АРЫЗ СОҢЫНДА АДАМ БАР
Құзырлы орган өкілдері «Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы Атырау коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында болып, Елбасы жүктеген міндеттер аясында бірінші жартыжылдықта жүзеге асқан жұмыстарымен бөлісті.
Қадағалау басқармасының бастығы Балнұр Есенгелдиновтің баяндағанындай, бүгінде терроризм мен экстремизмге қатысты мәселе өткір тұр.
Жыл басынан бері тұрғындарды әскери жиһадқа үгіттеу, терроризмді насихаттауға қатысты 39 қылмыстық іс қозғалды. Осы бағыттағы кітаптарды таратумен айналысқан төрт адамға қомақты айыппұл салынды.
Ал, салықтан жалтарған 14 жалған кәсіпкерлік нысаны анықталса, сот үкімімен оның төртеуінің жұмысы тоқтатылды. Олардың мемлекеттік салық органдарына бережағы 380 миллион теңгеден асады.
Облыстық прокуратураның бірінші басқарма бастығының міндетін атқарушы Темірбек Дәржановтың айтуынша, биылғы бірінші жартыжылдықта әлеуметтік-экономикалық саладан прокуратура өкілдері 3,5 мың заңбұзушылыққа тосқауыл қойып, 618 заң актілерінің күшін жойды. 1300-ге жуық лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 55 қылмыстық іс қозғалды. 22 мыңдай азаматтың құқығы, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 15 мың жасөспірімнің мүддесі қорғалды.
— Прокурорлардың араласуымен 39 гектарды құрайтын 10 жер телімі қайтарылды. Жалпы, жыл басынан бері құзырлы органға азаматтардан үш мыңнан аса арыз-шағым түсті. Оның негізінде арнайы тексерістер жүргізіліп, түсіндіру жұмыстары қолға алынды. Арыздардың ішінде тұрғын үй, еңбек даулары, жер мәселелері басым тұр, — деді Темірбек Даржанов. Оның айтуынша, өндіріс нысандарындағы жұмысшыларға уақытында ала алмаған 80,5 миллион теңге жалақы төленген. Заңсыз құжаттарды талап еткен мемлекеттік қызметшілердің үстінен іс қозғалды.
Ал, ағымдағы жылдың алты айында соттарда 784 азаматтық және 7399 әкімшілік істер бойынша прокурорлардың қатысуы қамтамасыз етілді. Орын алған кемшіліктерге байланысты прокурордың аппеляциялық және кассациялық наразылықтары негізінде – 35, соның ішінде әкімшілік істер бойынша 12 сот актісі заңға сәйкестендірілген. Сотта анықталған заңбұзушылық актілері бойынша прокурордың өтініштерімен 98 жеке ұйғарым шығарылды. Бұл жөнінде мәлім еткен облыстық прокуратураның соттарда мемлекет мүддесіне өкілдік ету басқарма бастығы Бағытжан Қалиев Елбасының 100 нақты қадамы аясында сот рәсімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурорлардың қатысуы қысқартылатынын, алқабилер институтын жетілдіру, тергеу әрекеттерін санкциялау бойынша прокуратура органдарының құзыретін тергеу судьяларына кезең-кезеңімен беру, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту сияқты бірқатар жұмыстар қолға алынатынын атап өтті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.