Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті Ресейдің жеке әскері емес – Қасым-Жомарт Тоқаев

220119154332845a3888017i Жаңалықтар

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті Ресейдің жеке әскері емес.

Бұл туралы «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасындағы сұхбаты кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сіз Владимир Путинге қоңырау шалып, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін Қазақстанға шақырдыңыз. Бұл еліміздің дербестігін, егемендігін Ресейге телу деген сөз емес пе? Соларды шақырмаса болмайтын ба еді өзі? Қазір осы шешіміңізге өкінбейсіз бе?», – деп сұрады тілші.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы бұл шешімге өкінбейтінін атап өтті.

«Өкінбеймін. Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды. Кейбір беделді сарапшылар айтуынша, лаңкестер Қазақстанның басты екі қаласын басып алуды жоспарлаған. Бұл Сириядағы сценарийге ұқсас жоспар. Сол елде лаңкестер Дамаск пен Ракканы басып алуға әрекеттенген еді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскерлері біздің елде бір де бір оқ атпағанын атап өтті.

«Оны ашық айту керек. Олар тек негізгі стратегиялық нысандарды күзетіп тұрды. Осы кезде біздің күштік құрылымдар іске кірісіп, қарулы лаңкестерге тосқауыл қойды. Арамызда тек тығыз байланыс пен үйлесім болды. Ал енді «Путинге қарыз боп қалдық» дегенге келсек, бұл – бос әңгіме. Оны доғару керек. Біріншіден, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының контингенті В.Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімдері бар. Қазақстан да – осы ұйымның толыққанды мүшесі әрі негізін қалаушысы. Сондықтан, бәрі – заңды, қисынды», – деді Мемлекет басшысы.

«Ресейге келсек, бұл алпауыт ел өзінің геосаяси мүддесін де қорғады. Қазақстанның тұрақтылығы Ресейге өте қажет. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Қазақстан мен Ресей – стратегиялық серіктестер. Арамызда шынайы достық пен өзара сенім болуы керек. Басқа саясат ұстансақ, екі елдің стратегиялық мүддесіне нұқсан келтіреміз. Жалпы, біз ешкімге ештеңе де қарыз емеспіз. Қазақстан – егемен мемлекет. Сондықтан саясатымыз да дербес», – деді Президент.

Қазақстанға жақын орналасқан серіктес мемлекет. Сұхбат барысында телеарна тілшісі көрші елдің кейбір журналистері «Ресей Қазақстанды құтқарды» деп жазып жүргенін атап өтті.

«Жаңа ғана айтып өттім, Ресей – Қазақстанға жақын орналасқан серіктес мемлекет. Осындай жағдайда оның бізге көмекке келуі айтпаса да түсінікті. Мұны құтқару емес, ортақ мүддемізді қорғау үшін жасалған іс-әрекет деп түсінуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, аталған мәселеге геосаяси ахуал тұрғысынан да қарау керек. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – бәрімізге ортақ құрылым. Ресей және Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның ғана емес, өздерінің де қауіпсіздігін ойлады. Сол үшін көмек қолын созды», – деді осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан мен Ресей арасында жер мәселесіне қатысты дау ешқашан туындаған емес.

«Жалпы, Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы қандай болуы керек? «Мәскеу біздің жерімізге көз алартып жүр, солтүстік облыстарды тартып алады» деген пікірлер де айтылады…», – деді журналист Жайна Сламбек.

Өз жауабында Президент Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар екенін айтты.

«Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді», – деп атап өтті Қ. Тоқаев.

Екінші мәселе бойынша, Президент расында да, кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деген сөздер айтылғанын жеткізді.

«Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды. Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз