Атырау облысының әкімі Мақат тұрғындарымен кездесті

img 20220826 192141 Саясат

Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов бекітілген кестеге сәйкес, Мақат ауданына жұмыс сапарымен барып, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Алдыменен аймақ басшысы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, ұсыныс-пікірлерді тыңдады.

Бүгінде Мақат кентіндегі тұрғындарды алаңдатып отырған 12 көпқабатты тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарына тоқталды.

– Күрделі жөндеуді қажет ететін  12 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысына жобалық сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң шешімін тапты. Мәселенің қай-қайсы да бюджеттің мүмкіндігіне қарай қаралады. Егер бюджет қаржысы көтермесе, өңірдегі компаниялар арқылы шешіледі. Осылайша, өзімізге нақты міндеттер алып, мәселені мерзімінде шешуіміз тиіс. Жұмыс сапасын да бақылауда ұстауымыз керек. Осы ретте, ауыл белсенділерінен жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын назарда ұстап, бірлесе жұмыс істеуге шақырамын. Сондай-ақ, қолға алынған әр істе халықтың пікірі ескерілуі қажет,-деді Серік Шәпкенов.

Кездесуде мақаттықтар азық-түліктің бағасы, балаларға арналған ойын алаңын салу, жұмыспен қамту, жолдың сапасы, ауыз су мәселесі, Ескене ауылының тұрғындарын көшіруді және өзге де мәселелерді талқыға салды.

Серік Шәпкенов ұсыныстар мен талаптар маңыздылығына қарай заң аясында шешілетінін мәлімдеді.

Аймақ басшысы тұрғындармен кездесуінен соң,  азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі Мақат ауданы әкімдігінің «Facebook» және «Instagram» парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз