АЛДЫМЫЗДА БОЛАШАҒЫМЫЗДЫ ТАҢДАУ МІНДЕТІ ТҰР
Делегация құрамында Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан Патриоттар партиясының төрағасы Ғани Қасымов, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, Қазақстан Мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова, «КТК-ның» жеке хабар таратушы директоры Артур Платонов, Қазақстан Республикасы Тау-кен өнеркәсібі еңбекшілері кәсіподағының төрағасы Асылбек Нұралин, Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытжан Ертаев, Төлеген Ибраев, Нұртай Сабильянов, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, т.б. болды.
Өскемен қаласында Үлбі металлургия зауытының тантал өндірісі цехының жұмысшыларымен кездесу өтті. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасампаздық қызметінің жемістері баршаңыздың көз алдарыңызда. Олар осында – Қазақстанның шығысында да бар. Шығыс Отанымыздағы барлық инновациялық өнімнің бестен бір бөлігін береді. Бұл тағдыр сыйы емес, Елбасының аса зор еңбегінің нәтижесі. Біз шығысқазақстандықтар Мемлекет басшысын қолдаудың ең жоғары нәтижесін көрсететініне сенімдіміз» деп атап көрсетті кездесуде М.Құл-Мұхаммед.
Өз кезегінде зауыт жұмысшылары Н.Ә.Назарбаевты қолдайтындықтарын білдірді. «Зауыт жастары Мемлекет басшысының стратегиялық жоспарларын қолдайды және біз осы орасан міндеттерді жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. 26 сәуірде алдымызда аса маңызды міндет – өзіміздің болашағымызды таңдау міндеті тұр! Егер жастарымыз Елбасымызға қарап бой мен ой түзеуге ұмтылатын болса, онда Қазақстанның зор табыстарға жететіні күмәнсіз. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды қуатты, берік және өркендеген ел жасайтынына сенімдіміз!» – деді өзінің сөзінде «ҮМЗ» АҚ-ның өндіріс инженері Ринат Құдабаев.
«Сіздердің зауыттарыңыз – 65 жылдық өндірістік дәстүрі бар керемет кәсіпорын. Бүгінде мұнда шамамен 4 000 адам жұмыс істейді. Естеріңізге түсіріңіздерші, осыдан бар-жоғы 20 жыл ғана бұрын елімізде шахталар мен кәсіпорындар жабылып, еңбекақы мен зейнетақы төленбеді, жұмыс та жоқ еді. Бірақ, біз осы аса ауыр кезеңнен өтіп, қуатты елге айналдық, Отанымызда орасан зор өзгерістер жүрді. Осы жауапты, тарихи сәтте тағы да Нұрсұлтан Назарбаевқа өзіміздің қолдауымызды көрсететін уақыт келді. Біз тек Елбасымен ғана жаңа ұлы жеңістерге жетеміз!» – деп атап көрсетті Б.Байбек.
РҚШ мүшелері сапарлары барысында «Үлбі» Мәдениет үйінде болды. Сондай-ақ, Оқушылардың шығармашылық үйі мен Металлургтердің мәдениет үйіне ат басын тіреді. Шараларға мыңдаған өскемендік қатысты. Өздерінің сөздерінде олар тәуелсіздіктің 23 жылында Елбасы Қазақстанның берік іргетасын қалыптастырғанын атап көрсетті.
«Елімізде 130 ұлт пен ұлыс өмір сүрсе, тек Шығыс Қазақстан облысында олардың саны – 105! Егемен мемлекет қалыптастырудың алғашқы сәтінен Елбасы ұлтаралық бірлікті, келісім мен тұрақтылықты, экономикалық өсіп-өркендеуге негізделген қуатты да демократиялы, әлеуметтік бағдарланған мемлекет құруды ең басты басымдық ретінде қарастырып келеді. Елбасының сарабдал саясатының арқасында, ұлтымыз бен дінімізге қарамастан, біздің әрқайсымыздың дауысымыз жарқын шығады», – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Лео Шик.
Республикалық қоғамдық штабтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шығыс Қазақстан облысында 20 қоғамдық штаб құрылды. Онда 3000-нан астам сенімді өкілдер мен жас белсенділер бар.