ҚАМКӨҢІЛ ЖАНДАРДЫҢ ҚАМҚОРШЫСЫ төл мерекелерін атап өтті
Биыл екінші рет тойланып отырған мейрам — қарттар мен мүгедектерге, балалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, жұмыссыздарға қамқорлық жасауда аянбай еңбек етіп жүрген жандарға деген зор құрметтің, шынайы алғыстың белгісі. Аймақ басшысының атынан құттықтау тілегін жолдаған оның орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы мерекенің маңыздылығына тоқталды.
— Осыдан екі жыл бұрын Елбасының Жарлығымен төл мерекелеріңіз белгіленді. Сөз жоқ, бұл – қамкөңіл жандарға ұдайы қамқорлық танытып келгендерге Мемлекет басшысының құрметі. Осынау үлкен үмітті ақтау – жауапкершілік. Біздің облыста әлеуметтік салада мыңға тарта жан қызмет етеді. Тіпті, көңілі жартылардың ертеңге деген сенімі сіздердің күтімдеріңізге байланысты, — деген ол тәуелсіз мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуында ішкі тұрақтылықты сақтайтын да атаулы сала қызметкерлері екендігін атап айтты. Айтуынша, сыртқы тұрақтылықты сақтауда сарбаздар қызмет етсе, ішкі қорғаныс әлеуметтік қызметкерлерге жүктеледі. «Аялы алақан және жылы жүректеріңізбен кем-кетік пен мүгедектердің әрі қарай өмір сүруіне ықпал ететін – сіздер. Жер асты байлығы мол болғанмен, халықтың еңбегі еленбесе, ол елде ішкі тұрақтылық болмайды. Сондықтан тағы бір мәрте төл мереке иелеріне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан алғыс білдіргім келеді», — деді ол. Шыңғыс Жұмабекұлы жылы лебізді марапаттаумен жалғастырды. Осылайша, бір топ қызметкерге әлеуметтік қорғау саласында сіңірген еңбегі үшін аймақ басшысының Алғыс хаттары табыс етілді. Ал, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаев, осы мекеменің бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және қаржыландыру бөлімінің басшысы Зиба Түсіпова, әлеуметтік нормативтер және әлеуметтік көмек бөлімінің басшысы Балдай Өтеғалиева, Исатай аудандық әлеуметтік қамту бөлімінің басшысы Надежда Құрманғалиева, Қызылқоға аудандық әлеуметтік қамту бөлімінің бас маманы Бақыт Рысқұлова, Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік төлем секторының меңгерушісі Райхан Саламатова әлеуметтік қорғау жүйесінде ұзақ жылдар еңбек етіп, халықтың әл-ауқатын қамсыздандыруға белсене қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды.
Сала ардагерлері мен әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева жетістіктерді саралады.
— Елімізде күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын аз қамтылған жандар 2001 жылы 56,4 пайызды құраса, күні бүгінде 3,8 пайызға төмендеп отыр. Бұрын атаулы көмекке 1 млрд. теңге қаражат бөлінсе, қазірде 46 млн. теңгеге дейін кеміді. Тұтастай алғанда, соңғы жылдары жағдайы төмен жандар азайған. Жалпы, жеткен белестеріміз аз емес. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 14 мыңға тарта жұмыссыз еңбекпен қамтылды, — деген Клара Фазылқызы көптеген күрмеулі мәселенің шешімін тапқанын жеткізді. Айтқанындай, саулығында ақауы барлар саны артуынан Сарайшықтағы интернатта орын жетіспеушілігі талай мәрте қозғалған еді. Білгеніміздей, соған байланысты 250 орындық жапсаржай құрылысының құжаттамалары жасақталып жатыр екен.
Салтанатты жиында ардагерлер де назардан тыс қалмады. Олардың есімдері аталып, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Одан әрі әріптестерін Жылыой ауданындағы салалық бөлімнің басшысы Серік Қамидолла мен Атырау облысы бойынша мемлекеттік төлем орталығының директоры Алмагүл Шәтенова құттықтады. Мерекелік шара сазды сәлеммен көмкерілді.
Айбөпе САБЫРОВА.