Жарнама
Саясат

AMANAT партиясының съезі өтті

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен AMANAT партиясының съезі өз жұмысын бастады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясынан шығу жөнінде шешім қабылдады.

«Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда Президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтқым келеді. Сондай-ақ жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін», — деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра беретінін атап өтті.

«Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады. Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. AMANAT еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов съез делегаттарына ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ерлан Қошановты партия төрағалығына сайлау туралы ұсынысына дауыс беруді ұсынды. Дауыс бергендер Мәжіліс спикерінің кандидатурасын бірауыздан қолдады.

«Құрметті Ерлан Жақанұлы, сізді барлық делегаттар атынан AMANAT партиясының төрағасы болып сайлануыңызбен құттықтаймыз», — деді Асхат Оралов.

Съезд барысында делегаттар «ADAL» партиясының AMANAT-қа қосылуын дауысқа қойып, қолдады.

«ADAL партиясының бастамасын қолдап, AMANAT-пен біріккен жөн деп санаймын. Жаңа Қазақстанды құрамыз десек – елге жанашыр, қоғамдық саяси күштердің бәрі жұмылуы керек. Бұл ретте партиялардың өзара тіл табысып, саяси жүйені дамытуы аса маңызды. Сондықтан ADAL партиясының бастамасын қолдап, онымен біріккен жөн деп санаймын. ADAL — өз жақтастары бар, қалыптасқан партия. Саяси бәсеке артып келе жатқан қазіргі кезеңде мұның айрықша мәні зор. Осы маңызды қадам AMANAT партиясын жаңғыртып, күшейте түсуге септігін тигізеді деп ойлаймын», — деді Мемлекет басшысы.

inform.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button