Алтай Көлгінов: Рақымшылыққа ілінген 461 азамат жұмысқа орналасты
Қаңтар оқиғасынан кейін рақымшылыққа ілінген 461 азамат жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасы бойынша рақымшылық жарияланған адамдардың саны – 1095. Бүгінгі таңда 461-і жұмысқа орналасты. Қалған азаматтар бойынша жұмыс жалғасып жатыр», — деді вице-премьер Мәжіліс депутаттарының сауалына орай.
Сонымен қатар ол жастарға қатысты мемлекет тарапынан кешенді іс-шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.
Мәселен, 2022 жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданды.
Аталған заң аясында жастар жасы 29-дан 35-ке дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде бұрын жастар санатына 3 млн 700 мың адам кірсе, қазір олардың саны 5 млн 700 адамды құрады.
NEET санатындағы жастардың мемлекеттік қолдау алуына мүмкіндік жасалды. Жастар тәжірибесі 1 жылға ұзартылып, жалақы 100 мың теңге болып белгіленді.
«Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қала әкімдігімен арнайы жастар үшін кешенді жоспар қабылданды. Жоспарды жастарды оқыту, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастру, біліктілігін арттыру және баспанамен қамту көзделген. Осындай жоспар барлық өңірде қабылданды. Жастарға қатысты жыл сайын жүйелі жұмыс атқарылады. Ол Үкіметтің бақылауында», — деді Алтай Көлгінов.