Жарнама
Саясат

АМАНАТ АРҚАЛАУ – АЗАМАТҚА СЫН

 

Сонымен, Дәшін, Орлы, Нұржау селоларында жұртшылықпен жүздестік. Ауыл адамдарының көңіл-күйі көтеріңкі. Ұзақ жыл шаруашылықта партия ұйымына жетекшілік еткен Сұлташ есімді ағамыз «Жағдайымыз жақсы, отын-суымыз бар. Балаларымыз қызметте. Бірақ, әлі  де  аз  қамтылған отбасылары кездеседі. Болашақ депутатымыз соларға көңіл бөлсе екен» деген тілегін жеткізді. Өзінен гөрі өзгенің қамын жеген ауыл ағасына разы да болдық.

Кейін депутаттыққа кандидатпен кездесулер ұйымдастырылды. Қай ауылға барсақ та, халық шындықты жайып салып отыр. Жеке басын күйттеушілер де көп кездеспеді. Бәрі де ортақ проблеманы қозғайды. Шаруа қожалықтарының шешілмеген мәселелері бар екен. Жастардың да бос уақытын өткізетін орны жоқ. Спортқа, ән-күйге бейімі бар жігіттер мен қыздар қайда барарын да білмейді. Бұрынғы мәдени ошақтарының әбден тозығы жеткен.

Сөз кезегі өзіне тигенде Оразғали Қаршегенов көп сөйлеген де жоқ.

— Мен де ауылда өстім, — деді ол, — Жайықтың жағасындағы Жұмыскер деген шағын мекеннің тумасымын. Өздеріңіздей қарапайым ғана әке-шешем бар. Мен сөзден гөрі істің адамымын. Егер сенім білдіріп, сайлап жатсаңыздар – оны өздеріңіз де көресіздер. Хал-қадірімше қызмет істеуге уәде беремін. Бірақ, менен кейін екінші кандидат та келеді. Оны да салмақтап көріңіздер. Сөйтіп, таңдау жасаңыздар.

Бұл сөзді естігенде зал толы жұрт ду қол шапалақтады. Мына кандидат бұрынғылардан өзгеше болып шықты. Үйіп-төгіп уәде де бермеді, жалынып дауыс та сұрамады. Тіпті өзіне бәсекелес екінші кандидатты тыңдауды да ұсынады.

Жалпы, ауыл адамдары зерделі келеді. Олар кісі танығыш. Сөйтіп, құрманғазылықтар қалауы Оразғали Қаршегенов болды. Кейін Қиғаш бойының халқы өздерінің қателеспегендіктерін білді.

Оразғали Төлеуғалиұлы алдымен өзіне сенім білдірген ауылдардың әлеуметтік ахуалымен танысты. Аз қамтылған және асыраушысынан айырылған отбасыларының, Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлерінің, мүгедек және өзге де қамқорлыққа зәру жандардың тізімін алды. Әрине, оларға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіліп жатқанымен, өз тарапынан да демеушілік танытуға бел буды. Сөйтіп, сол 2009 жылы-ақ 23 мұқтаж отбасына жеке қаржысымен үйлеріне газ желісін тартып, есептеу құралына дейін алып берді. Депутат жұмысқа кіріскен бойда  ауданды аралап кетті.

Бір күні алыстағы қыстақта тұратын қос қариядан хат келді. «Сыртыңнан естиміз, — деп жазыпты Еңбекші селолық округіне қарасты мекен тұрғындары Төреш Махымғалиев пен Жұмазия Айболатова,- облыстағы жарық пен жылуды басқаратын көрінесің. Бізге келіп тұрған екі шақырымдық электр желісі иесіз қалды. Қора сыртындағы трансформатор да қараусыз. Атакәсіпті жалғастырып көріп едік, көмектесетін балалар қолға тұрмайды. Теледидар көрмекке жарығы бар үйлеріне кетіп қалады».

Қарапайым ауыл адамдарының еш бүкпесіз жан сыры Оразғали Төлеуғалиұлын жайбарақат қалдыра алмады. Дереу өзі аттанды. Жетпістің үстіндегі әкесімен құрдас қарт пен он құрсақ көтерген кейуана баяғы кеңшардан қалған ескі қыстақты паналап отыр. Жекешелендіру кезінде пайға тиген азын-аулақ малын бағады екен. Өз әкесі Төлеуғали да қарапайым киномеханик болып, ұл-қыздарын жеткізуді армандаған. Ал, анасы Жұмабике тоғыз құрсақ көтеріп, солардың амандығын тілейтін. Қазір екеуі де бақыт құшағында шалқып отыр.

Әкесімен құрдас жанның жағдайы депутатты толқытып кетті. «Аға, — деді шынашақтай қартты балаша құшақтап, — жаңа жыл да жақындап қалды ғой. Амандық болса, сол мерекені өз дастарханыңызда бала-келіндеріңізбен және немерелеріңізбен жарық жерде қарсы аласыздар».

Содан бір күні хатшы қыз Құрманғазы ауданынан қарт адамның келіп тұрғандығын айтты. Барлық маңызды шаруаларын ысырып тастап, дереу қабылдады. Ә дегеннен таныды. Былтыр теңіз жағалауындағы қыстақта көрген әкесінің құрдасы. Ол да бұған алғысын жаудырып жатыр. Екеуі ауылдың ахуалын әңгімелеп, біраз отырды.

Аудандағы спортшылардың облыстық және республикалық сайыстарға қатысуын да қамтамасыз етіп, демеушілік танытты. Өзі де кезінде боз кілемнің шаңын шығарып, еркін күрестен Қара теңіз флотының чемпионы болған Оразғали Қаршегенов салауатты өмір салтын да қатты қолдайды.

Өткен жолы Дәшін селосынан Рая апасы келді. Көп шаруасы жоқ екен. Аудандағы мүгедек аналардың балаларына көрсеткен қамқорлығы үшін рахмет айтып жазған хатын алып келіпті. Айтпақшы, мұндай хаттар легі депутат болып сайланған Құрманғазы ауданынан ғана емес, Атырау қаласының іргесіндегі ауылдардан да, Исатай, Махамбет пен Қызылқоғадан да келіп жатады.

Ресеймен шектес мекендегі Ниетбай ауыл мектебі 20 жылдық тойына шақырды. Қызмет бабымен бара алмады. Бірақ, ыстық сәлемін жолдап, сыйлыққа қос ноутбугын қосып жіберді. Қазақтың белгілі ақыны, жерлесіміз Жұмекен Нәжімеденовтің 12 томдық шығармалар жинағын шығаруға демеушілік жасады.

Алдыңғы жылғы шілдеде алыс ауылдарды аралап, сайлаушылармен кездесті. Сонда білгені – Азғыр ауылында бір-біріне жалғастыра салынған үш үйді түн ортасында от шалыпты. Беймезгіл уақытта болған өрттен адамдар аман қалғанымен, барлық дүние-мүлкі, киімдері мен құжаттары жанып кеткен. Рас, аудан басшылығы, жергілікті азаматтар жәрдем жасапты. Осы өңірдің сенімін арқалаған депутат ретінде Оразғали Төлеуғалиұлы да сырт қалмады. Өз атынан әр үйге көмек ретінде 500 мыңнан ақша ұсынды. Үш үйдің отанасы ақжарма алғыстарын жаудырды.

Оразғалидың өзі де жас кезіндебіраз қиындықты бастан кешкен жігіт. Орта мектепті бітірген соң дәнекерлеушілер курсын тәмамдап, жұмысқа араласқалы жүргенінде әскер қатарына шақырылды. Қара теңізде үш жыл болды. Содан Алматы энергетикалық институтына түсті. Ауылда бір мектепте оқыған Жібегі де  осында еді.  Мектеп  партасынан  басталған махаббат Алатаудың баурайында жалғасты. Отау тігіп, шаңырақ көтерді. Жары мен сәбиін алаңсыз асырау үшін вагоннан жүк те түсірді, қолынан келер басқа жұмыстан да қашпады. Қайткенде де, ауылдағы әке-шешесіне салмақ салмауға тырысты. Олардың кейінгі бауырларын қанаттандыруына жағдай жасады.

Оразғали Төлеуғалиұлы еліміздің біраз өңірінде еңбек етті. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында Көкшетау қаласында бу қазандықтарын орнату барысындағы қиындықтар әлі есінде. Жарықсыз, жылусыз қалған қала. Күн-түн демей жұмыс жасауға тура келді. Сонда ұжымды басқарып өзі де жүріп еді. Кейін 2000 жылдан бастап Жамбылда энергетика кешенін басқарды. Сол кезде жер сілкінуден болған зардаптарды жоюға атсалысты.

Содан 2008 жылы туған жеріне оралды. Келген бойда Атырау жылу-электр орталығының қуатын арттыруды қолға алды. Оның бұл ісін Елбасының өзі құп алып, бітер іске батасын берді. Мұнда да барлық шаруаның ортасында өзі жүреді. Әлі де солай.

Оразғали Төлеуғалиұлының тағы бір қасиеті – жұртшылық пір тұтып, табынатын жерлерге құрметпен қарауы. Жамбылда жүргенінде де осындай талай орындарды қамқорлыққа алып, басына жарық тартып берген екен. Мұнда да Оңай  ата  жатқан жерге, өзге де қасиетті орындарға қолдау көрсетті. Бекет бабаның кіндік қаны тамған Ақмешіттің трансформаторын ауыстырып беруі – баршаға істеген жақсылығы.

 Осындай мігірсіз жұмыспен жүріп депутаттық міндетін де абыроймен атқаруда. Оның жұмыс компьютерінде өзі депутат болып сайланған №19 Құрманғазы сайлау округіндегі селолардың аттары, олардағы тұрғындар саны, т.б. қажетті мәліметтер сақтаулы. Ауыл әкімдерімен де тікелей сөйлесіп отырады. Олар да  облыстық мәслихатта өзінің сенімді өкілі барына риза. Содан да болар, жұртшылық арасында «мәрт депутат» атанған жігітті құрманғазылықтар екінші рет сайлап алды.

Өткен жылдың соңында қиырдағы Қиғаш бойынан қуанышты хабар жетті. Атырау энергетикалық кешенінің 50 жылдығы және энергетиктердің төл мерекесі қарсаңында Оразғали Қаршегеновке «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Жергілікті атқарушы биліктің ұсынысын аудандық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдапты. Бұған дейін өңіріне «Құрмет» орденін таққан азаматтың бұдан басқа  алған  марапаттары де жетерлік. Абырой арқалаған деген осы да.

Жеңіс АРОНОВ,

 Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button