мүмкіндік туғызады, — делінген жолдар бар. Осының өзі-ақ жолдардың қай мемлекет үшін болмасын, қаншалықты стратегиялық маңызға ие нысан болып табылатынын аңғартса керек.
Елбасымыздың бес институционалдық реформасына негізделген, жүз қадамнан тұратын Ұлт жоспарында атқарылар істер айқын көрсетілген. Болашағымыздың байыпты бағдары, жарқын келешегіміздің кепілі іспетті осынау құнды құжатта жол мен көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды одан әрі дамыту, пайдалану желілері мен басқару жүйесін жетілдіру мәселесіне баса мән берілген. Қазір біз осы Ұлт жоспары бойынша нақты шараларды қолға алудамыз.
Сонымен қатар, мұнда жылдамдықты шектеу көрсеткіштері мен қисық бұрылыстары бар жол телімдерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жер қабатын қайта төсемдеу, халықаралық дәліздерді қайта жаңғырту кезінде ірі елді мекендердің тұсынан айналма жолдар салу жобалары да қарастырылған. Оған қоса, жолдардың құрылысын жүргізу мен жаңғыртудан өткізу кезінде әрбір 20-25 шақырым сайын аялдамалық павильондар, демалыс және сервистік қызмет көрсету бекеттерін салу да жоспарға енгізілгені құптарлық жайт. Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді.
Осы ретте, республикалық және жергілікті маңыздылықтағы автомобиль жолдарын күтіп ұстау, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеті жүктелген кәсіпорынның күшімен үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында айтарлықтай шаруалардың атқарылғанын атап өткеніміз ләзім. Есепті мерзімде жалпы ауданы 18101 шаршы метр жолдың ой-шұқыры бітелсе, 13200 шаршы метр көлемінде сызаттар кесілді. Сондай-ақ, 1300 дана дабыл бағаналары мен 150 дана жол белгілері орнатылып, 687 шақырымда жол таңбалары салынды. Мұның өзі, әсіресе, облысымыздың аумағы арқылы өтетін республикалық маңызы бар автотрассалардың бойында көліктердің үздіксіз және қауіпсіз қозғалысын, толассыз жолаушы мен жүк тасымалын қамтамасыз етуге мүмкіндік берері даусыз. Алдағы қыс маусымына дайындық қамына да кіріскелі отырмыз. Қалыптасқан дәстүр бойынша, жаздың соңы, күздің басында көлік-техникаларымыз бен ауа райының құбылмалы жағдайларында пайдаланылатын құрал-жабдықтарымыз бен керек-жарақтарымызды сын кезеңге әзір етіп қоюымыз керек. Оған барлық мүмкіндік бар.
Қай кезде де жұмысын абыроймен орындап, сенім үдесінен көрінуге дағдыланған ұйымшыл ұжымымыз басқа да салалас кәсіпорындар тәрізді, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Ұлт жоспарында белгіленген міндеттер мен Елбасы тарапынан берілген тапсырмалардың тиянақты орындалысын табуы жолында білек біріктіре еңбектене бермек.
Сейітжан МОЛДАШЕВ,
«Қазақавтожол» РМК Атырау
облыстық филиалының
директоры.