Аса маңызды құжат
Қазақ елі 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылдады. Демек, Қазақстан кеңестік социалистік Республикасы өзінің тәуелсіздік пен егеменді ел болудағы алғашқы қадамын жасады.
Бұл құжатқа сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307-ХІІ қаулысына сәйкес Қазақ ССР Жоғарғы советінің Төрағасы Ерік Асанбаев қол қойып, дәл осы құжат қазақ халқының, жалпы қазақ мемлекетінің тарихында аса саяси маңызы бар құжат болып саналды.
Осы сәт 1992-ші жылдан 2009-шы жылдарға дейін қазақ тарихында маңызды мерекелердің қатарында аталып өткен болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың маусымындағы Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында елдің ұлттық мерекелері тізіміне өзгеріс енгізу қажеттігі жайлы айтып, Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін беру туралы ұсынысын айтты. Міне, енді сол қазақ халқы үшін маңызды мереке Қазақстанның мерекелер күнтізбесінде өзіндік орнын қайта тапты. Мереке құтты болсын. Еліміздің тәуелсіздігі нығайып, күш-қуатымыз арта берсін!
Сәлімгерей АЙМҰРАТОВ,
философия ғылымдарының кандидаты